Израиль-Газа секторы – "нәзік" бітім

2420

Бірқатар сарапшы Египеттің делдалдығының арқасында Израиль мен палестиналық "Ислам жиһады" тобы қол жеткізген бітімге "нәзік" деген баға берді. 

Израиль-Газа секторы – "нәзік" бітім
>Келісім күшіне енгенге дейін Израиль әскері Газаға шабуылдауын тоқтатпап еді. 
 
Сектордың солтүстігіндегі Джабалия қаласында жүздеген адам үш күнге созылған шиеленістің аяқталуын атап өту үшін көшеге шықты. Қақтығыс салдарынан 44 палестиналық қаза тапты. Оның 15-і – бала.
"Енді бізде соғыс болмайды деп үміттенеміз. Өз өмірімізді Газада өз еркімізше сүруге құқығымыз бар. Біз жыл сайын немесе бірнеше күн сайын соғыс болғанын қаламаймыз, біз бұдан бұрын болған соғыстан бері әлі есімізді жия алмай келеміз", – дейді Джабалия тұрғыны Атаа Фуад.
Израиль әскері ештеңеге сенбейтінін Қорғаныс министрі Бени Ганц ел әскерінің Бас штабының басшысы, Моссад директоры және ISA басшысымен өткен кездесуде мәлім етті.
 
Ол қарулы күштерге жауынгерлік дайындықта болуды тапсырды.
 
Израиль 5 тамызда басталған операция "алдын-алу" сипатына ие екенін, Газа секторы еврей мемлекетінің бейбіт тұрғындарына шабуыл жоспарлағаны туралы барлау деректері негізінде жүргізілгенін айтады.
 
Сарапшылар болса, бұл үш күндік қақтығыстың саяси негізі бар деп санайды (1 қарашада Кнессет сайлауы өтеді).
 
Израиль Премьер-Министрі Яир Лапид "Ислам жиһады" тобына қарсы Газа секторында жүргізілген "Таң" операциясының сәтті өткенін мәлімдеді.
 
Лапид Қорғаныс министрі Бени Ганцпен бірге елдің оңтүстігіндегі қорғаныс армиясының командалық пунктіне барып, әскери қызметкерлермен кездесті. Содан кейін ол Экономика және өнеркәсіп министрі Орна Барбиваймен бірге Газа секторының шекарасына жақын орналасқан Сдерот қаласының жергілікті әкімшілігімен сөйлесті.
 
ХАМАС – аймақтағы ең ірі қарулы топ. Ол қақтығыс кезінде зымырандарын ұшырмады. Идеология бойынша ол "Ислам жиһадына" ұқсас және әдетте өз әрекеттерін бұл топтың ұстанымын ескере отырып жасайды. ХАМАС Газа секторын басқаратындықтан, ол қақтығысқа араласудан бас тартып отыр. Егер де қаза тапқан бейбіт тұрғындар саны күрт көбейсе, ол қақтығысқа араласып, шиеленіс ушығып ұзаққа созылып кетуі мүмкін деген пікірде сарапшылар. 
 
5 тамызда Израиль Газа секторындағы палестиналық радикалды топтарға қарсы "Таң" операциясының басталғанын хабарлады. Ел Премьер-Министрі Яир Лапидтің айтуынша, "бұл операцияның мақсаты – Израиль азаматтары мен Газа секторының жанында тұратын бейбіт тұрғындарға төнетін қауіпті жою".
Израиль сектор аумағындағы ондаған нысанаға соққы жасады.
"Ислам жиһады" Израильдің бомбалануы "соғыс ашу" деп мәлімдеп, жауап ретінде Израильге жүздеген зымыранын ұшырды.
Израиль мен палестиналықтар арасындағы соңғы үлкен қақтығыс 2021 жылдың мамыр айында болды. Ол кезде Газа секторында 11 күн ішінде кем дегенде 250 адам және Израильде 13 адам қаза болған еді.
Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу