Александр Власов Вальдепеньяс-де-Хаэн қаласының көшелеріндегі қысқа әрі тік орналасқан асуда өткен спринтте 8-нәтиже көрсетті. Қызыл жейде киген көшбасшының тобы алға озғандар арасынан жалғыз қалған шабандоз Магнус Кортты мәреге 300-400 метр қалғанда қуып жетті. Содан кейін кезең тағдыры спринтте шешілді.
Алдыңғы қатарда жақсы позицияда болған Власов Примож Рогличтің, Энрик Мас пен Мигель Анхель Лопестердің шабуылдарына ілесті. Нәтижесінде ол кезең жеңімпазы Рогличтен жеті секундқа артта қалып, мәреге 8-болып келді.
"Жарыс күні өте жылдам өтті және топтың жылдамдығы да кезең бойы өте жоғары болды. Командаластарым мені өте жақсы қорғады. Сондықтан пелотонда өзімді жайлы сезіндім. Соңғы асу алдында жақсы позицияға қол жеткіздім. Содан кейін жақсы нәтиже көрсету үшін бар күшімді салдым. Барлығы ойдағыдай болды. Сондықтан он үздіктің қатарына енгеніме қуаныштымын. Демалыстан кейін соңғы екі күн өте ыстық болды. Бірақ алда әлі бұдан да қиын кезеңдер бар. Сонымен, жарыстың қалай өтетінін көре жатармыз", - деді Александр Власов.
"Біздің команда жарысты жақсы өткізді. Александр мен қалған жігіттердің соңғы асуда көрсеткен нәтижесіне көңіліміз толады. Иә, бүгін бізге Алекс Аранбурудың жоқтығы білінді. Ол кезеңнің фавориттері қатарында болуы мүмкін еді. Сонымен қатар келесі кезеңдерде командаға көмектесе алар еді. Бірақ, ештеңе істей алмаймыз. Кеше Алекс жарақат алды. Сол себепті жарыстан кетуге мәжбүр болды. Біз оның тезірек сауығып кетуін тілейміз және оны келесі маусымда көреміз деп үміттенеміз. Қалай болғанда да, бұл біз үшін жақсы кезең болды. Ал Александр өте қиын асуда бабының тамаша екенін көрсетті. Біз өз позициямызды қорғадық. Енді келесі кезеңдерге дайындаламыз", - деп қоса кетті спорт менеджері Дмитрий Фофонов.
11-кезеңнің қорытындысы бойынша Александр Власов жалпы есепте 11-орынға көтерілді. Ал норвегиялық Одд Кристиан Эйкинг көш бастап тұр.
Ермұхамед Мәулен