Елдің Солтүстік Африкадағы Сеута эксклавының Тарахаль шекара бекеті маңында ұзындығы 500 метрлік қалқымалы бөгет орнатыла бастады.
Бұл шешім соңғы күндері мыңдаған мигранттың теңіз арқылы Сеутаға жетуге әрекеттенуінен кейін қабылданды. Билік жаңа қорғаныс жүйесі заңсыз өтудің алдын алып, шекара қауіпсіздігін күшейтуге мүмкіндік береді деп отыр.
Испания үкіметінің мәліметінше, бөгет судың үстінде 30-70 сантиметр биіктікке көтеріліп, су астына бір метрге дейін түседі. Сонымен қатар, теңізге арнайы қалқымалы белгілер орнатылады. Патрульдік полиция катерлерінің қозғалысы үшін бір ғана өткел қалдырылады.
Сеутадағы жағдай Еуропалық одақ елдерінің де алаңдаушылығын күшейтті. Қазір Брюссельде сыртқы шекараларды қорғауды күшейту және миграциялық қысымға қарсы қосымша шаралар қабылдау мәселесі талқыланып жатыр.
Испания Премьер-министрі Педро Санчес шекараны жаппай бұзып өту әрекетін елдің егемендігіне қол сұғу деп бағалады. Оның айтуынша, Сеутаға жеткен мигранттар Шенген аймағына автоматты түрде өте алмайды. Эксклавтан пароммен немесе ұшақпен шыққысы келетіндердің барлығы міндетті түрде полиция тексеруінен өтеді.
Жаңа бөгет Испанияның заңсыз миграцияға қарсы күрестегі ең қатаң шараларының бірі ретінде бағаланып отыр.