"Испания Вуэльтасының" басты фавориттері кімдер?

1313

Елордалық велоклубтың үш шабандозы Гранд Турдың басты фавориттері қатарында.

"Испания Вуэльтасының" басты фавориттері кімдер?

19 тамыз бен 11 қыркүйек аралығында "Испания Вуэльтасы 2022" Утрехттен басталады. 77-мәрте ұйымдастырылып жатқан велодода Мадридте мәресіне жетпек. Гранд Турдың басты фавориті Токио Олимпиадасының чемпионы Примож Роглич болмақ. Ол осыған дейін қатарынан үш "Вуэльтаны" жеңді. Дегенмен "Тур де Франстағы" жарақаттан кейін Примождың бабы мінсіз емес. Оған қоса бәсекелестері де өте мықты. Олардың қатарында Токио ойындарының жүлдегері Ричард Карапас, "Джиро д'Италия" 2022 жеңімпазы Джей Хиндли, "Вуэльтаның" бұрынғы чемпионы Саймон Йейтс және веслоспорт әлеміндегі  жас жұлдыз Ремко Эвенпул бар.

"Испания Вуэльтасы" маусымның соңғы Гранд-туры. Бұл кейбір шабандоздар үшін маусымның өткен бөлігіндегі сәтсіздіктердің орнын толтырудың тамаша мүмкіндігі. Сонымен қатар UCI ұпайларын жинау қажеттілігіне байланысты кейбір командалар үшін осы жарыстағы нәтижелердің маңызы зор. Ал біз биылғы жылдың басты фавориттеріне тоқтала кетсек.

"Испания Вуэльтасының" үш дүркін жеңімпазы Примож Роглич (Jumbo-Visma) жарыс алдында серпін алып, қиын жағдайларды еңсеріп жатқан сияқты. Бұл жолы "Тур де Франстағы" кезекті сәтсіздік пен жарақаттан кейін ол төртінші рет чемпион болатынын алдын ала болжау мүмкін емес. Бірақ, соған қарамастан ол жеңіске негізгі үміткерлердің бірі.

Гранд-Турдың басты фавориттері арасында Испания Гранд Турының бес жеңімпазы бар - Саймон Йейтс (BikeExchange-Jayco), Наиро Кинтана (Arkea-Samsic), Крис Фрум (Israel – Premier Tech), қазақстандық команданың шабандозы Винченцо Нибали (Astana Qazaqstan) және Алехандро Вальверде (Movistar). Аталған шабандоздар арасында 30 жастағы британиялық Саймон Йейтстің жеңіс тұғырының ең биік сатысына таласуға мүмкіндігі зор. Ол "Джиро д'Италияың" 17-кезеңінен кейін жарысты аяқтағанымен, таяуда ғана "Кастилия Вуэльтасын" жеңіп алды және "Леон және Сан-Себастьян Классикасында" үздік алтылыққа енді. Осылайша, бабының тамаша екенін тағы бір дәлелдеді.

29 жастағы эквадорлық INEOS Grenadiers шабандозы Ричард Карапас өзінің мансабында бесінші рет "Испания Вуэльтасының" жарыс жолына шығады. Ол 2020 жылы жүлдегер болды, биыл Джиро д'Италияда 2-орын алды. Карапастың мол тәжірибесі, командасы, жарыс бағыты оны қызыл жейдеге басты үміткерлердің біріне айналдырды.

Аустралиялық Джей Хиндли (Bora-hansgrohe) биылғы Гранд Турлардың жалпы классификациясына үміткерлер қатарына енді. Ол осы маусымда мансабында алғаш рет "Джиро д’Италия-2022" Гранд Турында жеңіске жетті. Енді қарсыластар оны басты бәсекелес ретінде таниды, яғни бас жүлде үшін күресу қиынырақ болады.

Ал 2016 жылы "Вуэльтаны" жеңген Найро Кинтана (Arkea-Samsic) жеңіс тұғыры емес, жоғары орындар үшін күресте басты үміткер. Сондай-ақ жалпы классификациядағы жоғары орындарға үміткерлер қатарында Astana Qazaqstan Team командасының көшбасшылары Алексей Луценко, Винченцо Нибали және Мигель Анхель Лопес үштігі де бар.

Айта кетейік, Astana Qazaqstan Team атынан "Вуэльтаға" қатысатын шабандоздардың есімдері белгілі болды. Қазақстандық клуб төрт елдің спортшыларын таңдап, жарыс жолына сегіз велошабандоздың шығатын мәлімдеді. Олар: Алексей Луценко (Қазақстан), Вадим Пронский (Қазақстан), Евгений Федоров (Қазақстан), Винченцо Нибали (Италия), Самуэле Баттистелла (Италия), Мигель Анхель Лопес (Колумбия), Харольд Техада (Колумбия), Давид Де Ла Круз (Испания).

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу