Испания Вуэльтасы. Омар Фраиле 2-орынға ие болды

1009

Виллануэва де Валдеговия қаласында аяқталған "Испания Вуэльтасының"  7-кезеңінде Омар Фраиле 2-орынға иеленді.  Омар Фраиле мен Алекс Аранбуру көшбасшы топта болды. Пуэрто де Ордунья асуын екінші мәрте жүріп өту барысында Фраиле Майкл Вудс, Алехандро Вальверде, Нанс Петерс және Гийом Мартандардың шабуылына ілесіп, нәтижесінде бес шабандоздан тұратын көшбасшы топқа қосылды.

Испания Вуэльтасы. Омар Фраиле 2-орынға ие болды

Шамамен финишке 3 шақырым қалғанда "Астана Про Тим" командасының шабандозы шабуылға шықты. Алайда бұл жолы қарсыластары оған жауап бере алмады. Ал, мәреге 1.3 шақырым қалғанда Вудс шабуылдап, кезеңде жеңіске жетті. Омар Фраиле оны қуып жетуге тырысты. Бірақ, 2-орынға ие болды. Вальверде кезеңді 3-болып аяқтады.

"Қолымнан келгеннің барлығын жасадым. Жеңіске біртабан жақын болдым. Жеңіске жете алмағаным өте өкінішті. Велоспорт деген осындай. "Вуэльта" басталар алдында бұл кезеңді өзіме белгілеп қойғанмын. Себебі мен жарыс бағытын жақсы білемін. Бұл мен жаттығу жасайтын тас жол. Пуэрто де Ордунья асуын да өте жақсы білемін. Алға озу оңай болған жоқ. Бірақ, қажетті топта болдым. Нәтижесінде көшбасшы топқа қосылдым. Ол жерде Алекс Аранбуру да бар болатын. Жарыс күні өте қиын әрі қарқынды өтті. Демалуға бір минут та уақытымз болмады. Ылғи да 100% барымызды салуға тура келді. Сондықтан кезеңдегі жеңіс үшін таласуға мүмкіндігім бар екенін білдім. Алдымызда үлкен топ болды. Кейбіреулері жалпы есеп үшін, ал енді біреулері кезеңдегі жеңіске таласты. Біздің топ Вудсты қуып жетті. Бұл мен үшін жақсы сәт болды. Алекс бізден кейін келе жатқан топта болғандықтан, мен қарсыластарыммен бірге болдым. Егер олардың тобы бізді қуып жетсе, Алекс спринтті бастап кетер еді. Өйткені ол өте жылдам шабандоз. Соңғы 10 шақырымда біздің тобымызда шабуылдар өте көп болды. Мен әрбір шабуылға ілесіп отыруға тырыстым. Жарыс тағдыры спринтте шешіледі деп үміттендім. Вудс шабуылға шыққанда мен оңтайлы сәтті жіберіп алдым. Қайта шабуылға бірнеше секундтан кейін ғана шықтым. Бірақ, ол кезде мүлде кеш болды. Бүгін жеңіске жете алмадым. Енді келесі кезеңдерде бағымды сынап көремін", - деді Омар Фраиле.

Алғашқы демалыс күнінен соң "Испания Вуэльтасы" Витория - Виллануэва де Вальдеговия (159.7 шақырым) жарыс бағыты бойынша қайта жалғасты. Кезеңнің алғашқы шақырымындағы тартысты шабуылардан соң шабандоздар алға озып, көшбасшы топ құрылды. Ол топта "Астана Про Тимнің" екі өкілі -  Омар Фраиле мен Алекс Аранбуру бар болатын.

Көшбасшы топ пелотоннан үлкен басымдылыққа ие бола алмады (шамамен 2 минуттай ғана). Бірақ, нәтижесінде негізгі топ оларды қуып жете алмады. Қызыл жейде иегерінің тобы мәреге кезең жеңімпазынан 56 секундтан кейін келді.  

Аранбуру мен Фраиле жарысты тамаша өткізді. Олар тек алдыңғы қатарда болып, қарсыластардың шабуылдарына жауап беріп отырды. Нәтижесінде Фраиле Пуэрто де Ордунья асуына жеткенде шағын көшбасшы топқа қосылып, кезеңді екінші болып аяқтады. Алекс Аранбуру  көшбасшылардан кейінгі топпен бірге келіп, 7-орынға ие болды.  

Ричард Карапас жалпы есепте көшбасшылықты сақтап қалды. Горка Исагирре 14-орынға (+3.19), ал Александр Власов – 21-орынға (+6.34) жайғасты.

Бүгін "Испания Вуэльтасының" 8-кезеңі өтеді. Логроньодан басталатын кезең 164 шақырымнан кейін қиындығы 1-дәрежелі Альто де Монкальвийо шыңында аяқталады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу