Исламхан шыққалы "Қайраттың" ойыны оңала бастады

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3320

Еліміздің бес дүркін чемпионы азулы командаларды ұтып, осалдау ұжымдармен ойнағанда сүрініп жүр.

 Исламхан шыққалы "Қайраттың" ойыны оңала бастады Фото: fckairat.com

"Астана" тағы сүрінді. Бұл жолы Көкшетауда "Оқжетпеспен" тең түсті. Негізі, бірінші таймның ортасына дейін бірер гол соғып, алаң иелерін "есеңгіретіп" алуға болушы еді. Бірақ елордалықтардың кейбір футболшылары қақпаны емес, қақпашыны дәл көздеп, өз мүмкіндіктерін мүлт жіберіп алды.

Әйтсе де, Муртазаев өз қателігін түзеп, бір гол соққан. Алайда "Астана" сол голға тоқмейілсіп қалды ма, екінші таймда алаң иелерінің шабуылды үдете түсулеріне мүмкіндік беріп қойды. Ал көкшеліктер қайсарлықтың үлгісін танытып, матч соңында таразы басын теңестірді. "Оқжетпес" үшін жеңіске бергісіз – тең ойын!

Ал "Астана болса, соңғы бес турда төрт-ақ ұпай еншілеп тұралап қалды. "Ертіс", "Тараз" және "Шахтер" клубтарынан ұтылып, "Оқжетпеспен" итжығыс түсті. Сөйтіп турнир кестесінің төменгі бөлігіндегі командаларға ұпай "үлестіріп" жүр. Футболшылары спорттық баптарын жоғалтып алды ма, әлде басқадай сыры бар ма, әзірше, дөп басып айту қиын... 

"Астананың" өкшесін басқан "Тобыл" Таразда үш ұпай олжалап, ел чемпионына жақындай түсті. Негізі, "Тараз" бұл ойында дес берген жоқ болатын. Жеңіп кетпесе де, тең түсетін жөні бар еді. Алайда қонақтарын қанша тықсырып, қостанайлықтардың қақпасына қанша қауіп төндірсе де, гол соға алмай, пұшайман болды.

"Ордабасы" еліміздің батыс өңірінде "Ақтөбені" ойсырата ұтып, үшінші орынға көтерілді. Әрі екінші рет қатарынан 3:0 есебімен жеңіске жетіп отыр (өткен турда дәл орсындай есеппен "Таразды" тізерлеткен). Алаң иелерінің жастары бұл ойында деңгейлері өздерінен жоғары Шымкенттің легионерлеріне төтеп бере алмай қалды.

"Қайсар" Талдықорғанда "Жетісудан" ұтылып, бір саты төмен сырғып, үшінші орынды шымкенттіктермен бөлісіп тұр. Осыдан төрт күн бұрын ел кубогының жартылай финалдық ойынын өткізген қызылордалықтар тынығып үлгермегендей. Ал өткен турда "Ақтөбені" ұта алмай (1:1), екі ұпай жоғалтқан "Жетісу" бұл ойында жанкештілік танытты.

"Қайрат" бұл турда әупіріммен жеңіске жетті. Өз алаңында ұтылып жатып, "Шахтерді" ұтты. Кеншілер клубының бас бапкері, Болгария маманы Николай Костов айтқандай, алаңға Бауыржан Исламхан шыққалы, алматылықтардың ойын өрнегі өзгеріп шыға келді. Бірақ бұл ойында екі голды да Украина шабуылшысы, Нигерияның жиені Адеринсола Эсеола соқты. Әрі мергендер тізімінде 8 доппен көш бастады.

Биылғы маусымда ойындары үйлеспей, кежегелері кері тартып жүрген "Ертіс" пен "Атырау" арасындағы матч та тартысты өтті. Өйткені "Ақтөбеден" ғана жоғары тұрған екі командаға да жеңіс керек болатын. Бұл ойында алаң иелерінің бақтары жанды. Павлодардықтар Рафкат Асланның жанкештілігінің арқасында бір гол соғып, үш ұпай иеленді. Әрі бір саты жоғары көтерілді.

"Оқжетпес" – "Астана" – 1:1

Голдар: Муртазаев, 45 (0:1). Стоянович, 90+1 (1:1).

90+4-минутта Мұжықов ("А") алаңнан қуылды /екінші ескерту/.

"Тараз" – "Тобыл" – 0:1

Гол: Шерстов, 80.

"Ақтөбе" – "Ордабасы" – 0:3

Голдар: Пауло Жоао, 7. Пауло Жоао, 18. Диакате, 68.

"Жетісу" – "Қайсар" – 2:0

Гол: Оганесян, 52.

"Шахтер" – "Қайрат" – 1:2

Голдар: Шкодра, 29 (1:0). Эсеола, 74 (1:1). Эсеола, 79 (1:2).

"Ертіс" – "Атырау" – 1:0

Гол: Аслан, 75.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу