Израиль әскері Газадағы жеңісіне күмәндана бастады

3652

Бұл туралы израильдік сарапшылар айтуда.

Израиль әскері Газадағы жеңісіне күмәндана бастады Фото: scmp.com

Израиль 8 қарашада тұңғыш рет Газа қаласында гуманитарлық үзіліс жариялады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Үзіліс әзірге тек 4 сағатқа созылған. Осы уақытта израильдік армия палестиналық қалаға әуеден, теңізден және жерден соққылауын уақытша доғарды. Осы арқылы көп күннен бері үздіксіз, үстемелеткен шабуылдан паналарда, жертөлелерде тығылып, аштық пен шөлден, дәрі-дәрмектің жоқтығынан титықтаған газалықтарға азық пен су табуға шамалы болса да мүмкіндік берілді. 

"Газа секторын бомбалау, авиасоққы саны жөнінен 8 қараша күрт ерекшеленді. Бұл күні бүкіл өңір бойынша соғыс басталғалы бергі әуе соққыларының ең төмен қарқыны тіркелді. Елу мыңдай палестиналық осы мүмкіндікті пайдаланып, жермен-жексен етіліп, қиратылып жатқан Газаның солтүстігінен оңтүстігіне қарай Салах-әд-Дин тас жолымен босыды. Үзіліс қарсаңында, таңертең Дейр-әл-Балах қаласына әуеден соққы жасалды. Шаһар Газа секторының орталық бөлігінде орналасқан. Сондай-ақ Газа қаласының өзі, анклавтың солтүстігі соққыланды. Онда ең кемі 40 палестиналық қаза тапты, жаралылар ондап саналады. Содан соң израильдік армия тұрғындарға ауызсу мен тамақ табуы үшін алғаш рет Газа қаласының 3 ірі орталық кварталында 4 сағаттық гуманитарлық үзіліс жариялады. Алайда халық су мен азық-түлікті алатын жер қалмағанына шағымданады", – деп хабарлады британдық ВВС.

Оның мәліметінше, соғыстың қалған сегіз бағытында шайқастар жалғасқан, дегенмен әскери іс-қимылдардың қарқыны бұрынғыдан біршама баяулады. ВВС израильдік құрлық әскерлері Газа қаласын қоршауды күшейткенін, Газа секторын қаққа бөліп, теңізге дейін шығып, жағалаулық стратегиялық жолды өз бақылауына алғанын нақтылады.

Хамас тұтқынындағы келілдердің тағдырына қатысты келіссөздер барысымен таныс дереккөздеріне сілтеме жасаған Батыс ақпарат құралдарының мәлімдеуінше, гуманитарлық үзіліске Американың қысымымен қол жеткізілді. Қазіргі уақытта 12 кепілді босату туралы келіссөздер жүргізілуде, олардың жартысы – АҚШ азаматы. Оған айырбас ретінде Хамас бірер сағаттық емес, 3 күндік үзіліс сұраған. Израиль бұған келіспеді, осы уақытты пайдаланып, жауы сырттан қосымша күш, көмек алғызады, қайта топтасып үлгереді деп қорқады.  

"Мен барлық жақтан қаулаған, өзегі өтіріктен құралған қаптаған өсектерге нүкте қойғым келеді. Мына қарапайым шындықты саналарыңызға құйып алыңыздар. Кепілдегі біздің барлық адамдарымыз босатылмай, ешқандай атысты тоқтату деген болмайды", – деп кесіп айтты осының алдында Изриальдің басшысы Биньямин Нетаньяху.

Алайда америкалық тоқпақ мықты болса керек, артынша қысқа уақытқа болса да, атысты доғарып, үзіліс жариялады.

"Израиль қазіргі қарқындағы және кең ауқымдағы шабуылды жүргізе алатын уақыт диапазоны шексіз емес, ұзақ та емес. Израильдің Хамасты жою шешімін қолдағанымен, Америка Құрама Штаттары атысты тоқтату қажеттігін айтып, барған сайын соған табандауда. Америка Израильдің әскери іс-қимылдарды жүргізу тәсілдерін жуырда қайта қарау қажет болатынын меңзеп отыр", – деп жазады израильдік "ХаАрец" басылымы.

Оның үстіне израильдік әскери сарапшылар Хамастың өз күшін кейінге сақтап отырғанына, Израильдің Газа туннелдерінің шынайы масштабын және қаупін жете бағаламағанына назар аударта бастады.

Цейлим әскери базасына барған Премьер-министр Биньямин Нетанияху "Эгоз" және "Харув" арнайы жасақтары жауынгерлерімен суретке түсіп, пафосты мәлімдеме жасады.

"Біздің тоқтау ниетіміз жоқ. Ұрыс даласынан көріністер, сонымен қатар әскери кабинетке түсіп жатқан баянаттар біздің ғаламат табыстарымызды куәландырады. Мен сіздерге әңгімелей кетейін. Бізге америкалық әскерилер келіп қайтты. Олар Иракта, соның ішінде Фалуджада және өзге мекендерде жерүсті операциясы кезінде неге маңдай соғып, дағдарғандарын түсіндіру үшін келіпті. Солардың өзі біздің жетістіктерімізге тәнті болдды. Біз тұтастай алғанда феноменалды табысқа жеттік", – деп мақтанды Нетанияху.

Алайда израильдік әскери сарапшы Амос Харэль Газада соғысып жатқан Израиль бөлімшелерінің командирлерімен, Бас штабтың офицерлерімен тілдесе келе, ондағы көрініс көңілсіз екенін айтады.

Мысалы, әлеуметтік желілерде кезекті шайқастан соң жиналып, ашық далада тынығып отырған израильдік жауынгерлер шоғырының ортасына хамастық дронның бомба тастап, біразын жайратып салғаны бейнеленген видео тарады. Ондай роликтер жетерлік.

Кеше Израиль Газа секторында "Гивати" бригадасының бронетранспортеріне Хамас ұшырған танкке қарсы зымыранның тиюі салдарынан, бірден 11 жауынгерінің қаза тапқанын растады. Израиль мәліметінше, алдын ала тексеру көрсеткендей, зымыранның тиюі нәтижесінде БТР ішінде "Матадор" гранатаметінің снаряды детонацияланып, жарылыпты. Соның кесірінен ішіндегі әскерилердің бәрі қырылып қалған. Бұған дейін Израиль "Намер" сияқты бронды техникаларының қорғанысы тиімді деп келген болатын.

"Газада соғысып жатқан әскерилерімізбен әңгімеден түсінгенім, ұрыс даласындағы шынайы картина шаттануға негіз болмайды, аса күрделі. Әскерилер израильдік құрлық күштерінің кәсібилігінің биік деңгейіне таңғалады. Олардың қайсарлығы, жауынгерлік рухы, әскери әуе күштерімен және барлаушылармен тығыз ынтымақтастығы – биік бағаға лайық. Израиль бөлімшелері Газа қаласын қоршады және тіпті оның оңтүстік пен батыс кварталдарына ене алды. Алайда бұл басы ғана, Хамастың шешуші шайқасқа қашан кірісетініне қатысты сұрақ жауапсыз қалып тұр. Сұрапыл ұрыстар жүруде. Соған қарамастан, Хамас өз содырларының басым бөлігін туннелдерде тығып ұстауды жөн санауда", – деді Амос Харэль.

Оның айтуынша, Израиль әскерімен тікелей атысуға, бетпе-бет қақтығысуға Хамас шағын жасақтарын ғана аттандырады. Олар торуылдап, тұтқиылдан тап береді, бронды техникаларға танкке қарсы снарядтар жаудырады. Олардың жүретін жолын миналайды. Сондықтан израилдік сарапшылар "радикалды топ негізгі, үлкен күштерін алдағы шешуші шайқастарға сақтауы мүмкін" деген болжам жасады.

Бұған қоса, соғыстың қазіргі кезеңінде Хамастың кепілдегілерді тегіс босату туралы келіссөздерден, яғни Израильдің басты талабын орындаудан үзілді-кесілді бас тартуының өзі "бұл ұйымның басшылығы өз жағдайын мүшкіл деп санамайтынының белгісі" болса керек.

Хамас зымырандық арсеналының басым бөлігін шығындамай, соғыстың келесі кезеңі үшін ұстап отыр деген ақпарат бар. 

Өз кезегінде Израильдің Оңтүстік округінің қолбасшылығы өз алдына қойылған міндеттерді орындау, соның ішінде Хамасқа жойқын соққы беріп, Газа секторының солтүстігін содырлардан толық тазартып шығу үшін көптеген ай қажет болатынын мойындады. Блиц-криг болмайды.

Израильдің сонша көп уақыты болмауы мүмкін. Джо Байденнің әкімшілігі Израильден өз армиясының басым бөлігін Газа секторынан шығарып, Хамас ұяшықтарын жоюға бағытталған нүктелі операцияларды ғана жүргізуді талап етуде.  

"Соғыстың немен тынатынына қатысты нақты жауап әзірге жоқ. Әңгіме тек Хамастың әскери және ұйымдастырушылық құрылымын бұзу туралы болып отыр. Оны толық жоюдың мүмкін еместігі туралы түсінік қалыптасуда. Себебі, идеологияны түп-тамырымен жою мүмкін емес. Нетанияху командасынан айырмашылығы, израильдік армияның басшылары "Амалекті тұқымымен құрту" деген сияқты популистік ұғымдарға жүгінбейді... Шешуші әскери жетістікке жету үшін Хамастың туннелдерін толық күйрету керек. Оларға қатысты бүкіл барлау мәліметтерінің шындықтан алыс болғанын, шын мәнінде содырлар жер астында тұтас қалаларды қазып шыққанын Израиль енді ғана түсіне бастады. Қала ішінде шайқас жүргізу қиын, ал жерасты қалаларының ішінде қалай соғысуға болады? Хамастардың туннелдері – осы тұрғыдағы әлемдегі ең ірі жоба", – деп талдады "ХаАрец" басылымы.

Израильдік және батыстық барлау қызметтерінің бағалауынша, Хамас топтары туннелдерде ұзақ айлар бойы тіршілік етуі мүмкін. Олар жерасты қапастарында тұншығып қырылуы үшін израильдік әскер туннелдердің желдету шахталарын тауып, бірінші кезекте қиратуға күш салуда. Бірақ бірқатар жерасты дәліздеріне кірген израильдік шабуылдаушы топтар олардың үлкен көлемде оттегі балондарымен қамтылғанын біліп, таң-тамаша болды. Ондай қорлар басқа жерден желдету шахталарын қазғанша, жетуі мүмкін.

Өткен аптада израильдік қорғаныс министрі Йоав Галант жерасты жолдарымен табысты күресудің жаңа технологиясын әзірлегендерін мәлімдеді. Егер онысы шынымен тиімді болып шықса, Хамас бұл артықшылығынан айрылып, осал жағдайда қалады. Сонда ғана Израиль бұл соғыстағы түбегейлі бетбұрысқа қол жеткізуі мүмкін.

Әзірге қос тарап дағдара бастағанға ұқсайды. Израиль тіпті Газа қаласына басып кіргенімен, оны өз бақылауында ұстап тұра алмай, ақыры тастап шығуға мәжбүр болуы ғажап емес. Өйткені қираған қаланың әр бұрышынан оның әрбір жауынгеріне қауіп төнетіні даусыз.

Кеше "Үлкен жетілік" (G7) елдері: АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Италия, Канада, Франция мен Жапония Израильден Газа қаласында ғана емес, бүкіл Газа секторында гуманитарлық үзілістер жасауды талап етті. Бұл елдердің сыртқы істер министрлерінің мәлімдемесінде айтылғандай, атысты уақытша доғару өңірге гуманитарлық көмек жеткізу, тұрғындарды қауіпті аймақтардан эвакуациялау және ұрланған израильдіктерді босату үшін қажет. Дегенмен, G7 өз мәлімдемесінде атысты толық тоқтатуға шақырудан бас тартты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу