"Астана" командасында италиялық шабандоз Джанни Москон өнер көрсететін болады. Біркүндік және жекелей жарыстардың 27 жастағы маманы алдағы екі маусымды қазақстандық командада өткізеді (2022 және 2023 ж).
"Бір командада алты жыл өткізгеннен кейін, мансабымда жаңа қадам жасау жауапкершілігі тұр. Бұл мен үшін жаңа сынақ, өсу үшін мотивация, жаңа тәжірибе деп ойлаймын және барлығы сәтті өтетініне сенімдімін. Осы жылдар ішінде көп тәжірибе жинадым. Енді оны жаңа ұжымда, жаңа ортада барынша пайдаланғым келеді. "Астана" сапындағы бірінші маусымымда командаға мүмкіндігінше пайдамды тигіземін деп үміттенемін. Әрине, жеке жетістіктерге де жетуге тырысамын. Жоғары деңгейдегі жарыстарда абыроймен өнер көрсете аламын деп үміттенемін. Жаңа командамен, бас менеджер Александр Винокуровпен, бапкерлермен және спорт директорларымен бірге біз әлі де жаңа маусымға арналған жоспарларды талқылап, құруға тиіспіз. Күнтізбеде үлкен және маңызды жарыстар көп. Сондықтан өзімді көрсетіп, маңызды нәтижелерге қол жеткізе аламын деп үміттенемін", - деді Джанни Москон.
Джанни Москон шабуылдау стилімен жақсы танымал. Ол біркүндік жарыста да, көпкүндік жарыстарда да дәл осы стилімен жеңіске қол жеткізген. Жасөспірімдер арасында тамаша жетістіктерге (мысалы, 23 жасқа дейінгі шабандоздар арасындағы Италия чемпионатының топтық жарысында, "Ломбардия турының" жастар нұсқасында, біркүндік "Трофео Сан-Вендемьяно жарысында жеңіске жеткен) жетіп, 2016 жылы өзінің алғашқы кәсіби келісім-шартына қол қойды. Содан кейін де Джанни Москон кәсіби деңгейде жоғары нәтижелер көрсетті.
Сонымен, 2016 жылы италиялық шабандоз "Норвегияның арктикалық жарысының" жалпы есебінде жеңіске жетті және "Халықаралық Коппи-Бартали апталығының" жалпы есебінде үшінші нәтиже көрсетті. 2017 жылы ол жекелей жарыста Италия чемпионы атағын жеңіп алды. Ал "Ломбардия туры" монументалды классикалық жарысында үшінші болды. 2018 жылы "жекелей уақытқа арналған" сайыста ел чемпионы атанып, "Джиро делла Тоскана", "Коппа Агостони" велододаларында жеңіске жетіп, "Гуанси турының" жалпы есебінде үздік нәтиже көрсетті.
2021 жылғы маусымда Москон "Альпі турының" екі кезеңін және "Лугано Гран-приін" жеңіп алды.
"Жан-жақты әрі мықты шабандоз - Джанни Москонаны командамызға шақырғанымызға қуаныштымыз. Ол бір күндік жарыстарда ғана емес, жекелей жарыстарда да өзін тамаша сезінеді. Сонымен қатар кез келген Гранд-турда көшбасшыға мықты қолдау көрсете алатын шабандоз. Бір командада алты жыл жұмыс істегеннен кейін оның "Астанаға" ауысуы жас спортшыға дамуға деген жаңа серпін береді, шабыттандырады және оның бай әлеуетін одан әрі ашуға көмектеседі деп сенеміз. Шабандозбен келісім-шарт екі маусымға арналған. Джанни Москонаның біздің командаға ауысуы бір күндік жарыстарда да, Гранд турларда да команданың позициясын сөзсіз нығайтады", - деді "Астана" командасының 2022 жылдағы бас менеджері Александр Винокуров.
Ермұхамед Мәулен