Өткен жылдың қорытындысы бойынша IT-қызметтер экспорты 1 миллиард доллардан асты. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Мемлекет басшысы Alem.ai battle және AI Governance Cup байқауларының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде жаппай цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу елімізді жан-жақты жаңғыртудың негізгі факторларының бірі екенін атап өтті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша біз IT-қызметтер экспортын 1 миллиард доллардан астам деңгейге жеткіздік. Осы қарқынды сақтап қалу үшін бар күш-жігерді жұмылдыру қажет. Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, 2030 жылға қарай жасанды интеллектінің әлемдік экономикаға қосатын үлесі 22 триллион доллардан асады", – деді Үкімет басшысы.
Олжас Бектеновтің сөзінше, IT-сала ерекше қарқынмен дамып келеді, сондықтан жаһандық ауқымдағы цифрлық бәсекеге қабілетті болу үшін жұмыла жұмыс істеу керек.
"Еліміздің кәсіпорындарында цифрлық технологияларды енгізу өнімнің сапасын, еңбек қауіпсіздігі мен өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Жасанды интеллектіні тиімді пайдалану үшін инфрақұрылымның даму деңгейі маңызды рөл атқарады. Біздің елімізде Alem.Cloud және AL Farabium өңірдегі ең ірі суперкомпьютер кластерлері орналасқан. Олар жаһандық TOP-500 рейтингіне кіреді. Мемлекеттік органдар мен бизнес тарапынан жасанды интеллект шешімдерін әзірлеу үшін суперкомпьютердің есептеу қуаттарын бөлуге қатысты өтініштер саны артты. Бұл қолданыстағы көлемдерді ұлғайту және осындай ресурстарды бөлудің икемді саясатын әзірлеу қажеттігін көрсетеді", – деді Премьер-министр.
Жасанды интеллект министрлігіне есептеу қуатының шектеулі болуы тежеуші факторға айналып кетпеуі үшін тиісті шараларды қабылдау тапсырылды.