Тіпті, Камбоджа және Сауд Арабиясы дүбірлі додада тұңғыш рет бақ сынайды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
IX қысқы Азия ойындары Қытайдың Харбин қаласында жалауын желбіретеді.
Қысқы Азия ойындары Атқару комитетінің Спорттық жарыстар департаментінің директоры және Жарысты басқару орталығы қолбасшысының орынбасары Ли Гуанның сөзінше, Азияның 34 елі мен аймағынан барлығы 1275 спортшы (755 ер, 520 әйел) тіркеліп үлгерген.
Харбин қаласы осымен екінші мәрте қысқы Азия ойындарын өткізу құрметіне ие болып отыр. Еске салсақ, 1996 жылы ІІІ қысқы Азия ойындары да осы қалада өткен-ді. Байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасы 14 алтын, 9 күміс, 8 қола медальмен жалпыкомандалық есепте 2-орынға ие болған. Бірінші орынды жарыс қожайындары алды.
Сонымен, IX қысқы Азия ойындары 2025 жылдың 7-14 ақпаны аралығында Қытай Халық Республикасы Хэйлунцзян провинциясының Харбин қаласында өтеді. Спортшылар 12 спорт түрінен 64 медаль жиынтығына таласады.
ҚР Туризм және спорт министрлігі 139 спортшының ел намысын қорғайтынын хабарлады.