Сонымен, ит жылында жүзеге асырылатын жобаның бірі – "Maker" ЖШС-ның "Машина жасау өндірісін жаңғырту" жобасы. Жобаның құны – 13762 млн теңге. Кәсіпорын жаңғыртудан өткенде, 99 жұмыс орны құрылады. Жобалық қуаттылығы артады. Жылына 11900 тонна өнім шығаруға мүмкіндік алады.
Негізі, жобаның міндеті – қолданыстағы машина жасау өндірісін жаңғырту. Өндірістік қуаттылығы 3-4 мың тоннадан 12 мың тоннаға дейін ұлғаяды. Ал, зауыттың өзі 80% жаңарады. Еуропа, Америка, корей, түрік өндірушілерінің алдыңғы қатарлы құрылғыларымен жабдықталады. Замануи құрал-жабдықтар осы зауыттан табылмақ. Жаңғыртудан кейін зауыт өнімін шетел нарығына шығарып, сонымен бірге, импорт алмастыруды 70%-ға дейін қамтиды деп күтілуде.
Бұдан кейінгі жоба – "YDD Corporation" ЖШС "Қарағанды қаласында ферросилиций өндірісі бойынша зауыт құрылысын салу" жобасы. Зауыттың жобалық құны – 30600 млн теңге шамасында. Зауыт жұмысын бастағанда 300 жұмыс орнын ұсынбақ. Жобалық қуаттылығы – 108000 тонна деп болжануда.
"Global Lime Industries" ЖШС-ның "Сарыоба әктас кен орны базасында жоғары сапалы әктас өндірісі бойынша зауыт құрылысын салу" жобасы. Жобаның құны – 8100 млн теңге, 105 жұмыс орны ашылады. Жобалық қуаттылығы – 500 мың тонна. Жалпы, қолда бар деректерге сүйенсек, мұндай зауыттың баламасы, тіпті,ТМД аумағында жоқ. Жобаның Қазақстан үшін мәні – аталған жобаға әлемдік технологияның тартылып, импортты алмастыруға, шетелге өнім шығаруға мүмкіндік беретіндігінде болса керек. Сондай-ақ, Осакаров ауданында бой көтеретін зауыт ауданның инфрақұрылымының жақсаруына да ықпал етпек. Сол өңірде жоғары білікті мамандардың қалыптасып, тұрғындардың тұрақты жұмыспен қамтылуына мұрындық болады.
Әлбетте, аймақ бұл жобалармен шектеліп қалмақ емес. Біз әуелгі маңызы мен мәніне басымдық берілген жобаларға тоқталдық. Жоғарыда аталған үш жобаның өзі жүзеге асқанда аймақта 500 жаңа жұмыс орны пайда болады екен.
Қызғалдақ Айтжанова, Қарағанды