Израиль бір мемлекетпен бітімді 3 аптаға ұзартты

Мұндай мәліметті Дональд Трамп әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Израиль бір мемлекетпен бітімді 3 аптаға ұзартты Фото: REUTERS / Mohamed Azakir

АҚШ президентінің сөзінше, бұл шешім Ақ үйде Израиль мен Ливанның жоғары лауазымды өкілдерімен кездесуі нәтижесінде қабылданып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

– АҚШ Ливанға "Хезболладан" қорғануға көмектесу үшін онымен бірлесе жұмыс істейді, – деп жазды Дональд Трамп.

Сонымен қатар, ол жақын арада Вашингтонда Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуды және Ливан президенті Джозеф Аунды қабылдауды жоспарлап отырғанын жасырмады. 

Жаза кеткен жөн, 16 сәуірде Дональд Трамп Израиль мен Ливан 10 күндік бітімге келгенін қуанышпен хабарлады. Оған дейін Ақ үйде осы қос ел арасындағы соңғы 34 жылдағы алғашқы екіжақты келіссөздер ұйымдастырылды. 

Бұған дейін Израиль Ливанның радикалды "Хезболла" тобының позицияларына шабуылдап, соққы жасағаны белгілі. Аталған топ Иранды қолдау мақсатында Израиль аумағын атқылап келді. 

Бітім жарияланса да, өңірдегі жағдай әлі де күрделі саналады. 2 күн бұрын Ливан Израильді "әуе шабуылын жасады" деп айыптады. Соның салдарынан журналист Амаль Халил қаза тауып, тағы бір тілші жараланған. Израиль болса, өз әрекетін әскери қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттілігімен түсіндірген. 

Жалпы, Ливандағы атысты тоқтату Иранның АҚШ-пен жүргізген келіссөздеріндегі негізгі талаптарының бірі еді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу