Испания футболындағы сенсация: "Реал Мадрид" екінші лиганың командасынан жеңілді

130

"Реал Мадрид" күтпеген жерден Испания Кубогынан шығып қалды.   

Испания футболындағы сенсация: "Реал Мадрид" екінші лиганың командасынан жеңілді

14 қаңтардан 15 қаңтарға қараған түні, бас бапкер Хаби Алонсо қызметінен кеткеннен кейінгі алғашқы матчында мадридтік "Реал" төменгі дивизион өкілі "Альбасетеден" 2:3 есебімен ойсырай жеңіліп, Испания Кубогындағы жолын аяқтады.

Алонсоның орнына тағайындалған Альваро Арбелоа үшін бұл матч сәтсіз дебют болды. "Альбасетеге" қарсы кездесуде ол алаңға негізінен қосалқы құрам ойыншыларын шығарды.

"Реалдың" резервтік құрамының ойыны көңіл көншітпеді. Шабуылдағы өткірлік жетіспей, жанкүйерлерге алаңдағы команданы "корольдік клуб" ретінде тану қиынға соқты.

Негізгі құрамдағы Винисиус, Федерико Вальверде және Дин Хейсен де нәтижелі ойын көрсете алмады. Олар қосалқы құрамнан артық әсер қалдыра алған жоқ.

Ойынның 43-минутында "Альбасете" Хавьер Вильяр дель Фрайлдің соққысынан кейін есеп ашты. Алайда бірінші тайм аяқталар алдында, 45+3-минутта Франко Мастантуоно гол соғып, "Реал" таразы басын теңестірді – 1:1.

82-минутта Хефте Бетанкор "Альбасетені" қайтадан алға шығарды. Ал 90+2-минутта Гонсало Гарсия есепті 2:2-ге жеткізіп, "Реалды" қайта үміттендірді. Бірақ, "Карлос Бельмонте" стадионындағы жанкүйерлер 90+4-минутта Хефте Бетанкор жеңіс голын соққанда ерекше қуанышқа бөленді – 3:2.

Осылайша "Альбасете" өткен маусымда финалға дейін жеткен "Реал Мадридті" Испания Кубогынан шығарып тастады. Бұл испан футболы үшін үлкен сенсация болып, жаңа бас бапкер Альваро Арбелоаға алда қаншалықты күрделі кезең күтіп тұрғанын аңғартты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу