Ішкі туризмді дамыту шаралары

Ішкі туризмге сұраныс артып келеді, соған қарамастан саяхат саласы 70-80% шығынға батуы мүмкін.  

Ішкі туризмді дамыту шаралары

ҚР МСМ Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков туризм саласын мемлекеттік қолдауға қатысты брифингті жақсы жаңалықпен бастады. Ол пандемияға байланысты ішкі демалыс нысандарына сұраныс арта бастағанын тілге тиек етіп, биылғы жылы сұранысқа ие бағыттарды атады.  

"Биылғы жылы ішкі туризмге сұраныстың арта түскенін байқап отырмыз. Жалпы бағыттар өзгермейді. Алакөл, Каспий, Балқаш, Алматы тау кластері мен Баянауыл, Имантау-Шалқар курорттық аймақтарына қызығушылық таныта бастағандар көп. Сонымен қатар Түркістан мен Тараз қалаларына тарихи-мәдени саяхатқа шыққысы келетіндердің саны артты. Ұлытаудың да потенциалы артып келеді", – дейді Дастан Рыспеков.

Әйтсе де сектордағы жақсы жаңалықтарды шынайы статистика алмастарды.

"Біздің есептеуіміз бойынша еліміз бен шетелге саяхат жасауға шектеу қойылғанының нәтижесінде, биылғы жылы туризм саласы 70-80% шығын шегеді", – деп топшылаған спикер  тығырықтан шығу үшін арнайы заң жобасы әзірленіп, Мәжілісте қаралып жатқанын айтты.

"Онда әр туристің шығыны үшін туроператорларға субсидия бөлу мәселесі жазылған. Сонымен қатар ішкі маршруттар бойынша балалар үшін әуе билеттері құнының 100%-ын өтеу қарастырылуда. Туристік нысан салу, жөндеу, жарақтандыру бойынша жеке бизнеске салынған инвестицияның 10%-ы, тау шаңғы жабдықтарын алу шығындарының 25%-ын өтеу мәселесі де бар", – деді Дастан Рыспеков.

Бұдан бөлек бұл заң жобасында жол жағасында орналасатын қызмет көрсету нысандарын салу шығынының 25%-ын өтеу, санитарлық-гигиеналық тораптарды күтіп ұстауға 30 АЕК (83, 3 мың теңге) бөлу қарастырылған.

"Осы шаралардың нәтижесінде туристік нысандар мен саяхатшыларды орналастыратын орындар саны артады деп күтілуде. Бұл 2025 жылы 3 млн шетелдік, 8 млн қазақстандық туристі қабылдауға мүмкіндік береді", – деді ведомство басшысы.

Бұған қарамастан инфекция, пандемия нәтижесі демалысын асыға күткендердің жоспарларына өзгеріс енгізді. Енді жайбарақат күнге қыздырынып, емін-еркін суда шомылатындар арнайы алгорим бойынша жүреді. Санитарлық талаптарды сақтамаған саяхатшы да, қызмет көрсетуші де жазаланады.

"Қазіргі кезде Денсаулық сақтау министрлігі туристік аймақтар мен жағажайларда демалудың арныйы алгоритімін әзірлеуде. Оған шезлонгтардың ара қашықтығы, қауыздарда шомылу талаптары кіреді. 5-6 күннің ішінде бұл алгоритмді аламыз деп ойлаймын", – деген Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков қонақүйлерден туристер мен қызметкерлерді бөлек көлікпен тасымалдау сынды талаптар күшіне ене бастағанын атап өтті.

"Орналастыру аймақтарында үстелдің ара қашықтығына байланысты нақты талаптар бар. Сондай-ақ қызметкерлерге арнайы бөлінген орыннан басқа жерлерде тамақтануға тиым салынған. Барлық демалыс аймақтарында санитайзерлер орнатылады", – деді ол.

Ал "Kazakh Tourism" ҰК АҚ төрағасы Ержан Еркінбаев туристік нысандар сапасын бағалау жүйесі енгізілетінін мәлім етті. Онда 2008 жылдан бері жаңартылмаған келушілерді қонақүйлерге орналастыру стандарттарынан бастап, қызмет көрсету сапасына дейін қарастырылады.

"Биыл халықаралық тәжірибеге сәйкес қызмет көрсету сапасын бағалаудың ең үздік нұсқаларын зерттеу жоспарланған. Соңғы рет сахатшыларды қонақүйлерге орналастыру стандарттары 2008 жылы өзгертілген. Ол бүгінгі талаптарға сәйкес келмейді. Нәтижесінде қызмет көрсету сапасы төмен", – деген Ержан Еркінбаев туризмнің сапасын бағалаудың үздік тәжірибесін Қытай мен Испаниядан алуға болатынын айтады.

"Биылғы жылы "Kazakh Tourism" зерттеу жүргізіп, бізге ең ыңғайлы жүйені таңдайды.Тек саяхатшыларды жайғастыру сапасы емес, ұлттық парктер және өзге нысандарда қызмет көрсету сапасы бағаланады", – деді ол.    

Туризм өкілдері айтқан жаңалықтың тағы бірі  озат оқушылар туристік аймақтарға саяхаттайды. "Kazakh Tourism" басшысының айтуынша, олард қыдыртудың негізгі бағыты Нұр-Сұлтандағы ЭКСПО алаңы.

"Оқушылардың үшінші тоқсанның бір бөлігі мен төртінші тоқсанда үйде отырғанын ескеріп, біз озат атанғандарына Нұр-Сұлтанда арнайы сабақ ұйымдастыруды ұйғардық. ЭКСПО алаңында бірнеше пәннен мұндай сабақтар ұйымдастыруға болатынын білесіздер. Сонымен қатар оларды еліміздің ұлттық табиғи саябақтары, Алматы зообағында, Түркістан мен Тараздың тарихи-мәдени кешендері мен Абайдың туған жеріне алып бару қарастырылуда", – деді Ержан Еркінбаев.

 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу