Испания Вуэльтасы. 9-кезең Агилар-де-Кампоода жаппай спринтпен аяқталды

1013

Испанияда өтіп жатқан суперкөпкүндіктің кезекті жарыс күні елордалық "Астана Про Тим" үшін бірқалыпты өтті. Команда шабандоздары мәреге жалпы топпен бірге келіп, нәтижесінде бас классификацияда Александр Власов 15-орынды сақтап қалды.

Испания Вуэльтасы. 9-кезең Агилар-де-Кампоода жаппай спринтпен аяқталды

"Испания Вуэльтасының" 9-кезеңі Кастрийо дель Вал әскери базасынан басталып,  Агилар-де-Кампоода (157.7 шақырым) алдын ала күтілгендей жаппай спринтпен аяқталды.  Ирландиялық Сэм Беннетт қауіпті спринттен кейін төрешілердің шешімімен жарыстан шығарылған соң неміс шабандозы Паскаль Акерманн кезең жеңімпазы болып танылды.

"Астана Про Тим" командасының капитаны Александр Власов негізгі топта, командаластары Горка Исагирре, Луис Леон Санчес және Мерхави Кудустармен бірге мәреге келді.

"Жарыс күні біз үшін жақсы өтті. Кезеңді қандай да бір мәселесіз өткіздік. Бұл спринтерлер күні болды. Сондықьтан басты мақсатымыз пелотонда бірге болып, Александр Власовты қорғап қалу болатын. Команда керемет жұмыс атқарды. Әсіресе, Дмитрий Груздев. Ол Агилар-де-Кампоодағы өте қауіпті финалдық айналма тас жолда әріптестеріне жол көрсетіп отырды. Сондықтан біз үшін барлығы жақсы аяқталды. Енді келесі үш кезеңге дайындаламыз", - деді "Астана Про Тимнің" спорттық менеджері Дмитрий Фофонов.

Суперкөпкүндіктің жалпы есебінде ешқандай өзгерістер жоқ. Ричард Карапас қызыл жейдені сақтап қалса, ал көшбасшыға 6 минут 52 секунд уақыт ұтылған Александр Власов 15-сатыға жайғасты.

Бүгін "Испания Вуэльтасының" 10-кезеңі өтеді. Кастро Урдиалес - Суансес бағыты бойынша өтетін кезеңнің ұзақтығы 185 шақырымды құрайды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу