Бауыржан Исламханның "Зенит" командасына алынбайтыны белгілі болды. Команданың Испанияға кетіп, оқу-жаттығу жиынына Бауыржанды алмайтыны туралы ақпарат БАҚ бетіне шықпай тұрып, футболшы өзге клубпен келісімге келіп үлгерді. "Зенитке" жарамай қалды дегеннен гөрі, Азияның мықты клубына ауысып кетіпті дегенді жөн көрді. Исламханның алдағы трансферіне бірнеше адам ат салысты. Бір агент оған Түркия біріншілігінен, кейбірі Грекия чемпионатының командасын ұсынған. Бірақ Исламханның қаржысы мықты, жақсы жалақы беретін әрі чемпиондыққа таласатын командада ойнағысы келеді. Ал ондай клубты табу үшін өзге бір шетелдік клубта ойнап көріп, халықаралық тәжірибие жинаған дұрыс. Еуропаның чемпионаттары қазір ең қызған шағы. Ресейдің өзі жуырда біріншілікті қайта бастайды. Сондықтан мамыр айына дейін уақыт өткізіп, жазда трансфер екі айға ашылған тұста Еуропадан команда іздеп көруге болады. Бұл бір жағынан, дұрыс шешім секілді. Себебі қалған екі аптаның ішінде Исламхан команда тауып үлгермес еді.
Біріккен Араб Әмірліктерінің біріншілігі Қазақстан чемпионатынан деңгейі жағынан асып тұрғаны шамалы. Алайда бұл командадан Бауыржан жақсы тәжірибие жинайды деп ойлаймыз. "әл-Айн" командасы 2003 жылы Азия Чемпиондар лигасын жеңген. Өз елінің 13 дүркін чемпионы. Өткен жылы 4-орын иеленген. Сол кезде команда сапында Швеция құрамасының шабуылшысы Маркус Берг, португалиялық Рубен Рибейру, бразилиялық шабуылшы Кайо өнер көрсеткен. Осы жақында ғана команда бас бапкері Иван Леко қызметінен кетіп, оның орнына португалиялық Педру Эммануэль келген. Агент Марат Арчеговтың айтуынша, команданың жаңа бас бапкері Исламханды командасына қатты қажет ойыншы деп отыр. Негізгі құрамнан орын беремін деп те айтқан секілді. Жуырда ғана команда іріктеу сынынан мүдірмей, Азия Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шықты. Іріктеуде олар Өзбекстанның "Бунедкор" командасын жеңген.
Медициналық тексерістен өткен соң, ақпарат нақтыланса, Бауыржан Исламхан 1 ақпан күні болатын "әл-Айн" - "әл-Васл" арасындағы ойынға қатысып та қалуы ғажап емес.
Ермұхамед Мәулен