Ислам даму банкі еліміздегі арнайы экономикалық аймақ инфрақұрылымына 1,3 млрд доллар бөледі

273

Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады. 

Ислам даму банкі еліміздегі арнайы экономикалық аймақ инфрақұрылымына 1,3 млрд доллар бөледі Фото: Құрылыс және өнеркәсіп министрлігі

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Джидда қаласына (Сауд Арабиясы) жұмыс сапары аясында Ислам даму банкінің президенті Мұхаммед Сулейман әл-Джассермен кездесті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Келіссөздер барысында тараптар Қазақстанның қаржы институттары мен Ислам даму банкі ынтымақтастығының қазіргі жай-күйін, келешегін, сондай-ақ экономиканың басым секторларындағы инвестициялық өзара іс-қимылды кеңейту, оның ішінде өнеркәсіптік инфрақұрылымды және инженерлік желілерді жаңғырту мәселелерін талқылады. Осы ретте елдің тұрақты дамуы мен инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ерекше назар аударылды.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің хабарлауынша, кездесу қорытындысы бойынша Ислам даму банкі мен Өнеркәсіпті дамыту қоры арасында АЭА және ИА инфрақұрылымы құрылысы мен жаңғырту ісін қаржыландыру үшін 1,3 млрд АҚШ доллары көлемінде қаражат тарту жөніндегі негіздемелік келісімге, сондай-ақ ИДБ мен Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі арасындағы 1,3 млн АҚШ доллары мөлшерінде техникалық көмекке грант беру туралы келісімге қол қойылды.

"Қол қойылған құжаттар аймақтардың инфрақұрылымын жаңғырту үшін қаржылық және институционалдық берік негіз қалыптастырады және Қазақстан мен Ислам даму банкі арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтудағы маңызды қадам саналады", – деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.

Айта кету керек, Ислам даму банкінің гранттық қолдауы АЭА басқару тетіктерін жетілдіруге, процестерді цифрландыруға, әкімшілендірудің заманауи стандарттарын енгізуге, сондай-ақ басқарушы компаниялардың кәсіби құзыреттерін арттыруға бағытталады. Осы шараларды іске асыру инвестицияларды тартуға және экспортқа негізделген өндірістерді дамытуға бағдарланған аймақтар жұмыс істеуінің неғұрлым ашық және тиімді моделін құруға мүмкіндік береді.

Естеріңізге сала кетейік, 2026 жылғы 10 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үш ай ішінде арнайы экономикалық аймақтарды дамытудың жаңа моделін бекітуді тапсырып, олардың әлеуетін толыққанды пайдалану қажеттігін айтқан. Осы орайда Мемлекет басшысы арнайы экономикалық аймақтар заманауи реттеуші нормалар, жаңа құралдар мен сервистік шешімдер қолданылатын, кейіннен ұлттық деңгейдегі толыққанды инвестициялық платформаға айналуға тиіс екенін атап өткен болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу