Исламхан мен Қуат "Қайраттан" кетті

3854

 Енді олар қай клубта ойнайды?

Исламхан мен Қуат "Қайраттан" кетті

Ақпарат беттеріне шыққан ұзынқұлақ деңгейіндегі әңгіме рас болып шықты. Бауыржан Исламхан мен Исламбек Қуат "Қайрат" футбол клубының сапынан кетті. Ресми түрде. Оны клуб басшысы Қайрат Боранбаев та растап берді. Бұл екі ойыншы Қазақстан ұлттық құрамасының негізгі футболшылары екенін барлығымыз білеміз. Енді олар қай клубта ойнайды?

"Жаз кезінде біз бұл ойыншылармен келістік. Егер чемпион болсақ, олар келісімді ұзартады. Ал чемпион болмасақ олар өзге клубқа еркін агент ретінде ауыса береді.  "Қайрат" чемпион болмады, енді олар қайда ауысса да өздері біледі. Бірақ мен бір талап қойдым. Қазақстан ішінде олар "Қайраттан" басқа командаға ойнамауы керек", – деді Қайрат Боранбаев Евгений Гайдамакиннің "Спортс труе" ютуб арнасына берген сұқбатында. Демек Исламбек пен Исламхан Ресей біріншілігін бетке алуы ықтимал. Исламбек Қуатты Түркия біріншілігінің екі командасы шақырып отыр деген ақпараттың шыққаны рас. Алайда, әзірге нақты қадамдар жоқ. Исламбектің Түркия біріншілігіне ауысып кете салуы ғажап емес. Себебі, Исламбектің голының арқасында Түркия Әлем біріншілігіне жолдама алған болатын. Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Латвия қақпасына гол салып, сол голдың арқасында Түркия жанкүйерлері Исламбек Қуатты бастарына көтере мадақтаған. 

Ал еліміздегі ең танымал футболшы Исламхан болса, Ресей біріншілігінің серкесі "Локомотив" клубына ауысады делінді. Оның агенті Сослан Касабиев те осылай ақпараттар таратып, ресейлік баспасөзді бір шулатты. Кейіннен мәскеулік клубтың өкілдері Қазақстан құрамасының капитанына қызыққандарын мойындап, кейіннен онымен келісім жасаудан бас тартқандарын растады.

Дегенмен, Касабиевтің агенттік қызметі өте сенімді екендігін ескеретін болсақ, Бауыржан сол Ресей премьер-лигасының клубына ауысатын секілді. Оның ішінде қазір "Орал" командасы ерекше айтылып жатыр. "Динамо" Мәскеу мен "Орынбор" клубтарының да тараптарынан ұсыныстар бар. Тек Бауыржан Исламхан өзіне лайықты команда мен жалақы іздегісі келетін секілді. Демек, жуырда бұл екі ойыншымыз сырт елдің біріншілігінде доп тебетін болып жатса таңқалмаймыз. Оның үстіне келер маусымнан бастап Қазақстан футболшылары Ресей мен Белорусь және Армения чемпионаттарында легионер болып саналмайтын болды. 

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу