Испания азулы қарсыласын жеңіп, әлем чемпионатының ақтық сынына шықты

"Қызыл фурия" өз тарихында екінші рет мундиальдың финалында доп теппек.

Испания азулы қарсыласын жеңіп, әлем чемпионатының ақтық сынына шықты Фото: Getty Images

Олар жартылай финалда Францияны 2:0 есебімен қапы қалдырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Матч АҚШ-тың Арлингтон қаласындағы "AT&T Stadium" аренасында өтті. Испандар ойын басталасымен-ақ тізгінді қолында ұстағандай әсер сыйлады. Матчтың 22-минутында төреші белгілеген 11 метрлік айып добын Микель Оярсабаль шебер орындады. Есеп – 1:0.

Ойынның екінші бөлігенде де Луис де ла Фуэнтенің шәкірттері барын салды. 58-минутта Педро Порро мергендігімен танылып, Испанияның басымдығын еселеді. 

Франция қанша шабуылдаса да, қарсылас қақпасынан саңылау таба алмады. Қорытынды есеп – 2:0. 

Осылайша, Испания өз тарихында екінші рет әлем чемпионатының финалында бақ сынамақ. Осыған дейін "Қызыл фурия" 2010 жылы финалда Нидерланд құрамасын 1:0 есебімен жеңіп, әлем чемпионы атанған болатын. 

Олар финалда Англия мен Аргентина арасындағы екінші жартылай финалдың жеңімпазымен жолығады. Шешуші ойын 19 шілдеде АҚШ-тың Ист-Ратерфорд қаласындағы "MetLife Stadium" стадионында өтеді деп жоспарланған. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу