Израиль Газаны өзінікі етіп алса, АҚШ-тың абыройы төгіледі

2939

Израиль Газаға Хамасты құлату үшін соққы беріп жатқанын айтады. Ал Премьер-министр Нетаньяху америкалық телеарнаға сұхбат беріп, бұл аумақты қайта басып алу ниетін байқатты.

Израиль Газаны өзінікі етіп алса, АҚШ-тың абыройы төгіледі Фото: akhaltskha.net

Хамастың Израильге күтпеген және аяусыз шабуыл жасағанына бір ай болды. Израиль үкіметінің есебінше, одан 1400-ден астам израильдік қаза тауып, 240-тан астамы кепілге алынған. Ал Рамалладағы денсаулық сақтау министрлігі Израильдің кек алу операцияларынан 10 мыңнан астам палестиналықтың мерт болғанын хабарлап отыр.

Газа аумағындағы құрбандардың көпшілігі – балалар, медицина қызметкерлері және журналистер. Олардың саны күн өткен сайын өсіп келеді.

Бұл соғыс Хамас жасақтары 7 қазанда Израильдің оңтүстігіне тосыннан басып кіргеннен кейін басталды. Бұған жауап ретінде Израиль Газа секторына әуе және құрлықтық шабуылдарымен жауап беріп жатыр.

Құрбандардың жартысына жуығы – балалар

Газада негізінен жастар тұрады. Халқының 47 пайызы – 18 жасқа толмағандар және денсаулық сақтау министрлігі мұнда 6 қарашадағы жағдай бойынша 4 104 баланың қаза тапқанын хабарлап отыр. Ал БҰҰ өкілдері бұл аумақта 5 қарашадағы есепке сәйкес, шамамен 1 270 баланың із-түзсіз жоғалып кеткенін және олардың үйінділер астында қалып қоюы мүмкін екенін мәлімдеп отыр.

Палестина денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтері дұрыс болса, Газада мерт болған жеткіншектердің саны соңғы төрт жылда әлемде соғыстан өлген балалардың санынан асып кетеді.

"Салыстырып көрсек, Украинада 2022 жылы 477 бала қайтыс болса, биыл 8 қазандағы жағдай бойынша 83 бала жан тәсілім етті", – деп жазылған БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы Комиссарының есебінде.

БҰҰ-ның өзге бір дерегінше, 2 миллионнан астам халық тұратын Газа аумағында әуе шабуылдары 1,5 миллионға жуық адамды, яғни халықтың шамамен үштен екісін үйлерін тастап кетуге мәжбүр етіпті.

Израиль қорғаныс күштері (IDF) Газа аумағының солтүстік бөлігіндегі халыққа 13 қазанда оңтүстікке эвакуациялану керектігін ескертті. Соның салдарынан ауруханалар, үйлер, мектептер, босқындар лагерлері адамға толып кетті. Оларға электр қуаты, отын, азық-түлік, таза су жетпей, анклавта гуманитарлық дағдарыс басталып жатыр.

31 қазанда Израиль Хамастың қолбасшылары мен инфрақұрылымын нысанаға аламын деп, Газадағы ең үлкен босқындар лагері – Джабалияға соққы беріп, көптеген адамның өмірін қиды. Газадағы Индонезия ауруханасы директорының айтуынша, Газаның солтүстігіндегі лагерь келесі күні екінші рет бомбаланып, кемінде 80 адам қаза тапқан. Алайда, Израиль армиясының мәлімдеуінше, алғашқы әуе соққысынан Хамастың бірнеше мүшесі, соның ішінде 7 қазанда Израильге жасалған шабуылға жауапты қолбасшылардың бірі Ибрагим Биари мерт болған. Хамас мұны жоққа шығарып отыр.

Денсаулық сақтау мекемелеріне шабуыл

Газадағы ең ірі денсаулық сақтау мекемесі әш-Шифа ауруханасының қасында жедел жәрдем көлігі Израильдің авиациялық соққысына ұшырады. Хамастың хабарлауынша, одан кем дегенде 15 адам қаза тауып, 50 шақтысы жараланған.

Ал әл-Ахли ауруханасында жантүршігерлік жарылыстан талай тұрғын қырылып қалды. Бұл жарылыстың себебі де, зардап шеккендер саны да дау тудырып отыр. Газаның денсаулық сақтау министрлігі 471 адамның өлгенін хабарласа, АҚШ барлаушылары құрбандар саны 100-ден 300-ге дейін екенін мәлімдеді. Палестина шенеуніктері мен кейбір араб елдерінің үкіметтері бұл шабуыл үшін Израильді қатаң айыптады. Бірақ Израиль госпиталь Исламдық жиһад содырлары қате атқан зымыраннан қирады дейді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, Украинада 2022 жылдың наурыз-сәуір айларында, яғни соғыстың басында денсаулық сақтау мекемелеріне 600-ге жуық шабуыл жасалыпты. Салыстырып көрсек, 7 қазаннан бері Палестинаның оккупацияланған территориясында мұндай шабуылдардың саны 200-ден асып, көп адам опат болыпты.

Палестинаның Рамалладағы Денсаулық сақтау министрлігі Газада 192 медицина қызметкерінің қаза тапқанын және 113 денсаулық сақтау мекемесінің зардап шеккенін жариялап отыр. Біріккен Ұлттар Ұйымы болса, секторда 6 қарашадағы жағдай бойынша 14 аурухана мен 51 алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығы әуе шабуылдарынан зақымданғанын немесе жанармай тапшылығынан жұмыс істемей тұрғанын атап өтті

Журналистер үшін "қауіпсіз кеңістік мүлдем жоқ"

6 қарашадағы жағдай бойынша Журналистерді қорғау комитеті оккупацияланған Палестина аумағында 7 қазаннан бері 37 журналист пен БАҚ қызметкерінің өлгенін мәлім етті. Бұл – осы комитет 1992 жылы соғыстарда оққа ұшқан репортерлар жайлы статистика жариялай бастағаннан бергі ең үлкен көрсеткіш.

"Мұның нақты прецеденті жоқ", – дейді Журналистерді қорғау комитетінің редакциялық директоры Арлен Гетц.

Кәсіби журналистер үшін ең ажалды оқиға 2009 жылы 23 қарашада Филиппиннің Ампатуан қаласында болды. Онда өлтірілген 58 адамның 32-сі – журналистер мен БАҚ қызметкерлері еді.

"Қауіпсіз кеңістік мүлде жоқ сияқты", – дейді Гетц.

Тағы салыстырмалы түрде айтсақ, Украинада 2022 жылы 13 журналист өлтірілген екен.

Журналистерді қорғау комитетінің соңғы мәліметтері бойынша, Газада қаза тапқан тілшілердің 32-сі – палестиналық, төртеуі – израильдік, біреуі – ливандық екен. Өзге сегіз журналист жараланып, 11-і хабар-ошарсыз кеткен немесе қамауға алынған.

Израиль Газаны қайта бақылауға ала ма?

Дүйсенбіде Американың ABC News телеарнасына берген сұхбатында Нетаньяху Хамас кеткеннен кейін Израиль Газа секторында белгісіз уақытқа "жалпы қауіпсіздік үшін жауапкершілік" алатынын мәлімдеді.

"Өйтпесек, не боларын көрдік. Хамастың терроры өршіп барады", – дейді премьер-министр ABC тілшісі Дэвид Муирмен болған әңгімеде.

Айта кетсек, Израиль "Хамасты" жоюды мақсат етіп отыр. Бірақ, оның орнына кім кім келеді? Бұл сауалға жауап жоқ.

АҚШ Президенті Джо Байденнің ойынша, Израиль 2005 жылы өзі шығып кеткен Газаны қайта басып алса, "үлкен қателік" жасайды және де Израильдің мұндай қадамға бармайтыны айқын.

"Құрама Штаттар "ертең жоқ арғы күні" не боларын аймақ лидерлерімен талқылап жатыр. Екі нәрсе анық. Хамас билікте қала алмайды және Израиль Газаны қайта басып алуды қаламайды", – деді жақында Таяу Шығысқа сапарында АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен.

Естеріңізге сала кетсек, Хамас Газа аумағын жалғыз өзі 2007 жылдан бері басқарып келеді. Кейбір әскери сарапшылардың ойынша, Хамас билігі құлатылса, оның орнын тіпті радикал күштердің баспайтынына кепілдік жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу