Қазақстанда киберқауіпсіздікке қатысты жүйелі көзқарас қалыптасып келеді. Бұл туралы ақпараттық қауіпсіздік аудиторы Лаура Тлепина айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Киберқауіпсіздік – бүгінгі таңда тек IT саласының мәселесі емес, ол мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігінің маңызды бөлігі. Себебі мемлекеттік қызметтер, банк жүйесі, денсаулық сақтау, энергетика, көлік және азаматтардың жеке деректері цифрлық инфрақұрылымға тікелей тәуелді, дейді спикер.
"Кибершабуылдың салдары бір ақпараттық жүйенің уақытша істен шығуымен ғана шектелмеуі мүмкін. Ол мемлекеттік қызметтердің тоқтауына, қаржылық шығындарға, құпия және дербес деректердің таралуына, сондай-ақ азаматтардың мемлекеттік және қаржы институттарына деген сенімінің төмендеуіне әкелуі ықтимал. Сондықтан киберқауіпсіздікті қосымша техникалық шығын ретінде емес, мемлекеттің, бизнестің және азаматтардың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ететін стратегиялық инвестиция ретінде қарастыру қажет. Цифрландыру деңгейі жоғарылаған сайын киберқауіпсіздікке қойылатын талап та соғұрлым күшеюге тиіс. Қарапайым тілмен айтқанда, цифрлық мемлекет құрып отырып, оның "есігі мен құлпын" кейін орнатуға болмайды", – деді Лаура Тлепина.
Сарапшы бұл бағыттағы оң өзгерістерді атап өтті.
"Бірінші оң өзгеріс – Қазақстанда киберқауіпсіздіктің заңнамалық және институционалдық негізінің күшеюі. 2026 жылы заңнама жаңартылып, киберқауіпсіздік саласындағы мемлекеттік органдардың, ұлттық және салалық орталықтардың, компьютерлік оқиғаларға ден қою қызметтерінің өкілеттіктері жүйеленді. Заңда киберқауіпсіздік оқиғаларына ден қоюдың ұлттық жоспары, аса маңызды цифрлық объектілердің резервтік көшірмелері, бастапқы кодтардың ұлттық репозиторийі және салалық орталықтар арасында ақпарат алмасу сияқты тетіктер көзделген", – деп түсіндірді ол.
Екіншісі – киберқауіпсіздіктің мемлекеттік стратегиялық жоспарлаудың ажырамас бөлігіне айналуы.
"2029 жылға дейінгі Digital Qazaqstan стратегиясында орнықты цифрлық инфрақұрылым құру, заманауи шифрлау стандарттарын енгізу, маңызды объектілерді сыртқы қауіптерден қорғау және азаматтарды интернет-алаяқтықтан қорғайтын ұлттық экожүйені дамыту қарастырылған. Үшінші оң қадам – киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ұлттық даму институтының айқындалуы. Бұл саланы үйлестіруге, әдістемелік қолдауды күшейтуге, отандық құзыреттер мен технологияларды дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ақпараттық жүйелерді қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін тексеру, осалдықтарды анықтау, қауіпсіздік операциялары орталықтарын дамыту және киберинциденттерге жедел ден қою мәселелеріне назар артып келеді", – деді сала маманы.
Ақпараттық қауіпсіздік аудиторының айтуынша, қабылданған заңдар мен стратегиялардың болуы жеткіліксіз, негізгі нәтиже олардың іс жүзінде орындалуына байланысты.
"Ұйымдар киберқауіпсіздікті бір реттік тексеру немесе есеп үшін жасалатын рәсім ретінде емес, тұрақты басқарылатын процесс ретінде қабылдауы керек. Бұл үшін жүйелі аудит, тәуекелдерді бағалау, қызметкерлерді оқыту, резервтік көшіру, инциденттерге ден қою жоспарларын тұрақты сынақтан өткізу және басшылықтың жеке жауапкершілігі қажет. Жалпы алғанда, Қазақстанда киберқауіпсіздікке қатысты жүйелі көзқарас қалыптасып келеді. Ендігі маңызды міндет –нормативтік талаптарды нақты әрі өлшенетін қауіпсіздік нәтижелеріне айналдыру", – деді Лаура Тлепина.