Әлемнің 51-ші ракеткасы Юлия Путинцева Стамбулда өтіп жатқан WTA 250 турнирінің екінші айналымында WTA рейтингінің 76-шы сатысында тұрған швециялық Ребекка Петерсонды айқын басымдықпен жеңді - 6:2, 6:0. Небәрі бір сағаттан астам уақытқа созылған матчта 27 жастағы қазақстандық теннисші бір эйс орындап, бір қателік жіберді және 14 брейк-пойнттың жетеуін орындады. Енді Юлия 22-сәуір күні Айла Томляновичпен (Аустралия) сынға түседі.
Әлемнің 19-шы ракеткасы Елена Рыбакина Германияның Штутгарт қаласында өтіп жатқан Porsche Tennis Grand Prix жарысының екінші айналымында әлемдік рейтингте үшінші орында тұрған испаниялық Паула Бадосадан жеңіліп қалды, – 2:6, 6: 4, 6:7 (4:7). 2 сағат 32 минутқа созылған матчта Елена бес эйс және дәл сонша брейк жасап, допты ойынға қосу кезінде төрт рет қателесті. Үшінші сетте Рыбакина 0:4 есебімен ұтылды. Бірақ ойынды тай-брейкке жалғастырып, тартысты күресте барын салғанымен, жолы болмады.
Сонымен қатар Нью-Делиде 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы командалық Әлем чемпионатының Азия/Океания аймағының іріктеуінің 1/4 финалында қазақстандық теннисшілер Үндістан құрамасынан жеңіліп қалды - 0:2. Алғашқы ойында Сәтима Төреген бірінші сетті 6-4 есебімен ұтып, екіншісінде 3-0 есебімен алға шықты. Бірақ ауа райы жас қазақстандық теннисші қыздың жағдайына әсер етіп, ақыры үш сетте жеңіліс тапты. Екінші ойында да Ариана Гогулина екі сетте қарсыласына есе жіберді. Ертең біздің жасөспірімдер 5-орын үшін матчта Таиланд құрамасымен сынға түседі.
Ермұхамед Мәулен