Әсіресе сауда желілерінің сөресіне жету қиын. Жеткен күнде де қанаушылық шарттарға көнуге мәжбүр. Оған азық-түлік ритейліндегі монополия ықпал етуде.
Сондықтан да ішкі сауданы реттейтін дербес заң керек. Әйтпесе, отандық шаруаларды импорт тұншықтырып тастауы мүмкін. "Қазақстанның азық-түлік секторының салалық одақтары Альянсы" осылай деп дабыл қағып отыр.
Импорт пен монополия – сыбайлас
Бұл тұстағы ең бірінші мәселе – еліміздегі дүкен сөрелерін импорт тауарлардың жаулап алғаны. Осылайша, олар отандық азық-түлік өндірушілерін тықсырып шыққан. Әрі оларды жолатпау үшін жиі-жиі демпинг жасап, жосықсыз бәселестік етіп отыр. Ал азық-түлік ритейліндегі сауда желілері болса, монополиялық әлеуетін пайдаланып, түрлі сылтаумен қазақстандық өндірушілерді дүкендерінің сөрелеріне жібермейді екен.
"Қазақстанда 2 ғана алпауыт сауда желісі бар. Қай өңірде болмасын сол екеуінің біреу азық-түлік ритейлін монополиялап алған боп шығады. Осы басымдығын пайдаланып жергілікті өндірушілермен өте тиімсіз, тіпті қанаушылық сипаттағы келісім-шарттар жасайды. Бір сөзбен айтқанда, бізде мемлекет тарапынан ішкі азық-түлік нарығын реттеу әлсіз, әсіресе нарықты қорғау механизмі жоқ. Импортерлерге Қазақстан аумағына кірген кезінде тиісінше қадағалау жүргізілмейді. Олардың өткізіп отырған өнімдерінің сапасына, қоймаларының бар-жоқтығына, сақтау және тасымалдау талаптарының сақталуына тексеру тұрақты түрде жасалмайды. Ішкі нарық контрабанда, жалған көшірме, фальсификат пен суррогат өнімдерден қорғалмаған. Импорттаушылар мезгіл-мезгіл демпинг жасап, отандық өнімдерді нарықтан шығарып тастап отырады. Тауарлар мен импортерлердің ортақ базасы жоқ. Сол сияқты кеден қызметі мен Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің арасында өзара байланыс жоқ", - дейді "Қазақстанның азық-түлік секторының салалық одақтары Альянсының" үйлестірушісі Андрей Кукушкин.
Альянс мүшелерінің айтуынша, сауда желілері жекелеген тауар санаттары бойынша 40%-ға дейін "ретробонустарын" тықпалайды екен. Ең ашынтатыны да осы.
Мәселен, "Сауда қызметтін реттеу туралы" Заңның 31 бабында әлеуметтік маңызы бар тауарларға ретробонус қосуға болмайды делінген, ал қалған санаттағыларға ол 5%-дан аспауы қажет. Бірақ, бұл талап сақталып отырған жоқ. Әдеттегідей елімізде заң жұмыс істемейді. Ал оның түптеп келгенде бағаға әсер ететіні екібастан.
"Ретробонустардың нақты анықтамалығы жоқ, тек сауда желісіндегі тауарды өткізуге бағытталған кез-келген қызмет түрінен алынатыны айталған. Сондықтан да оны мәлімет берген үшін, қоймаға қабылдаған үшін, жарнама жасаған үшін деп жөн-жосықсыз ала береді. Енді мұнысы аздай Сауда және интеграция министрлігі ретробонустардың көлемін көбейту керек деп бастама көтеруде. Оны қалай түсінуге болады? Керісінше, барлық алым-төлемдерді жойып, тек сауда бәсіндегі үстеме ақыны қалдырып, бизнестегі тараптар тең дәрежеде ынтымақтаса алатындай жағдай жасау керек емес пе?", - дейді "Қазақстанның ет өңдеуші кәсіпорындары ассоциациясының" атқарушы директор орынбасары Юлия Нам.
Онысымен қоймай сауда желілері өз бетінше айыппұл салады екен, соның ішінде отандық өндіруші келісім-шартты бұзуға талаптанған жағдайда да сөйтеді. Көп жағдайда түрлі сылтау айтып қазақстандық тауарды алмай қояды, алған жағдайда да өткен тауардың ақшасын бір жылға дейін бермей жүріп алады. Жеңілдіктер мен акцияларды өзіне кіріптар кәсіпкерлердің есебінен жүргізеді.
Сөрелерде отандық тауарларды бірінші көзге түсетін жерлерге қоймайды. Ал саудада тұрған өнімдерді еш негізсіз қайтарып жібереді. Көп ретте импорт тауарлардың демпингіне жол береді. Тоқ етері, Қазақстанның азық-түлік ритейлінде импорт пен монополия – сыбайлас екені, ал отандық кәсіпкерлердің қаналып жатқаны көзге ұрып тұр.
Заң жобасы тоз-тоз бола ма?
Осы тұста қордаланған проблемаларды кешенді түрде шешу үшін Альянс өз алдына бөлек толыққанды заң жобасын дайындап шыққан екен. "Кейбір заңнамалық актілерге сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" деп аталатын құжатта түрлі бағыттағы 40 пунктке жуық түзетулер ұсынылған.
Мақсат – бірінші кезекте қазақстандық азық-түлік өнімдерін ішкі бөлшек саудасында өткізу үшін қолайлы жағдай жасау. Онысын Мәжіліс депутаттары қолдаған, бірақ, мемлекеттік органдар сол күйінде өткізбей отыр. Олар - бірінші кезекте СИМ, АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті, ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті.
"Талқылау барысында Парламентте біз айтып отырған проблемалар қарастырылған бірнеше заң жобасы талқыланып жатқаны анықталды. Сол себеп мемлекеттік органдар өз алдына бөлек заң керек емес деп, ұсыныс-талаптарымызды сол заң жобаларына енгізуді ұсынды. Олар - "Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы" және "Ветенария туралы" заң жобалары. Бірақ азық-түлік секторындағы өндірушілер үшін дербес заң қажет. Нарықтағы қарым-қатынаста, әсіресе қазақстандық сауда желілерінде өнімді өткізу үдерісін адал әрі әділ болуға тиіс. Біз ұсынған құжат нормалары осыған бағытталған. Мақсат - отандық өндірушілердің мүддесін қорғау", - дейді Қазақстан Сүт одағының директоры Владимир Кожевников.
Оның айтуынша, мемлекеттік органдар мен сауда желіліері тарапынан қарсылық қатты көрінеді. Кейбір ұсыныстар қабылданғанымен, кейбірі қабылданбай жатыр. Ал салалық одақтар Алянсы өз ұсыныстарын басы бүтін қабылдауды талап етуде. Десе де, жұмыс тобына мүше Мәжіліс депутаттарының ақыл-кеңесімен аталған заң жобаларына да ұсыныстарын бөліп-бөліп жолдауда. Бір сөзбен айтқанда теке-тірес қатты болып тұр.
"Елдегі бөлшек саудадағы сауда желілерінің үлесі 30% құрайды. Алматы, Шымкент, Астана сияқты мегополистерде бұл көрсеткіш 50-60%. Еліміздің өңірлерінде бөлшек сауданың басым үлесі дәстүрлі сауда мен жәрмеңкелерге тиесілі. Өңірлердегі сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменттер жүргізген мониторинг нәтижесіне сай сауда желілеріндегі отандық өнімнің үлесі 50%-дан асады", - дейді Сауда және интеграция министрлігі онлайн ұйымдастырған бір жиында "Сауда желілері одағы" төрағасының орынбасары Ерлан Жайлаубай.
"Сауда желілері одағына" салсаң "Қазақстанда жасалған" тауарлар теперіш көріп отырған жоқ-мыс. Сол сияқты қос алпауыт өкілдері де өздеріне шаң жуытпай отыр. "Magnum Cash&Carry" желісінің өкілі Евгений Жылников өз сауда нысанында ассортиментке жауапты бөлім бар екенін, ондағы квота бойынша өнімнің 85%-ы Қазақстанда жасалғанын айтса, "Small Skif" сауда желісінің өкілі Светослав Латинин отандық тауар өндірушілерге айрықша талаптар қоймайтынын, сауда сөрелеріне кіруге ешқандай кедергі жоқ екенін, ал тауар өндіруші, жеткізуші және сауда желісі арасында келісім-шарт жасасу орта есеппен 2 аптаға созылатынын жеткізді. Десе де сол жиында отырған кәсіпкерлердің пікірі мүлдем кереғар.
"Біз Шымкентте трикотаж өнім шығарамыз. Біздің өнімдеріміз "Small" сауда желісінде бар. Алайда "Magnum" сауда желісімен 2021 жылдан бері келісім-шарт жасай алмай келеміз. Түрлі сылтау айтып, келісім-шарт жасасудан негізсіз бас тартады", - деді кәсіпкер Нұртас Жаллаладдин.
Бұл ретте СИМ Сауда комитеті төраға орынбасары Ернұр Бөкенбайұлы сауда заңнамасын бұзған, отандық өнім өндірушілерге басымдық бергісі келмейтін сауда желілеріне Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 201 бабы бойынша әкімшілік шара қолданатынын жеткізді.
Айтуынша, Сауда комитетінің Маңғыстаудағы департаменті бір кәсіпкердің отандық өнімін сауда сөресіне қоюдан негізсіз бас тартқан сауда желісін сот арқылы әкімшілік жауапкершілікке тартып, айыппұл салған екен. Бірақ бір айыппұлмен мәселе шешілмейтініне көз жетіп тұр. Оның ішінде де азық-түлікке қатысты ахуалды қолға алатын кез келді.
"Бүгінгі таңда талқылау жалғасуда, біз барлық ұсыныстарымызды қорғап шығатын боламыз. Мақсатымыз – дүкен сөрелерінде қазақстандық азық-түлік өнімдерінің көбейе түскені. Ал әзірге жағдай соншалықты жақсы деуге болмайды. Біздің әріптестеріміз жылдан жылға отандық азық-түлік өнімдерінің ішкі саудада азайып бара жатқанын айтып отыр. Оның себебі - импортты сатқан тиімді, көп пайда түседі. Бірақ, бұл жерде мәселе азық-түлік қауіпсіздігінде екенін ұмытпауымыз керек. Сондықтан да күн тәртібінде ол бірінші тұруға тиіс. Осы ретте импорт тауарлары бізге инфляцияны да импорттайтынын ескерген жөн. Мәселен, шетелде азық-түлік қымбаттаса, ол бізде де қымбаттайды деген сөз. Кез-келген экономиканың өзегі – отандық өндіріс дейтін болсақ, біз елімізде азық-түлік өндірісінің әділетті орынын тауып, қуатты түрде дамығанын қалаймыз", - дейді "Қазақстан құс шаруашылығы одағының" президенті Руслан Шарипов.
Ендеше, сауда мен өндіріс мүддесі таразы басына түскен кезде мемлекет отандық өндірушіні қолауға тиіс. Өйткені сауда саласы импорт тауармен болса да кез-келген дағдарыстан шыға алады, ал өндірістің аяғынан нық тұрып кетуі үшін қыруар қаражат пен көп күш керек. Мұнда экономикалық егемендік мәселесі жатыр. Демек, заң жобасы озып шыға ма әлде тоз-тозы шыға ма, оны уақыт көрсетеді. Ал отандық өндірушілерді қорғау Мәжіліс депутаттарына сын.
Ұсыныс үдесі – ұлттың мүддесі
Альянс ұсынатын заң жобасындағы ұсыныстар легі мынадай. Бірінші кезекте елімізде монополияны айқындау әдістемесі шикі, соны түзеу қажет. Министрліктер мен сауда желілері қанша жерден жоққа шығарғанымен, жағдай шынымен де аянышты.
"Бәрінен сорақысы мемлекет алпауыт сауда желілерін монополист деп танымай отырғаны. Мәселен, Бәсекелстікті қорғау және дамыту агенттігі (БҚДА) еліміздің қай өңірінде болмасын сауда алаңдары, соның ішінде базар, қонақ үй, мейрамхана, шағын сауда орындары мен отын құю станциялары сияқты және тағы да басқа бизнес нысандарын қоса алғандағы желі құрау үлесі 30%-дан аспайды, ендеше монополия да жоқ деп санайды. Олай топшылау қате. Сауда желілерін бөлек қарастыру қажет. Өйткені, 70% азық-түлік солар арқылы саудаланады. Тек қана А, В және С форматындағы бөлшек сауданы санайтын болсақ, монополиялық сипаттар анық көрінеді. Қазақстанда 2 ғана алпауыт сауда желісі бар. Егер, Еуропадағыдай 5-6 сауда желісі болса, біреуі болмаса біреуін таңдауға болар еді. Бізде олай емес, жергілікті өндірушілер нарықтан кетпеу үшін солардың қанаушылық шарттарына көнуге мәжбүр. Сондықтан да бізге әдістемені өзгерту керек. Мемлекет оларды монополист деп танып, арнайы реттеуге алуға тиіс", - дейді "Қазақстанның азық-түлік секторының салалық одақтары Альянсының" үйлестірушісі Андрей Кукушкин.
Одан бөлек заңнамадан өндірушілер тарапынан сауда желілеріне төленетін ретробонустар, өзгедей де түрлі бонустар, аты бар да заты жоқ "қосымша қызметтер" түріндегі "марапат" деген ұғымды алып тастау қажет, тек қана "сауда үстемақысы" деген ұғымды қалдырған дұрыс.
Сауда желілерінің отандық өндірушілерден тауарын сатып алатын бағасына жеңілдік жасауды талап етуге, акциялар өткізуге мәжбүрлеуге тыйым салуға хақысы жоқ. Кәсіпкердің тауарының ақшасын 30 күннің ішінде беруді заң жүзінде бекіту керек. А, В, С форматындағы сауда нысандарында қазақстандық өнімді дүкен сөрелерінің көрінетін, өтетін жерлеріне қою қажет. Тауарлардың үлесі 60%-дан кем болмауға тиіс. Импорт тауарларды бағасын төмендетіп сатуға, яки демпингке мүлдем тыйым салған жөн.
"Азық-түлік өнімін импорттаушыларға еліміздің тиісті органдарында қосымша тіркеуден өтуін заң жүзінде міндеттеу қажет. Оның ішінде де Қазақстан Республикасының аумағында заңды тұлға түрінде өкілдігі бар, ресми мекен жайы, жеткізу желісі мен сақтау орындары бар импортерлерді ғана тіркеу қажет. Елімізге әкелініп жатқан импорт өнімдердің үстінен қадағалау жүргізу заңмен бекітілген ереже бойынша жүзеге асуы тиіс. Яки, импортер жергілікті сауда басқармасы мен сапаны қадағалау органында тіркеуде тұруы керек. Импортердің азық-түлік өнімін сақтау мен тасымалдауда барлық талаптарды сақтауын міндеттеу және қадағалау қажет. Өкілетті органдар мен СЭҚ қызметтерін барлық азық-түлік өндірушілерін, соның ішінде имортерлерге баса назар аудара отырып, тұрақты түрде тәуелсіз қадағалау жүргізуге міндеттеу керек", - дейді "Қазақстанның ет өңдеуші кәсіпорындары ассоциациясының" атқарушы директор орынбасары Юлия Нам.
Қанау түбі - қымбатшылық
Расында да Қазақстанда азық-түлік импорты жылдан жылға артып келеді. Мәселен, ол 2016 жылы - $2,6 млрд, 2018 жылы – $3,3 млрд, 2021 жылы $4,0 млрд болған. Былтыр 5,9 млрд АҚШ долларына азық-түлік өнімдерін импорттаған болсақ, биылғы жарты жылда ол $2,4 млрдты құрапты. Шұжықтар мен сүт өнімдерінің басым бөлігін, қантты 95%, консервіленген жеміс-жидек пен көкөністерді солайымен сырттан тасып отырмыз. Бұл тұста ең үлкен импортер Ресей (43%) екені айтпаса да түсінікті. Екінші орында Қытай (7%), үшінші орында Өзбекстан (5%) тұр. Оның сыртында Испания, Белоруссия, Түркия, Польша, Италия, Германия, Франция, Грузия, Индия тағы бар. Бұл ұсақ-түйектерін қоспағанда. Бір сөзбен импорт тауарлар легі отандық азық-түлік өндірушілерді жылдан жылға тықсырып, тіпті тұншықтырып барады. Сапасы мен ассортименті жағынан біздің өнімдер шетелдіктермен бәсекелесе алғанымен, бағасы жағынан еңсере алмай тұрмыз.
Осы ретте атай кетер бір жайт, ақшалай өсім бар болғанымен импорт тауарларының нақты көлемі жыл сайын 3,5-3,6 миллион тонна төңірегінде сақталып қалып отыр. Бұл олардың бағасының еселеп қымбаттап жатқанын білдіреді. Ендеше, түпкі ауыртпалық қарапайым тұтынушының, яки сіз бен біздің қалтамызға түсіп жатыр деген сөз.
Енді ішкі өндіріске келсек, соңғы екі жылда отандық азық-түлік өндірісі 40%-ға өсіп, 3 триллион теңгеден сәл ғана астам соманы құрады. Жалпы алғанда, Қазақстан барлық дерлік әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қажеттілікті қамтамасыз ете алып отыр. Тек ірімшік түрлерінің импорт үлесі 50%-ды, құс еті импорты 35%-ды құрайды.
Жаңа айтқандай, қант пен сары майды сырттан алдырып отырмыз. Қазақстан өзі тұтынатын ұннан 2,5 есе көп өндіреді. Барлық артық өнім сыртқы нарыққа шығарылады. Көкөніс өнімдеріне сұраныстың 90%-ын қамтамасыз етіп отырмыз, қалғаны көршілес елдердің импортымен алмастырылады.
Десе де бұл жерде экспортта да проблема бар. Тығырықтан шығудың бір жолы ретінде қазақстандық азық-түлік өндірушілер ішкі нарықты қамтитын әлеуеті бола тұра, өнімдерін сыртқа жөнелткенді құп көреді. Өйткені,тауарын өткізетін нарық іздейтіні белгілі.
Осылайша, агрессивті экспортқа жол береді. Бұл енді бөлек мақаланың тақырыбы. Сондықтан алдағы 3-5 жылда жағдайды түзеп алмасақ, берісі азық-түлік, әрісі ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төнбек. Экономикалық қатынастарда қанаушылыққа жол беруге болмайды. Өйткені, қанау түбі қашан да қымбатшылыққа алып келеді.