Ислам даму банкі Қазақстанда су шаруашылығы жобаларына гранттар мен қаржы бөледі

1690

Ислам даму банкі – әлемдегі ең белсенді көпжақты даму банктерінің бірі және исламдық қаржы саласындағы көшбасшы. 

Ислам даму банкі Қазақстанда су шаруашылығы жобаларына гранттар мен қаржы бөледі Фото: Үкімет

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров жұмыс сапарымен Сауд Арабиясына барды. Онда осы күндері Ислам даму банкінің (ИДБ) жыл сайынғы отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz cайты.

Нұрлан Байбазаров Қазақстаннан басқарушы ретінде ИДБ тобының президенті Мұхаммед Әл-Джассермен, сондай-ақ инвестициялар мен экспорттық кредиттерді сақтандыру жөніндегі Ислам корпорациясының (ICIEC) бас атқарушы директоры Усама Каиссимен кездесулер өткізді.

Ислам даму банкі – әлемдегі ең белсенді көпжақты даму банктерінің бірі және исламдық қаржы саласындағы көшбасшы. ААА деңгейіндегі рейтингтерімен ИДБ әлем бойынша қатысушы елдердің әлеуметтік және экономикалық дамуын алға тартуда.

Мұхаммед Әл-Джассермен өткен кездесудің басты тақырыбы Қазақстанның су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту жобаларын қаржыландыру болды, бұл биылғы бұрын-соңды болмаған су тасқынына байланысты Үкіметтің басым міндеті болып табылады.

Еліміздің су-ресурстық әлеуетін сақтау мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында су қоймаларын, гидротехникалық құрылыстарды, ирригациялық жүйелерді салу әрі реконструкциялау, су үнемдеу технологияларын цифрландыру және енгізу бойынша бірқатар шұғыл шараларды іске асыру қарастырылып жатыр.

Келіссөздер қорытындысы бойынша ИДБ тобының ауқымды инвестицияларын ҚР су саласының жобаларына бағыттау, сондай-ақ жобалардың техникалық құрамдас бөлігін дайындауға гранттар бөлу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Алғашқы транштар биыл жүзеге асырылмақ.

ICIEC-пен келіссөздер аясында "Бәйтерек" холдингінің ұйымдарымен – KazakhExport экспорттық-кредиттік агенттігімен және Қазақстанның даму банкімен қайта сақтандыру, сақтандыру әрі кепілдік беру жөніндегі ынтымақтастық туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді. Компаниялар ICIEC-пен көлік инфрақұрылымы, сауданы қаржыландыру, сонымен қатар инвестицияларды сақтандыру саласында бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделі.

Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасы 1995 жылы Ислам даму банкінің мүшесі болды. Осы кезеңде ИДБ тобының қатысуымен республикада жалпы сомасы шамамен $1,8 млрд құрайтын 67 жоба іске асырылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу