Испания Вуэльтасы. Александр Власов жүлделі орынға бір қадам жетпей қалды

1020

"Астана" капитаны жарыс барысында басқа фавориттермен салыстырғанда қосымша уақыт ұтып, бас классификацияда 15-сатыға көтерілді. Ал Ричард Карапас көшбасшылығын одан әрі жалғастыруда.

Испания Вуэльтасы. Александр Власов жүлделі орынға бір қадам жетпей қалды

"Испания Вуэльтасының" 8-кезеңінде Александр Власов бабының күннен күнге жақсарып келе жатқанын дәлелдеді. "Астана Про Тим" командасының шабандозы Альто де Монкальвийо шыңында өзінің мықты екенін танытты. Ол мәреге 2 шақырым қалғанда қызыл жейде иегерінің тобынан өте керемет шабуылға шықты. Бұл жақсы талпыныс болды. Бірақ сәлден кейін оны Примож Роглич, Ричард Карапас және Дэн Мартиндер қуып жетті. Нәтижесінде шешуші шақырымда шабуылға шыққан Роглич кезең жеңімпазы атанды. Карапас мәреге екінші болып келді. Ал Мартин 3-орынға ие болса, кезең жеңімпазына 25 секунд уақыт ұтылған Александр Власов 4-нәтиже көрсетті.

"Қолымнан келгеннің барлығын жасадым. Өзімді жақсы сезіндім. Кезең бойы әріптестерім маған керемет қолдау көрсетті. Сондықтан финалға біраз күшімді сақтап қалдым. Асу жолына шыққанда мен бірден алдыңғы қатарға ауысып, фавориттердің соңынан жүріп отыруға тырыстым. Шабуылдар өте көп болды. Бірақ, олардың әрқайсысына жауап беріп отырдым. Тау жолы өте қиын болды. Мен бір сәтте шабуылға шығуға бел байладым және бұл жақсы талпыныс болды деп ойлаймын. Қарсыластарым бір-біріне қараумен келе жатқанда, алға озып кеттім. Соңғы шақырымдарда 100% барымды салдым. Бірақ мұның барлығы бүгінгі кезеңде жеңіске жету үшін аздық етті. Себебі бірнеше шабандоз - Роглич, Карапас және Мартин менен мықты болып шықты. Дегенмен, кезеңге және күннен күнге жақсарып келе жатқан бабыма көңілім толады. Мен үшін бұл таулы аймақта өткен жақсы сынақ болды" - деді Александр Власов.

"Испания Вуэльтасы" Логроньодан басталып, 164 шақырымнан кейін қиындығы бірінші дәрежелі Альто де Монкальвийо шыңында аяқталды. Жарыс басталысымен 7 шабандоздан тұратын топ құрылды. Бірақ, пелотон бірден жағдайды өз бақылауына алды. Сондықтан финалдық асу алдында көшбасшылар негізгі топқа ұсталып қалды.

Асуға жеткенде бірнеше команда жылдамдықтарын бірден арттырып, пелотонда іріктеу жүргізді. Асудың шешуші шақырымда алдыңғы қатарда фавориттердің шағын тобы қалды. Олардың арасында Александр Власов та бар болатын.

Соңғы шақырымдар шабандоздар үшін өте қиынға соқты және шабуылдар көп болды. Финишке 2 шақырым қалғанда Власов та шабуылға шықты. Бірақ Рогличтің шабуылы сәтті аяқталып, кезеңде жеңіске жетті. Жарысты тамаша өткізген Александр Власов финишке 4-болып келді.

"Вуэльтаның" 9-кезеңі бүгін Кастрийо дель Валдан Агилар де Кампоға дейін өтеді. Жарыс жолының ұзақтығы 157.7 шақырымды құрайды.  

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу