Испания Вуэльтасы. Алекс Аранбуру спринтте 4-орынға ие болды

1188

"Испания Вуэльтасының" Суансес қаласында аяқталған 10-кезеңінде спринтте Алекс Аранбуру мәреге 4-болып келді. "Астана Про Тим" командасының шабандозы спринтті жақсы өткізіп, мәреге кезең жеңімпаздары Примож Роглич, Феликс Гроссшартнер және Андреа Баджолилерден кейін келді.

Испания Вуэльтасы. Алекс Аранбуру спринтте 4-орынға ие болды

Жарыс аяқталған соң "Астананың" "Вуэльтадағы" көшбасшыларының бірі Алекс Аранбуру кезеңге қатысты өз пікірін білдірді. 10-кезеңдегі нәтиже оның жарақат алғаннан кейін бабының күннен күнге жақсарып келе жатқанын дәлелдейді. 

"Кезеңнің финалы өте тамаша өтті және маған өте қолайлы болды. Сондықтан бүгін бір нәрсе ұйымдастырып көруге тырыстым. Жағдайды бақылауда ұстау да оңай болмады. Бірақ, біздің командамыз көшбасшы топтың соңына түсіп, өте жақсы жұмыс жасады. Финалда командаластарым маған керемет қолдау көрсетті. Сндықтан спринтте жақсы позицияға орналастым. Қолымнан келгеннің барлығын жасадым. Бірақ, бұл жеңіске жету үшін аздық етті. Себебі бүгін Роглич бәрінен мықты болып шықты. Өзімді жақсы сезіндім, аяғым да ойдағыдай жұмыс жасады. Мен 4-орын иелендім және кезеңнің нәтижесіне көңілім толады. "Вуэльтаның" кезеңдерінде жеңіс үшін күресті одан әрі жалғастырамын", - деді Алекс Аранбуру.

"Алекстың бабы жақсы. Сондықтан біз оған өзін көрсетуге мүмкіндік бергіміз келді. Ал команда оны бүгінгі кезеңде қолдауға дайын болды.  Команда оған кезең барысында да, финалда да жақсы көмек көрсетті деп есептеймін. Алекс бағын сынап, қолынан келгенше барлығын жасады. Бірақ бірнеше шабандоз одан мықты болып шықты. Қалай болғанда да команда жарысты керемет өткізді. Жігіттердің барлығы алдыңғы қатарда болып, Александр Власовты қорғаумен болды және финалда Алекс Аранбуруға көмектесті. Бүгінгі жарыс күнін осылай өткізгенімізді мақтан тұтамын. Демалыс күндері биік таулы аймақта бізді қиын кезең күтіп тұр. Сондықтан алдағы екі жарыс күніне дайындаламыз", - деп қоса кетті Дмитрий Фофонов.

"Испания Вуэльтасының" 10-кезеңі Кантабрий теңізінің жағалауында Кастро Урдьялестен басталып, 185 шақырымнан кейін Суансес қаласында мәресіне жетті.

Кезең басталған соң көшбасшы топ құрылып, алға озды. Олар негізгі топтан 13 минуттай басымдылыққа ие болды. Бірнеше команда көшбасшылардың соңына түсті. Олардың арасында "Астана" шабандозы Дмитрий Груздев та бар еді. Ол ұзақ уақыт бойы алдыңғы шепте өте жақсы жұмыс жасады. Біраз уақыт өткеннен кейін көшбасшы топтың басымдылығы бәсеңдей бастады. Ал мәреге 20 шақырым қалғанда пелотон оларды қуып жетті.

Жарыс жолының шешуші шақырымдарында Омар Фраиле Аранбуруды алдыңғы қатарға шығарып, оған спринтте жақсы позицияға ораналасу үшін көмектесті. Содан кейін Алекс Гийом Мартанның соңына түсті. Нәтижесінде мәреге 4-болып келді.

Кезең қорытындысы бойынша Примож Роглич испаниялық Гранд-турдың көшін бастады. "Астана Про Тим" шабандоздары Александр Власов пен Горка Исагирре әзірге 15 және 16-орындарда тұр.

Бүгін "Испания Вуэльтасының" 11-кезеңі өтеді. Вильявисьостан басталатын жарыс жолы 170 шақырымнан кейін қиындығы 1-дәрежелі Альто де Ла Фаррапонда (18.6 шақырым, 5.7%) аяқталады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу