Испания Вуэльтасы. 4-кезең. Спринтерлік кезеңде "Астана" жарысты өз бақылауында ұстады

1253

Кезеңде ирландиялық шабандоз Сэм Беннетт жеңіске жетті. 

Испания Вуэльтасы. 4-кезең. Спринтерлік кезеңде "Астана" жарысты өз бақылауында ұстады

Қатарынан таулы аймақта өткен үш кезеңнен кейін пелотон Гаррай қаласынан Эхея де лос Кабаейросқа (191.7 шақырым) дейін жазық аймақта өткен жарыста біраз демалуға мүмкіндік алды. Дегенмен пелотондағы жылдамдықтың жоғары болуына байланысты кезең оңайға соқпады. Себебі командалардың басым бөлігі өз көшбасшыларын алдыңғы қатарға шығарып, кедергілерден қорғап қалуға тырысты.

"Астана Про Тим" командасы үшін кезеңдегі басты мақсат жағдайды бақылауда ұстап, жарысты ешқандай қиындықсыз өткізу болатын. Сондықтан қазақстандық команданың шабандоздары тек көш басында бірге жұмыс атқарып, Александр Власовты қорғап қалуға тырысты. Нәтижесінде барлығы жақсы аяқталды. Власов Алекс Аранбуру, Горка Исагирре, Луис Леон Санчес,  Мерхави Кудустармен жалпы топпен бірге, еш кедергісіз мәреге келді.  

"Біздің бұл кезеңдегі басты мақсатымыз жарысты өз бақылауымызда ұстап, бір-бірімізге жақын болып, Александр Власовты қорғау болатын. Жігіттер өте жақсы жұмыс жасады. Біз жағдайдың кенеттен өзгеруіне, мысалы қапталдан соғуы мүмкін желге дайын болдық. Бірақ, бәрі ойдағыдай өтті. Ешқандай қиындық көрген жоқпыз. Сондықтан біз үшін жарыс күні жақсы өтті. Енді осы демалыс күндері бізді күтіп тұрған екі кезеңге дайындаламыз", - деді Дмитрий Фофонов.

Негізгі топтан спринтте үздік нәтиже көрсеткен ирландиялық шабандоз Сэм Беннетт кезеңде жеңіске жетті. Бұл көрсеткіштер жалпы есепке ешқандай өзгеріс әкелген жоқ. Примож Роглич бұрынғысынша қызыл жейдеде, Горка Исагирре – 19, Александр Власов – 23, Луис Леон Санчес – 24-сатыға жайғасты.

"Испания Вуэльтасының" 5-кезеңі бүгін өтуде. Уэска – Сабиньяниго жарыс бағыты бойынша өтетін кезеңнің ұзақтығы 184.4 шақырымды құрайды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу