Жүзуден Қазақстан әйелдер құрамасының өкілі Софья Сподаренко Эр-Риядта (Сауд Арабиясы) өтіп жатқан Ислам ынтымақтастығы ойындарында топ жарды. Қазақстандық суда жүзуші 100 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде үздік шықты. Ол қашықтықты 1:01.66 уақытта жүзіп өтті.
Түркия өкілі Дефне Таниг екінші орынға ие болды – 1:02.05. Ал оның отандасы Сехер Кая үздік үштікті түйіндеді – 1:02.42.
Әділбек Мусин дәл осы қашықтықта ерлер арасында күміс медаль иегері атанды. Ал алтынды өзбекстандық Эльдорбек Усмонов жеңіп алды.
Қазақстанның ерлер командасы да күміс жүлдеге қол жеткізді. Эстафетаның 4×100 метр еркін жүзу түрінде Әділбек Мусин, Ғалымжан Балабек, Айбат Мырзамұратов және Глеб Коваленя екінші орынды иеленді. Бұл сайыста Түркия жеңімпаз атанса, Өзбекстан үшінші орынға ие болды.