Испания қақтығыстың ушығуына жол бермеу мақсатында АҚШ-тың Иранға қарсы операциялары үшін өз әуе кеңістігі мен әскери базаларын жапты. Елдің премьер-министрі Педро Санчес АҚШ пен Израильдің шабуылын заңсыз деп сынаған болатын, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BBC агенттігіне сілтеме жасап.
"Біз Морон мен Рота әскери базаларын Ирандағы соғысқа байланысты қандай да бір әрекеттер үшін пайдалануға рұқсат бермейміз", – деді Испания қорғаныс министрі Маргарита Роблес.
Оның айтуынша, Мадрид бұл ұстанымын АҚШ үкіметіне әуел бастан анық білдірген. Елдің сыртқы істер министрі Хосе Мануэль Альбарес мұндай шектеудің мақсаты қақтығыстың ушығуына әкелуі мүмкін кез келген әрекетті болдырмау екенін баса айтты.
Әзірге АҚШ бұл мәлімдемелерге қатысты пікір білдірген жоқ. Бірақ Ақ үй басшысы Дональд Трамп бұған дейін Испанияның Иранға қарсы соғыстағы ұстанымына байланысты елге толық сауда эмбаргосын енгізуі мүмкін екенін ескерткен. Премьер-министр Педро Санчес АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы шабуылдарын ең белсенді сынға алушылардың бірі болды. Ол бұл әрекеттерді "заңсыз" деп атады.
Наурыз айында Испания Андалусиядағы Рота мен Морон-де-ла-Фронтерадағы бірлесіп басқарылатын екі әскери базаны АҚШ-қа пайдалануға беруден бас тартты.