Испания Вуэльтасы. "Астана" жарысты жеңіспен бастады

2005

Қазақстандық "Астана" командасы осы маусымның соңғы Гранд-Туры – "Испания Вуэльтасын" тамаша жетістікпен бастады.

Испания Вуэльтасы. "Астана" жарысты жеңіспен бастады

Сөреден мәреге дейін "Астана" жарыс жолын өте мықты жүріп өтіп, аралық уақытта және финиште де үздік уақыт нәтижесін көрсетті. Финиште "Астана" секундомерді 14 минут 51 секундта тоқтатты және сол уақыт көрсеткіші жеңіске жетуге жеткілікті болды. Мәре сызығын бірінші болып кескен Мигель Анхель Лопес жалпы есептің көшбасшысы атанып, қызыл жейдені киді. Одан бөлек Лопес қалған барлық классификация бойынша, оның ішінде үздік жас шабандоз (ақ жейде) классификациясы бойынша көшбасшы атанды.

- Командалық жарысты өте тамаша жүріп өттік. Жігіттер барын салып, нәтижесінде біз үшін бәрі жақсы аяқталды. Бұл жалпыкомандалық жетістік. Және жеңіске жеткенімізге өте қуаныштымыз. "Астана" үшін тамаша күн! Қызыл жейдені кигенім үшін бақыттымын. Бәлкім, бұл мен үшін күтпеген жағдай болды. Бірақ осы жеңіс мені жігерлендіреді. Мәре сызығын алғашқы болып кесемін деп жоспарламағанбыз. Алайда соңғы айналым алдында мен екінші позияцияда болатынмын және Горка Исагирре маған алға шығуым керек екенін айтты. Айналымды жүріп өткеннен кейін финишке небәрі 150 метр қалғанын көрдім. Сондықтан 100 пайыз барымды салдым. Иә, бүгінгі жарыс біздің команда үшін "Вуэльтадағы" мінсіз бастама болды. Бірақ, бұл тек бастамасы ғана. Жарыс әлі алда. Біз мұнда байсалдылықпен өнер көрсетуді жалғастырамыз және күннен күнге алға жылжып отырамыз, -деді Мигель Анхель Лопес.

- Бұл жарыстың керемет бастамасы. Мұндайды тек армандауға болады! Біздің командамыз мықты екенін білдік. Және жақсы нәтиже көрсетеміз деп жоспарладық. Бүгінгі жеңіс біз үшін тамаша жетістік. Бірақ жарыс енді ғана басталды. Жұмыс істеуді жалғастырып, күннен күнге 100 пайыз барымызды салуымыз қажет. Біз бақыттымыз. Қазақстанға, жанкүйерлерімізге, серіктестеріміз бен демеушілерімізге, әсіресе, бас демеушіміз "Самұрық-Қазынаға" осындай әдемі жеңісті сыйлау біз үшін үлкен бақыт, - деді "Астананың" спорттық директоры Александр Шефер.

Испаниялық Гранд-турдың екінші кезеңі ертең Бенидорм – Кальп бағыты бойынша өтеді. Жарыс жолының ұзақтығы 199.6 шақырымды құрайды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу