Ким Чен Ын қауқарынан айрылса немесе о дүниелік болса, Солтүстік Кореяны кім басқарады? Пхеньян бұл мәселеге қатысты әзірге ашық мәлімдеме жасаған емес. Кимнің кішкентай балалары туралы да дерек жоқ. Мемлекет жетекшісінде ұрпақ болса, ол ізбасар өскенше, изоляциядағы елдің тізгіні Кимнің қарындасының қолына өте ме? Мұны да жауапсыз сауал деуге болады.
Оңтүстік Корея мен Қытайдың ресми өкілдері 36 жастағы Ким Чен Ынның жүрек-қан тамырлары ауруына ұшырап, хал үстінде жатқанын жоққа шығарып отыр. Айта кетсек, билікке келгелі салмағы тіпті артқан әрі темекіге тым әуес Кимнің денсаулығына қатысты қауесет Солтүстік Корея лидері 15 сәуірде атасы Ким Ир Сеннің туған күніне арналған маңызды мемлекеттік шараға қатыспағаннан кейін тарай бастады.
Солтүстік Кореяны Кимдер династиясы 1948 жылдан басқарып келеді. Коммунистік мемлекеттің басшылығындағы кез-келген өзгеріс билік бос қалады немесе әулет күйрейді деген болжамдарға негіз болды.
Бірақ сол болжамдардың ешқайсысы орындалған жоқ. Кимдердің үшеуі де Солтүстік Корея басшылығына сәтті жетіп, елді темірдей тәртіппен басқарды және басқарып келеді. Алайда Ким Чен Ын тұсында елдің ядролық қару және баллистикалық зымырандар арсеналы айтарлықтай өсті. Ал, Кимнің халі нашарласа немесе ол КХДР-ды басқару қауқарынан айрылса, осы қару кімнің бақылауына өтеді? Бұл – халықаралық қауіпсіздік жүйесі де үшін алаңдатарлық мәселе.
Солтүстік Корея басшылығындағы негізгі тұлғалар төмендегідей. Олар билік ауысқан жағдайда қандай рөл атқаруы мүмкін?
Ким Ё Чжон
Кимнің қарындасы соңғы екі жылда мемлекет лидерінің жанынан табылып, әлем ақпарат құралдарының назарына бірнеше рет ілікті. Ол биліктегі Жұмысшылар партиясының аса пәрменді органы – Орталық Комитет директорының орынбасары қызметін ресми түрде атқарып келеді. Бейресми тілмен айтқанда Солтүстік Корея жетекшісінің қарындасы ағасының әкімшілігін басқарады.
Сонымен қатар, осы айда Ким Ё Чжон Жұмысшылар партиясы Орталық Комитеті Политбюросына мүше болып, басшылық иерархиясында тағы бір маңызды постқа көтерілді.
Болжамдарға қарағанда, Ким Чен Ынның қарындасы қазір 31 жаста болса керек. Ол негізгі партиялық функцияларды қатаң бақылап, елді ұжымдасып басқаруда басты тұлғаға айналды деген болжам бар.
"Ким Ё Чжон негізгі билікті өз қолына алып, басшылықты ұйымдастыру, сот жүйесі және қоғамдық қауіпсіздік салаларына бақылау орната алады",– дейді Сеулдегі Корея ұлттық бірігу институтының маманы Чо Хан-бум "Рейтер" агентігіне берген сұхбатында.
Партия лидерлері
Чо Рён Хе былтыр Жоғары Халықтық Жиналыс Президиумының президенті болып тағайындалып, Солтүстік Кореяның номиналды басшысы атанды. Ол енді Политбюро мүшесі әрі бұрынғы мемлекеттік премьер Пак Понг Джумен бірге ұжымдық басшылықтағы негізгі лидерлерге айналуы мүмкін.
Ким Ён Чолға тоқталсақ – ол биліктегі партия төрағасының орынбасары және де бұрын ядролық мәселелер жөніндегі жетекші елші болды. Чол сыртқы істер министрі Ри Сон Гвонмен бірігіп, АҚШ-пен арада тұралаған ядролық қарусыздану жөніндегі келіссөздерді қайта жандандыру тәрізді дипломатиялық мәселерді шешуге тартылуы мүмкін.
Бір әкеден туған ағайындылар және тәте
Ким Чен Чхоль – Солтүстік Корея лидерінің бір әкеден туған ағасы. Бірақ ол мемлекет басқару істеріне араласпаған жан. Бұрын Солтүстік Кореяның Лондондағы елшісінің орынбасары болып, кейін Оңтүстікке қашқан Тэ Ен Хо-ның айтуынша, Ким Чен Чхоль музыкаға әуес әрі тыныш өмірді қалайды.
Дегенмен, кейбір бақылаушылардың сөзінше, Чхоль қоғамдық өмірге қызықпаса да, інілерімен, қарындастарымен араласып, кейіннен күтпеген жерден мемлекеттік шараларға белсенді түрде қатыса бастауы мүмкін.
Ким Чен Хуэй – Ким Чен Ынның марқұм әкесі Ким Чен Ирдің туған қарындасы. Бір кездері ол Солтүстік Корея басшылығында аса ықпалды адам болды. Алайда 1913 жылы Ким Чен Ын оның күйеуі – сол кездегі елдің екінші ықпалды саясаткері Джанг Сонг Тхэкті өлім жазасына кесті. Содан кейін Хуэй жұрт назарынан ғайып болды. Кимнің тәтесі жұбайының қазасынан соң, ұзақ уақыт ауырып, осы жылдың басында алғаш рет інісі Ким Чен Ынмен бірге гала-концертте көзге түсті.
Төртінші толқын
Ким Чен Ынның үш баласы болуы керек. Солардың соңғысы Ри Сол Юн 2017 жылы туған. Мұндай мәліметті Оңтүстік Корея Ұлттық Барлау Қызметі таратып отыр. Ал, Кимнің ең үлкен ұлы – 10 жаста. Бірқатар сарапшының ойынша, бұл жеткіншектердің біріне Солтүстік Корея билігіндегі Кимдер династиясының төртінші толқыны атану үшін туған-туыстары мен саяси басшылықтың қамқорлығы қажет болады.
Ким Ир Сен өз ұлы Ким Чен Ирді билікке 20 жылдай әзірлеген. Ал, Ким Чен Ир Солтүстік Кореяның қазіргі басшысын ең жоғары постқа небәрі бір жыл ғана дайындады. Өйткені ол денсаулығы күрт нашарлап, жүрек таламасынан 2011 жылы қайтыс болып, ұлын билікке ұзақ баулып үлгермеді.
"Ким Йо Чжонның билікті тарпа бас салуы екіталай. Дегенмен, ол ағасының балалары өскенше, елді уақытша басқаратын режим құруға көмектесуі мүмкін. Ким Чен Чхоль да бұл іске жәрдемші болып жатса, таң қалмаспыз", – дейді Сеулдегі Азия саяси зерттеулер институтының ғылыми қызметкері Го Мён Хен.
Арнайы пойыз
Дегенмен, сәуірдің 21-23-і күндері аралығында Ким Чен Ынға тиесілі болуы мүмкін арнайы пойыз Вонсан деген қаланың "басшылар станциясында" тұрған. Мұны Вашингтонда Солтүстік Кореяны бақылаумен айналысатын 38 North мониторингтік жобасы спутниктен түсірілген суреттерге сүйеніп хабарлап отыр.
Осы жағдаймен таныс үш адам "Рейтер" агенттігіне берген сұхбатында айтқандай, Қытай Солтүстік Кореяға бір топ аттандырды. Соның ішінде Ким Чен Ынға кеңес беретін дәрігерлер де бар. Ал, Newsis ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Ким Вонсанда коронавирустан қорғанып жатса керек.
Соңғы рет 11сәуірде бір жиынға төрағалық етіп көзге түскен Ким Чен Ын 2014 жылы бір айдан астам жоғалып, кейін Солтүстік Корея мемлекеттік телеарнасы оның ақсаңдап жүргенін көрсеткен еді.
Ал 26 сәуірде елдің орталық радиосы Ким Чен Ынның жүрегіне жасалған сәтсіз операциядан ауыр халге түскенін, тіпті қайтыс болғанын жоққа шығарып, мемлекет жетекшісінің "белсенді қызметте" жүргенін және оның Самчжиён қаласындағы құрылысшыларға құттықтау жолдағанын хабарлады.
Арыс Әділбекұлы