Израиль екі соғыстың көлеңкесінде 7 қазан қырғынын еске алып жатыр

638

Осыдан тура бір жыл бұрын хамастықтар еврей мемлекетінің оңтүстігіне басып кірді. Содан кейін Израиль Газа секторында кек алу операциясын бастап, бүгінге дейін 42 мыңға жуық палестиналықты мерт қылды.

Израиль екі соғыстың көлеңкесінде 7 қазан қырғынын еске алып жатыр Фото: AP

Израильдіктер бүгін хамастықтардың жойқын шабуылының 1 жылдығын атап өтіп жатыр.

Айта кетсек, сол қанды оқиғадан кейін жаңа соғыс басталып, бүкіл әлемде Израильге наразылық күшейіп, Таяу Шығыс кең ауқымды аймақтық әскери жанжал қаупіне душар болып отыр.

Иерусалим мен Израильдің оңтүстігінде еске алу шаралары мен митингтер жергілікті уақытпен таңғы сағат 06:29-да басталды.

"Хамас" жасақтары былтыр қазанның 7-де дәл осы сәтте Израильдің күнгейіне күтпеген жерден басып кіргені белгілі.

Израиль үкіметінің мәліметінше, сол шабуылдан 1200-дей адам қаза тауып, 250-ге жуығы кепілге алынып, Газаға әкетілген.

Дүйсенбі күні бүкіл елде қауіпсіздік күштері жоғары дайындыққа көшірілді. Жергілікті полиция мен әскерилердің мәлімдеуінше, палестиналық қарулы топтар былтырғы қорқынышты тағы қантөгісті қайталауы ғажап емес.

Жалғасып жатқан соғыстың ауыртпалығын бастан кешіп жатқан Газада ресми түрде еске алу шаралары жоспарланып отырған жоқ. Мұнда жаппай қираған үйлер мен босқындар ғана Израильдің әзірге соңы көрінбейтін әскери жауабын үнемі еске салып отыр.

"Хамастың" Газа маңындағы израильдік қауымдастықтарға шабуылы мен Израильдің соған аяусыз жауабы Таяу Шығысты тіпті тұрақсыздандырып жіберді. Бұл аймақтағы адам қырғыны мен күйреу бүкіл әлемнің жанын түршіктіріп отыр.

Бүгін Израильден тыс жерлерде, төрткүл дүниеде Израильдің Газа секторындағы әскери науқанына қарсы ауқымды шерулер өтуі керек. Палестина денсаулық сақтау органдарының мәліметінше, Израильдің соққыларынан соңғы бір жылда Газада 42 мыңға жуық адам қаза тауып, 2,3 миллион халықтың басым бөлігі үйлерін тастап кеткен.

Палестиналық исламшыл топтың күтпеген шабуылы – мықты армиясымен мақтанатын Израиль үшін қауіпсіздік саласындағы ең ауыр сәтсіздіктердің бірі. Бұл шабуыл – Израиль тарихындағы ең қанды күндердің бірі және де ол азаматтардың "қауіпсізбіз" деген сезімін күйретіп, билікке деген сенімін жаңа минимумға дейін сетінетті.

Мерт болғандардың көпшілігі – үйлерінде, жолдарда және ашық аспан астындағы музыка фестивалі алаңында қырғынға ұшырады. Олардың ішінде әйелдер, балалар, қарт адамдар, сонымен қатар Газа шекарасына жақын орналасқан армия базаларында қызмет еткен сарбаздар болды.

Израиль күштері Газада "Хамастың" билігін тоқтату және оның әскери әлеуетін жою операцияларын жалғастырып жатыр. Ал  кепілге әкетілгендердің саны 101-ге дейін кеміді.

Дегенмен, соғыстың бағыты солтүстікке, Ливан жаққа біртіндеп ойысып барады. Былтыр қазанның 8-нен бері Иранға арқа сүйеген ливандық "Хезболла" Израильге мыңдаған ракета ұшырған. Соны тоқтату үшін Израиль армиясы қазір хезболлалықтармен шайқасып жатыр.

Шектеулі атыстар "Хезболланың" Бейруттағы бекіністерін бомбалауға және шекаралас ауылдарға жаяу әскер кіргізуге ұласты. Бұл операциялардың мақсаты – Ливанның оңтүстігіндегі хезболлалық содырларды жойып, ондаған мың израильдіктің еврей мемлекетінің солтүстігіндегі үйлеріне оралуына мүмкіндік жасау.

Израильдің шабуылдарынан Ливанның оңтүстігінде соңғы екі аптада 1000-нан астам адамның өмірі қиылып, 1 миллионнан астам тұрғын үйлерін тастап кетті.

Кейінгі бірнеше айда Израильдің қастандықтарынан "Хезболла" мен "Хамас" басшылары өлтіріліп, пейджерлер мен рациялар жарылып, "Хезболла" күрделі шабуылдарға ұшырағаннан кейін, израильдіктердің қауіпсіздікке сенімі қайта оралғандай.

Бірақ "Хезболлаға" қарсы операциялар Иранды қазанның 1-де Израильге зымыран жаудыруға итермелеп, аймақта кең ауқымды соғыс қаупін күшейтті. Израиль болса, қуатты жауының ракеталық шабуылына қатал жауап беруге уәде етіп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу