Ислам Әбішев: Сотталып кетсем де, бар шындықты айтамын

6018

Танымал адвокат бұрынғы шендінің жазықсыз жаза тартып отырғанын мәлімдеді. 

Ислам Әбішев: Сотталып кетсем де, бар шындықты айтамын

Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің бұрынғы басшысы Ислам Әбішев наурыз айында "60 миллион теңге пара алды" деген күдікке ілігіп, қазіргі уақытта тергеу абақтысында отыр. Ислам Әбішевтің адвокаты Абзал Құспан Нұр-Сұлтан қаласында баспасөз конференциясын өткізіп, клиентінің тағылған айыппен келіспейтіндігін мәлімдеді.

Қорғаушы тергеушілердің алты айдан бері Ислам Әбішевтің қылмысқа қатысын дәлелдейтін ешбір айғақ таппағанын мәлімдеді.

"Ислам Әбішев "үш жүз миллиард теңге үнемдеді, бір триллион теңге үнемдеді" деген сөздер айтылып келеді. Шын мәнінде, Әбішев біреулердің жымқыру үшін дайындап қойған ақшасын ұрлауға жол бермеді. Үш жүз миллиард теңге қанша екенін түсіндірейін, ол – жабдықталған 300 мектеп немесе 200 ауырухана салуға жететін қаражат. Ал триллион қанша ақша екенін елестетіп көріңіздерші. Осыншама қаражаттың қолды болуына қарсы шыққан Ислам Әбішев зейнетке шығуына екі ай қалғанда жала жабылып қамауға алынды. ҚР Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі сол кезде "60 миллион теңгеден астам пара алды деген күдікпен қамауға алынды" деп мәлімдеді. Шын мәнінде ол кісі пара алу сәтінде ұсталған жоқ, өйткені пара алған жоқ. Ол тек "пара алғысы келді" деген жаланың құрбаны болып отыр",- деді Ислам Әбішевтің адвокаты.

Адвокат миллиардттаған теңгенің үнемделуі оқиғасын айтып берді.

"Ислам Әбішев 2012 жылы қызметіне тағайындала салысымен Астана су қоймасы реконструкциясына бөлінген 31 млрд қаржыны тексеріп қараған кезде, 29 миллиарды негізсіз бөлінгенін анықтаған. Артынша осы артық ақшаны кесіп тастап, бюджетке кері қайтарады. Тіптен, бір жоба бойынша Ислам Әбішевке екі млрд теңге пара ұсынғандар болған екен, бірақ ол бәрінен бас тартқан. Осындай азамат "60 млн теңге пара алуға оқталды" деген айыппен тергеу абақтысында жатыр",- деді адвокат.

Сот кезінде осы атышулы істің артында қандай лауазымды тұлға тұрғанын Ислам Әбішевтің ашық мәлімдейтінін адвокаты хабарлады.

Қорғаушы қазіргі таңда тергеу аяқталып, ісі сотқа жолданғалы жатқанын, Ислам Әбішевтің "сотталып кетсем де, бар шындықты айтып кетем" деп отырғанын айтты. "Сот ашық болады деп сенемін, жабық жағдайда өткізуге ешқандай негіз жоқ. Ислам Әлмаханұлы сот кезінде осы істің артында кім тұрғанын, қандай лауазымды тұлғалардың қатысы бар екенін, бұл істің түп төркіні қайда жатқанын ашық жариялайды. Іс бойынша ешқандай дәлел жоқ. Егер осы айып бойынша сотталатын болса, он жылдан астам уақытқа жаза күтіп тұр",- деді қорғаушы.

Сонымен қатар, адвокат клиентінің туыстарының үйінде түнгі уақытта тінту жүргізілгенін де жеткізді.

"Кеше, 11 қыркүйек күні түнгі 22.00-ден 02.00-ге дейін Ислам Әбішевтің Нұр-Сұлтандағы, Шымкенттегі туыстарының үйінде тінту жүргізілгеніне біз – адвокаттар куә болдық",- деді Абзал Құспан.

 Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу