2025 жылы Харбин қаласында өтетін IX қысқы Азия ойындарының басталуына 100 күн қалды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Спортшылар 12 спорт түрі бойынша 64 медаль жиынтығын сарапқа салады.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, дүбірлі дода тарихта ең көп ел қатысқан қысқы Азиаданың бірі болмақ. Қазіргі уақытта 34 ел/аймақтан 1500-ге жуық спортшы өтініш беріп үлгерді.
Қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитеті бас хатшысының орынбасары, Харбин қалалық халық үкіметі мэрінің орынбасары Чжан Хайхуаның айтуынша, Азияның тропикалық аймағында орналасқан елдердің қысқы спортқа қызығушылығы артып келе жатыр.
Ол Камбоджа мен Сауд Арабиясы қысқы Азия ойындарына алғаш рет қатысқалы отырғанын да жеткізді.
Харбин қаласы қысқы Азия ойындарын екінші мәрте өткізгелі отыр. Бұған дейін, ІІІ қысқы Азия ойындары 1996 жылы осы қалада өтіп, 17 ел/аймақтан келген 458 спортшы сынға түскен болатын. Қазақстан құрамасы сол жылы 14 алтын, 9 күміс, 8 қола (барлығы 31) жүлдемен жалпы есепте жарыс қожайынынан кейінгі 2-орыннан көрінген