Испанияда адам шошырлық апат орын алды

3662

Елде үш күндік "Аза тұту" жарияланды.

Испанияда адам шошырлық апат орын алды Фото: © AP Photo / Alberto Saiz

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі испан елін жапқан алапат тасқын судың салдарынан зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматтарының жоқтығын хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Тоқтаусыз жауған нөсер жауыннан кейін басталған тасқын елдің 8 өңірін басып қалды. Селден Валенсия қоғамдастығы, Кастилия-Ла-Манчу, Андалусия өлкелері де зардап шекті. 100 шақты адам қаза тапты. Із-түссіз кеткендер де ондап саналады. Олардың көбі – Валенсия өңірінде.

Арынды аққан селден жолдар бұзылып, өңірлер мен қалалар арасындағы көлік қатынасы тоқтады. Ақпарат құралдары көрсеткендей, теміржолдар қатты зақымданған: оларды су ағындары алып келген қоқыстар жауып тастады. Су ағызып әкеткен жүздеген автокөліктер де әр жерде үйіліп жатыр.

"Испания сейсенбі күні елдің шығысын және оңтүстік-шығысын басып қалып, ондаған адамды қазаға ұшыратқан қуатты тасқынға айыптыларды іздей бастады. Журналистер мен әлеуметтік желіні пайдаланушылар ескертуді тым кеш таратты деп – құтқарушыларды, мұндай нәубетке дайын болмады деп – билікті айыптауда. Азаматтық қорғаныс қызметі тек сейсенбі күні сағат кешкі сегізден кеткенде ғана қауіп туралы ескерту хабарламасын жариялады. Бұл кезде елді мекендердің көбі су астында қалған болатын", – деп жазады Би-Би-Си Мадридтен.

"Трагедияның ауқымды болуынан "тұрғындар тым кеш құлағдар етілген жоқ па?" деген сұрақ туындайды. Азаматтық қорғаныс қалалар қызыл судың астында қалғанда ғана ескертпе таратты", – деген ұзын тақырыппен шықты испандық жетекші El Mundo газеті.

Газет көптеген адамның өткен түнді су енбеген өнеркәсіптік аймақтарда немесе жолдардағы машиналарда өткізуге мәжбүр болғанын жазады. Эвакуациялау орындарына жете алмаған, өйткені жолдарды су ағындары бұзып, телім-телімге кесіп тастады.

"Мен қаланың білдей басшысымын! Бірақ маған да ешкім ескертпеді. Магре өзені жағалауынан тасып төгілетінін білгенде шара қабылдайтын едік. Өзен суы лезде қаланы басып қалды, көшелерді, үйлерді лай мен қоқысқа бөкті", – деп шағымданады Алькульдия қаласының мэрі Андреу Салом.

Ғалымдар жұртшылықты кінәлады.

"Испанияның метеорологиялық қызметі халыққа күні бұрын ескертті. Өз өміріне қауіп төндіріп, басын бәйгеге тікпей, сейсенбі күні үйлерінде қалуға кеңес берді. Бірақ адамдар қалыпты өмірін жалғастыра бергісі келеді. Содан тіпті "қызыл" ескертпе жарияланса да, елей бермейді", – деді Аликанте Университетінің климатолог Хорхе Ольсина Cadena Ser радиотолқынының эфирінде.

Бірқатар тұрғын ең көп зардап шеккен Валенсия билігінің құтқару қызметінен үнемі қаржы үнемдегенін оның бетіне басып, айыптады. Содан провинция басшысы Карлос Масонға UVE төтенше жағдайлар қызметін жою туралы шешімін неге қабылдағанын кезекті рет түсіндіруге тура келді. UVE-ні соңғы сайлауға дейін билік басында болған солшыл саясаткерлер құрған еді. Олар кәсіподақтар мен жұмысшыларды жақтады.

Алайда былтырғы сайлауда жеңіске жеткен консерватор Карлос Масон "қандай пайдасы бары белгісіз, ал, шығындары артықшылықтарын ақтамайды" деген желеумен жаңа мекемені дереу таратты. Осы-ақ екен, провинцияға алапат сел келді. Енді жаңа мэрдің сол шешімін оппоненттері қатаң сын нысанасына алды. Демек, келесі сайлауда консервативтік "Халық партиясын" сайлаушылар биліктен аластауы мүмкін.

Валенсия провинциясының үкіметі жаңа мәлімдемесінде, шынында UVE-нің аты бар да, заты жоқ жалған ұйым болғанын алға тартты: оның құрамында бірде бір өрт сөндіруші болмаған, материалдық құндылықтардан ада көрінеді. Тиімділігін паш ете алмаған.

Карлос Масон жұртын жұбату үшін сейсенбінің кешінде нөсер жауын бәсеңдейтінін жариялап жіберді. Салдарынан, тағы сынға қалды. Жаңбыр ары қарай құйды. Қарқыны артқан, арқыраған су ағындары қала мен деревняларды басып қалып, жолдардағы көліктерді белгісіз жаққа ағызып әкетті.

"Құтқарушы қызметтер дүйсенбіден бастап, жоғарғы дайындық жағдайына келтірілді. Бірақ халыққа не істеу керектігі туралы нақты рекомендация бере алмады. Нәубеттің қалыптан тыс сипатына қарай қандай да бір дұрыс кеңес беру өте қиын еді. Сарапшылар бұл апаттың еш теңдесі жоқтығын айтады", – деп ақталды мэр Масон.

Қоғамның бір бөлігі, климаттың өзгеруімен күресуші белсенділер бұл апатқа климаттық кризисті айыптады.

"Испаниядағы топан су жаһандық жылынуды тоқтату үшін адамзаттың жылдам әрі батыл қимылдауы қажеттігін тағы да бір рет еске салып отыр! Климаттың өзгеруі – абстактілі ұғым емес. Бұл – өмір шындығы. Ол біздің өмірімізге күн сайын ықпал етеді. Мына жағдайда – адамдардың өмірін алып кетті", – деді испандық Greenpeace бөлімінің басшысы Эва Салданья.

Дүниежүзіндегі климаттық дағдарыстың Испаниядағы көріністері туралы таяуда ғана жарияланған баянжазбаның теңавторы, Аликанте Университетінің ғалымы Хорхе Ольсинаның байламынша, Валенсиядағы теңдессіз нөсер жауын мен ғаламат тасқын – дәл осы жаһандық климаттық өзгерістердің бір құбылысы болып табылады.

Климатологтардың пікірінше, бұл жолғы су басуға көптеген факторлардың қатар келіп, үйлесуі, үстемеленуі тікелей себепкер. Дегенмен, жаһандық жылыну кесірінен бірте-бірте қызып бара жатқан атмосфера мұндай табиғи дүлей апаттардың әлемнің кез келген түкпірінде туындау қаупін арттырады. Бұған мысалы, биылғы сәуірде Қазақстанның 11 өңірін, Ресейдің бірнеше өлкесін басып қалған топан суды келтіруге болады.

Апаттан ғайыптан-тайып аман қалған испандықтар селдің "цунамиді" елестеткенін айтып жатыр. Тасқынның қуаты мен жылдамдығы естен тандыра жаздағанын әңгімеледі. Содан құрбандарына қашып құтылуға мүмкіндік қалдырмаған.

"Алыстан судың көтеріліп, екпінді түрде ілгері жылжып келе жатқанын көрдім. Бұл толқынға ұқсады. Теңіздегі цунами сияқты еді. Сейсенбінің кешінде ата-анаммен бірге автострадада келе жаттық. Көлікті тастай қаштық. Көпірге шығып, әзер аман қалдық", – дейді Валенсия жанындағы Пайпорта муниципалитетінің тұрғыны 21 жасар Гильермо Серрано Перес.

Бұл кезде қалың жауын бірнеше сағат тоқтамай жауып тұрған еді. Соған қарамастан жолға шығып кеткен адамдар қапы қалды. Одан бұрын, сейсенбінің таңында, жергілікті уақыт бойынша шамамен таңғы 7-де испандық Aemet метеорологиялық агенттігі Валенсия өңірінде нөсер жауын-шашын болжанып отырғанын ескертті.

"Өте сақ болыңыздар! Төтенше қауіп! Аса қажеттіліксіз жолға шықпаңыздар!", – деп жазылған Aemet-тің Х желісіндегі парақшасында.

Осыдан кейін метеорологтар "максималды қызыл ескертуді" жариялады.

15:20-да төтенше жағдайлар жөніндегі өңірлік үйлестіру штабы Ла-Фуэнте, Утьель сияқты муниципалитеттердің көшелері терең судың астында қалғаны бейнеленген фотосуреттерді таратты. Бірнеше сағат өткенде штаб көптеген өзендердің тасып төгіле бастағанын, жағалау жаққа жақындап бармау қажеттігін мәлім етті.

Бірақ хабарлама тез ескіріп қалды. Тасқындаған өзен сулары жолындағысының бәрін жапырып, елді мекендерге қарай жөңки жөнелді.

Палансия өзенінен 20 шақырымда жатқан Чива қаласы табиғи дүлей стихияның қаһарын алғашқылар қатарында сезінген елді мекеннің бірі. Қаланы екіге бөліп жатқан терең сай түс кезінде-ақ жаңбыр суына толы. Оған өзен суы қосылып, кешке қарай қала көшелерінің әрқайсысы долы өзендерге айналып кетті. Су баспаналарды, автокөліктерді, өзге де конструкцияларды жұлып алып, ағыза жөнелді.

"Құтқару қызметтері бүкіл өңірде көмекке ұмтылды. Бірақ су адам сенбес жылдамдықпен көшелерді қарқынды түрде толтырды. Өте күшті нөсермен бірге жерге тосыннан тонналаған су төгілді. Қала ішінде су деңгейі бірер минутта 1-1,5 метрге көтерілді", – дейді аталған қала мэрі Риба-роха-де-Турия.

Осы кезде елдің әртүрлі өңірлерінен хабарсыз жоғалған, қызыл су ағызып әкеткен адамдар туралы хабарламалар түсе бастады. Дер кезінде ескерту хабарламасын алмаған біраз испандық уақытында тасқын жолындағы трассаларды тастап кете алмады, ғимараттардың жоғарғы қабатына шығып, паналауға уақыты қалмады. Жұмыс күні болғандықтан, көшелер мен жолдар көлікке толы болатын. Топан судың негізгі соққысы тұрғындардың жұмысынан үйлеріне оралып жатқан кезіне тұспа-тұс келіпті.

Седави қалашығының тұрғыны Патрисия Родригестің көлігін жұмыстан қайтып келе жатқанда су басып қалған. Ол жергілікті журналистерге кептелісте тұрғанда су келіп жеткенін әңгімеледі. Машиналар табан тірер жер таппай, көтеріліп, сумен бірге жаппай қалқи жөнелген. Патрисия басқа бір жүргізушімен екеуі бірін-бірі сүйемелдеп, суды кеше жүріп, жаяу қашып құтыла алыпты. Тайып кетпегеніне тәубе айтады, әйтпесе, ағынмен бірге кететін еді.  

Испандық әлеуметтік желілердегі хабарламалар өңірлерді жайлаған хаос көріністерін суреттейді. X желісінде жарияланған видеороликтердің бірінде Пайпорта қарттар үйінде мүгедек арбасына таңылған қорғансыз қариялардың еш қауқар таныта алмай, асхананы толтырып, тізеге дейін жеткен лайлы суға мұңая көз салған аянышты жағдайы бейнеленген. Олардың тағдыры не болғаны айтылмады.

Жоғалғандарды, құрбандарды іздеу жалғасты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу