Израиль Газаны "толық блокадаға" алып, жүздеген мың резервисті әскер қатарына шақырып жатыр

1270

Таяу Шығыстағы қарулы қақтығыс кең ауқымды соғысқа ұласады деген қауіп әлемде мұнай бағасын шарықтата бастады. 

Израиль Газаны "толық блокадаға" алып, жүздеген мың резервисті әскер қатарына шақырып жатыр Фото: reuters.com

Израиль қорғаныс күштерінің хабарлауынша, Газадан зымыран жаудырылып, Иерусалимде және бүкіл Израильде әуе шабуылы сиреналары әлі қосылып жатыр. Бүгін Иерусалимде кем дегенде үш жарылыстың жаңғырығы естілді. Сонымен қатар, Израиль Газа маңындағы елді мекендерге бақылауды қайтарғанын айтады, бірақ кейбір содырлар әлі де белсенді.

Құрбандар саны 1200-ге жақындап қалды

Газа Денсаулық сақтау министрлігі 500-ге жуық палестиналықтың мерт болғанын хабарлады. Израиль кемінде 700 адам жоғалтқан.

Жараланған палестиналықтардың саны да артып, 2751-ге жетіп,  123 мыңнан астамы үйлерін тастап кеткен.

Израильдің 11-ші қыркүйегі

Соңғы бірнеше сағатта Израиль армиясының екі жоғары лауазымды қызметкері сенбі күнгі Газадан жасалған шабуылдарды 11 қыркүйекте АҚШ-қа жасалған шабуылдарға теңеді.

"Бұл біздің 11-ші қыркүйегіміз", - дейді армияның баспасөз хатшысы майор Нир Динар.

Фестивальге шабуыл

Tribe of Nova музыка фестивалі Газа-Израиль шекарасы маңындағы ауылда өтіп, түні бойы би кеші болуы керек еді. Оған мыңдаған адам жиналып, еврейлердің Суккот мерекесін тойламақ болды. Бірақ сенбі күні таңертең Хамас содырлары шөлді жерде басталған фестивальге шабуыл жасап, шамамен 260 адамды мерт қылды.

"Моссадтың" сәтсіздігі

Израильдің қауіпсіздік тактикасы сенбі күні "толығымен күйреді", - дейді елдің барлау қызметтерінің бірінің бұрынғы басшысы.

"Моссад" тыңшылық агенттігінің бұрынғы басшысы және Израильдің оппозициялық Лейбористік партиясының мүшесі Дэнни Ятом Today бағдарламасына берген сұқбатында былай деді:

"Күш тым аз болды. Бұған барлау қызметінің сәтсіздігі себепші. Олар Хамастың жаттығуларына куә болғанымен, Израильге шабуыл жасалмайды деп сенді".

Газаны "толық блокадаға алуға" бұйрық берілді

Израиль Қорғаныс министрі Йоав Галлант Газа секторын "толық қоршауға" бұйрық бергенін жариялады.

Естеріңізге сала кетейік, Израиль Газа мен оның жағалауындағы әуе кеңістігін бақылап, шекаралық өткелдер арқылы кімнің қандай тауар кіргізіп-шығарғанын қадағалап отырады.

300 мың резервист әскер қатарына шақырылды

Израиль Газадан Хамастың көп бағыттағы шабуылына жауап ретінде рекордтық 300 000 резервисті әскерге алып, "шабуылға кірісіп жатыр", - деді дүйсенбіде қарулы күштер өкілдері.

Шет мемлекеттер азаматтарын эвакуациялауға әрекеттеніп жатыр

Газа мен Израильде қақтығыстар жалғасып жатқандықтан, шет мемлекеттер өз азаматтарын шығаруға әрекеттеніп жатыр.

Тель-Авивтен Сербияға ұшақ қонды, Сербия елшілігі тағы бір рейс жоспарланғанын мәлімдеп отыр.

Румыния Сыртқы істер министрі Израильден 800-ге жуық адамның көшірілгенін хабарлады. Эвакуация әрі жалғаспақ.

Таиланд үкіметі Израильдегі азаматтарын құтқару үшін жедел топтар мен ұшақтар дайындап жатқанын хабарлады.

Қазақстаннан ұшатын рейстер де дайын, деп хабарлады еліміздің сыртқы істер министрлігі.

Бүгін таңертең Польша бірінші ұшақтың Израильден оралғанын, оның бортында бейбіт тұрғындар болғанын растады.

Мұнай қымбаттады

Хамастың Израильге тосын шабуылы кең ауқымды соғысқа ұласу қаупін туындатқандықтан, Brent маркалы мұнай бағасы бірден 2,25 долларға өсіп, 87 долларға жақындады. Шикізат құнының күрт қымбаттауына ең алдымен нарыққа мұнай жеткізу қиындайды деген қауіп себепші. Ал "Блумбергтің" хабарлауынша, инвесторлар акциялар сияқты дәстүрлі активтерден бойларын аулақ ұстап, алтын мен облигацияларды және долларлы сатып алып жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу