Григорий Бабаян жетекшілік ететін "Астана" футбол клубының жаңа бапкерлер штабы бұған дейін негізгі командадан шеттетілген жартылай қорғаушы Исламбек Қуаттың болашағына қатысты шешім қабылдады.
Қазақстан құрамасының вице-капитаны "Астананың" негізгі құрамына оралады деп күтілуде. 2 қазанда ел чемпионатының 21-ші туры аясында "Тұранға" қарсы өтетін матчта Қуат команданың өтініміне енетін болады. Жаттықтырушылар штабы тәжірибелі жартылай қорғаушы командаға көмектеседі деп болжауда. Маусымның финалдық кезеңінде "Астана" чемпиондық пен Қазақстан кубогі үшін күреседі.
Еске салайық, Қуат биыл сәуір айында "Астананың" қосалқы командасына жіберілген болатын. "Ақжайықпен" өткен ойыннан кейін жартылай қорғаушы француз футболшысы Жереми Манзорромен жанжалдасып, осы жағдайдың кесірінен Срджан Благоевич Исламбекті негізгі командадан аластатты.
Осылайша, Қуат "Астана" сапында бес айға бойы алаңға шықпай, Бірінші лигада өнер көрсетті. Бірақ жартылай қорғаушы үнемі Қазақстан құрамасына шақыртылды.
Ермұхамед Мәулен