Ислам ойындарында 14 - орынға ие болдық

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
4586

Бакуде өткен ІV Ислам ынтымақтастығы ойындарында Қазақстан спортшылары 19 медаль жеңіп алды.

Ислам ойындарында 14 - орынға ие болдық

ІV Ислам ынтымақтастығы ойындары Әзербайжан астанасы Бакуде өтті. Оған 54 елден үш жарым мыңға жуық спортшы қатысты. Олар 21 спорттың түрінен 262 медаль жиынтығын сарапқа салды. Осы ретте айта кетейік, бұлардың 18-і – Олимпиада ойындары бағдарламасына кіретін спорт түрлері. Қазақстан Бакудегі дүбірлі додаға шағын құраммен ғана қатысты. Нақтырақ айтқанда, бес спорттың түрінен 32 спортшыны үкілеп қосты. Біздің сайыпқырандарымыз бокс, дзюдо, таэквондо, еркін күрес және әйелдер күресінен сынға түсті.

Біздің ел төрт жылда бір рет өтетін Ислам ойындарында осымен екінші рет қана бақ сынады. 2005 жылы Эр-Риядда (Сауд Арабиясы) өткен алғашқы кешенді додаға шағын құраммен қатысқан болатын. Одан кейін Қазақстан спортшылары әртүрлі себептермен қатыса алмады.

Ерекше атап өтерлігі, мұсылман елдері арасындағы төртінші ынтымақтастық ойындарына көптеген елдер ең үздік спортшыларын апарды. Жалпы командалық есепте алғашқы ондықа іліккен мемлекеттер бетке ұстар дүлдүлдерін үкілеп қосты. Ал біздің басшылар мен бапкерлеріміз негізінен ұлттық құрамадағы екінші-үшінші нөмірлі қыз-жігіттерімізді апарды. Әйтсе де, олар сенімді ақтап, 19 медаль олжалады.

Егер Қазақстан құрамасының қыз-жігіттері де ІV Ислам ойындары бағдарламасындағы 21 спорттың барлығында бақ сынағанда көшбасшылармен тайталасып, алғашқы үштікке ілігер де едік. Дегенмен, біздің делегация шағын құраммен де намысты қолдан бермей, көпшілікті таң қалдырып қайтты. 

ІV Ислам ынтымақтастығы ойындарында жүлдеге іліккен спортшыларымыз:

Алтын

Азат Махметов (бокс, 52 келі),

Тұрсынбай Құлахмет (бокс, 75 келі);
 

Күміс

Жәмиля Бақбергенова (әйелдер күресі),

Айнұр Есбергенова (таэквондо),

Әлімжан Серікбаев (таэквондо),

Жандос Исмаилов (еркін күрес),

Дәулет Шабанбай (еркін күрес);
 

Қола

Айгүль Нұралым (әйелдер күресі),

Зарина Күнәнғараева (әйелдер күресі),

Жансель Дениз (таеквондо),

Гүлдана Әлмұханбетова (дзюдо),

Еламан Ерғалиев (дзюдо),

Сұлтан Зауырбек (бокс),

Қуан Қуатов (бокс),

Илья Очкин (бокс),

Ілияс Жұмай (еркін күрес),

Болат Сакаев (еркін күрес),

Мамед Ибрагимов (еркін күрес),

Әділет Давлумбаев (еркін күрес).

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу