Ішкі нарыққа арналған жеңілдіктер

Ирина Севостьянова Ирина Севостьянова
15014

Үкімет ішкі нарықта жұмыс істейтін ауыл шаруашылығы кооперативтеріне "салық жеңілдіктерін" беруге дайын.

Ішкі нарыққа арналған жеңілдіктер

Ауыл шаруашылығы кооперативі құрылымында және оның ішінде тек ішкі нарыққа жұмыс істейтін шаруа үшін арнайы салық тәртібі заңға қайта енгізілуі мүмкін. Шенеуніктердің айтуынша, бұл мәселе қазір әзірленіп жатқан салық кодексінде қарастырылып жатыр. Мұны барлық мемлекеттік орган қолдап отыр.

Еске салатын болсақ, мәселенің барлығы салық заңы шаруаларға салықтың бес түрінен 70%-ға төмендету жеңілдігін беретіндігінде болып отыр. Алайда шектеу де бар. Егер басқа да заңды тұлғалармен заңсыз жұмыстар жасалатыны белгілі болса, онда мұндай шаруаларға жеңілдік берілмейді, тіпті оларға айыппұл салынады. Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов қатысқан парламент мәжілісі отырысында депутаттар заңдағы осы қайшылыққа тоқталды. Депутат Сергей Звольский мұндай шектеу елдегі агробизнесті дамытуға кедергі болатынын, өйткені бұл шектеу ауыл шаруашылығы өндірушілеріне қандай да бір холдингтің құрамында жұмыс істеуге, инвестиция тартуға мүмкіндік бермейтінін атап өтті.

"Бір-бірімен технологиялық жағынан тізбектеліп жатқан ауыл шаруашылығы өндірісінің ерекшелігі заңды жеке кәсіпорынды құруды талап етеді. Осының нәтижесінде кәсіпкерге үлестесіп жұмыс істеуден аулақ болу үшін активтерді басқа жасырын жолмен тартуға тура келеді. Сонымен бірге салық кодексіндегі бұл жағдай бизнеске жасалып отырған қысымдардың бірі. Өйткені салық органдары мұндай заң бұзушылыққа айппұл салады да, ол кәсіпкерлік субъектісінің көп жылғы табысынан асып кетіп, оны банкрот қылуға дейін жеткізеді", – дейді депутат.

Қаржы министрі бұл сұрақтардың талқыланып жатқанын, оның ішінде бизнес-қауымдастық қарап жатқанын айтты.

"ДСҰ және ЕАЭО талаптарына сәйкес мұндай жеңілдіктер болмауы керек. Бірақ отандық тауар өндірушіні қолдаудың басқа да қосымша шараларын жасауымыз керек. Әсіресе агроөнеркәсіп кешені секторына қолдау көрсету керек. Өйткені бұл – басым сектордың бірі, мемлекет басшысы да бұл міндетті алға қойып отыр. Осыған сай жұмыс жүргізіледі. Сондықтан әзірленіп жатқан заң жобасы барысында осы нормаларды ұсынамыз", – дейді ол.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева бұл мәселе министрліктің елдегі ауыл шаруашылығы кооперацияларын дамыту жоспарында маңызды орын алып отырғанын айтып өтті.

"Ауыл шаруашылығы министрлігі депутаттардың ұсынысын қолдайды. Егер ауыл шаруашылығы кооперативтерінің өнімі экспортқа шығарылмай, ел ішінде сатылатын болса, онда біз ауыл шаруашылығы кооперативтерінің мүшесі – заңды тұлғаларға арнайы салық тәртібін қолдану бойынша шектеуді алып тастау туралы ұсынысты қолдаймыз. Біздің ойымызша, бұл өндіріспен, өсірумен айналысатын заңды тұлғаларды көптеп тартуға мүмкіндік береді", – дейді ол.

Ұлттық экономика министрлігінің салық және кеден саясаты департаментінің директоры Азамат Әмірин де бұл мәселенің белсенді талқыланып жатқанын айтты. "Қазір жаңа салық кодексін әзірлеу барысында жұмыс тобы құрылды. Бұл мәселені біз де қарастырып жатырмыз. Заң жобасына нормалар ұсынылады", – дейді ол.

Енді жауабын күтіп тұрған жалғыз сұрақ заң жобасы парламенттің қарауына қашан түседі және ауыл шаруашылығы кооперациясындағы шаруаларға үкімет қандай жеңілдіктер жасауға дайын?

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу