Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың атына "АМАНАТ" партиясы фракциясының жолдаған депутаттық сауалында айтылды, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Жақында біз ақпараттық жүйелерімізге жүйелі, ұзаққа созылған сыртқы кибершабуылдардың куәсі болдық. Олар жеке пайдаланушыларға да, жалпы мемлекетке де елеулі зиян келтіреді. Цифрландыру мен жаңа технологиялар бәрімізге ұнайды, бірақ олар қорғансыз қалу қаупін арттыратынын ескеріңіз. Сонымен бірге ақпараттық қауіпсіздік саласына тиісті көңіл бөлінбейді. Халықаралық индекстер бойынша рейтингтік жеңістерге негізінен заңнамалық базаны стандарттарға сәйкестендіру арқылы қол жеткізілді. Іс жүзінде бірқатар шешілмеген мәселелер бар", – деді депутаттық сауалмен таныстырған "АМАНАТ" партиясы фракциясының мүшесі Екатерина Смышляева.
Әңгіменің әлқиссасы салаға қаражаттың аз бөлінуіне сайып келеді. IT-ге қарастырылған шығындардың жалпы құрылымында ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған қаржы үлесі мардымсыз. Біздің елде шамамен 1% болса, АҚШ, Малайзия, Сингапур сынды мемлекеттерде көрсеткіш 10%-дан жоғары.
"Екіншіден ақпараттық қауіпсіздікті мемлекеттік бақылау саласындағы реттеушінің ресурстары шектеулі. Бүгінгі таңда 32 мыңнан астам ақпараттандыру нысанын министрліктің 5 қызметкері бақылайды. Әрбір нысанды кем дегенде бір рет тексеру үшін 400 жыл қажет болады", – деді спикер.
Сонымен қатар салада маман тапшы. Болжам бойынша, салаға 10 мыңға жуық маман қажет. Қазір тек 2 мың адам ғана жұмыс істейді.
"Қоғамдағы "кибергигиена" деңгейі төмен. Мысалы, мониторинг деректері бойынша деректердің тарап кету оқиғаларының 95%-ы пайдаланушылар рұқсатты өз еркімен бергенде орын алады", – деді Екатерина Смышляева.
Фракция мүшелері аталған мәселелерді шешу үшін цифрландыруға және ІТ секторды дамытуға жұмсалатын шығындардың жалпы құрылымында ақпараттық қауіпсіздікке жұмсалатын шығындар үлесін ұлғайту және оны 10%-ға дейін жеткізуді ұсынды.
Бұл тұрақты және қауіпсіз жұмыс істеуді жоспарлап отырған барлық салалық министрліктерге – ақпараттық жүйелер мен жеке ресурстардың әкімшілеріне қатысты болмақ.
Сонымен қатар фракция ақпараттық қауіпсіздік саласындағы барлық IT мамандар мен бірқатар инженерлік мамандықтардың санын ұлғайту керек деп есептейді.
"Ақпараттық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік бақылау институтын күшейту, осы бағыттағы ғылыми-зерттеу жұмыстарына көңіл бөлу маңызды. Мемлекеттік ақпараттық саясат аясында цифрлық сауаттылық және "кибергигиена" бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізу керек. Өз тарапынан фракция депутаттары сарапшылармен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, заң шығару бастамасы аясында аталған өзгерістерге құқықтық қолдау көрсетуге дайын", – деген ұсыныс айтты партия фракциясының мүшесі.