Исламхан қай клубқа ауысады?

3080

Иә, дәл осы сауал қазақ жанкүйерлерінің көкейінде жүр. Сонымен, біз де сараптап көрсек. 

Исламхан қай клубқа ауысады?

Баспасөзге шолу жасап отырып, ел алдымен ұғынатынымыз Бауыржан Исламханның өзге клубқа ауысуына зор ықпал етіп отырған бір тұлғаның бар екендігі. Ол "Қайрат" футбол клубының басшысы - Қайрат Боранбаев. Клуб басшысы кезінде Санкт-Петербор қаласының "Зенит" командасынан бірнеше ойыншы алдыртты. Анатолий Тимощук және Андрей Аршавиннің Қазақ даласына келіп футбол ойнауы тікелей сол кісінің бастамасы. "Зенит" командасының демеушісі "Газпром" компаниясы мен "Қайрат" командасының демеушісі "ҚазРосГаз" компаниясының арасында осындай жылы қарым-қатынас бар. 

Екінші фактор бұл Алан Касабиев деген футбол агенті. Ресей мен жақын аймақтағы елдердің футболына есімі таныс агенттің Исламханның футболдағы қадамдарын қадағалауының өзі алға жылжудың белгісі. Әйтпесе, Бауыржан осыған дейін толыққанды ешбір агенттің көмегіне жүгініп көрмеген еді.  Жаңа заң қабылданысымен Бауыржанның бірден "Зенит" командасына байқауға баруы заңды құбылыс. Футбол төңірегінде жүрген ең бірінші қисынға келетін әңгіме - Исламхан "Зенитке" ауысып, келісім-шарт жасасып, артынша "Сочи" командасына жалға беріледі. Міне, осындай сценариймен өрілуі тиіс болған трансфердің әзірге нүктесі қойылған жоқ.

Бауыржан екі жолдастық ойынға қатысты. Қатардың жартылай әуесқой командасына қарсы матчта ол екі мәрте нәтижелі пас берді. Айып добын көтерген кезде Могамед Оздоев гол салса, екінші бір пасына Сердар Азмун тамаша үн қата білді. Осыдан соң, "Зенит" жанкүйерлері де, мамандар да Исламханды мақтай жөнелді. Бірақ, Бауыржанның екінші матчтағы аяқ алысы Күреңбай сыншыларға аса қатты ұнай қоймады. 3-4 рет доп жоғалтып, бірлі жарым финттері аяқталмай қалды. "Ред Булл" Зальцбург командасы сол ойында "Зениттің" тас-талқанын шығарып ұтты. 

Енді Петербор командасы Испаниядағы екінші жиынына барады. Бірақ, жиынға баратын футболшылар тізімінде Бауыржан жоқ. Сондықтан, Ресей мен Қазақстанда бұл мәселенің қалай боларын аңдып отырған жанкүйер көп. Сәл бір ақпарат жылт етсе үлкен талқыға түседі. Ал біз бүгін Бауыржан Исламханның өзіне хабарласып мән-жайды анықтадық. Бауыржанның айтуы бойынша "Зенит" басшылығы 2-3 күнде жауабын береміз деп айтқан екен. Соны күтіп отырған жайы бар. 

Десе де, Бауыржанның "Зенитке" барып байқаудан өтуінің өзінен "Динамо", "Рубин" секілді командалар құлақтанды. Осы екі ұжымның да қазақ футболшысына қызығушылығы бар көрінеді. Ең бастысы осы трансферде Бауыржан Ресей біріншілігіне ауысатын секілді. Алайда, әзірге ол қай клуб екені белгісіз. 

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу