Израиль Ливанда аккумуляторы бар құрылғының бәрін жара бастады

2235

Ливанда "Хезболла" мүшелерінің және өзге тұрғындардың құрылғылары екінші күн қатарынан жаппай жарылды.

Израиль Ливанда аккумуляторы бар құрылғының бәрін жара бастады Фото: © AP Photo / Bassam Masri

Inbusiness.kz бұған дейін, 17 қыркүйекте Ливан астанасы Бейрутта және өзге де өңірлерінде 3 мыңнан астам пейджердің жарылғаны туралы жазды.

Ертесіне, 18 қыркүйекте адамзат тарихында ешқашан болмаған диверсия жаңа сипатта қайталанды. Бұл жолы пейджермен шектелмеді, ішінде аккумуляторы бар басқа құрылғыларда жарылыс болды.

Оның көпшілігі рацияларға тиесілі. Шетелдік ақпарат құралдары диверсияның екінші күнінде бірнеше жүз адам зардап шеккенін, құрбандар барын хабарлады.

Халықаралық ұйымдар мұны "лаңкестікке" теңеді. Біріккен ұлттар ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш азаматтық құрылғыларды әскери шабуыл құралы ретінде пайдалануға жол берілмеуге тиістігін мәлімдеді. Ол сейсенбіде және сәрсенбіде Ливан мен Сирияда байланыс құрылғыларының көп көлемде жарылып, адамдарға жара салғаны туралы хабарларға "терең алаңдаушылық" білдірді. Жаһандық ұйым бұл шабуыл салдарынан қаза тапқандар арасында балалардың да барына назар аудартты.

БҰҰ баспасөз хатшысы Стефан Дюжарриктің айтуынша, БҰҰ басшысы әрі қарайғы кез келген эскалацияны болдырмау үшін барлық мүдделі тараптарды барынша ұстамдылық танытуға үндеді.

"Антониу Гутерриш тараптарды БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2006 жылғы "1701 қарарын" толық орындауды жақтайтындарын растауға және тұрақтылықты қалпына келтіру үшін әскери қимылдарды тоқтату режиміне дереу оралуға шақырды. БҰҰ бүкіл аймақты қамту қаупі бар зорлық-зомбылықты доғаруға бағытталған барлық дипломатиялық және саяси күш-жігерді қолдайды", – деді Стефан Дюжаррик.

Ливанның ресми тұлғалары 17 және 18 қыркүйектегі электронды құрылғылардың жарылуы салдарынан кем дегенде 26 адам, соның ішінде екі бала мерт болғанын хабарлады. Ливан бойынша 3 200-ден көп (5 мыңға жуық деп те жазуда) адам жараланған.

Ливанның көршісі Сирияда Адам құқықтары жөніндегі обсерваторияның дерегінше, рацияларының жарылуы салдарынан "Хезболла" қарулы тобының 14 жауынгері жараланған.  

Reuters шабуылдың екінші күнінде бүкіл Ливан бойынша рациялар, ұялы телефондар, радиолар, радиостанциялар, соның ішінде көлік ішінде орнатылған осындай құрылғылар детонацияланғанын жазды. Салоны жарылыстан күл-талқан болған, терезелері шағылған автомобильдер бейнеленген роликтер тарады.

Жарылыстың кем дегенде біреуі "Хезболла" мүшесін жерлеу рәсімінде болған. Жарылған электронды құрылғылардың көбінің пейджерлермен бірге 5 ай бұрын сатып алынғаны анықталды.

Ливанда аккумуляторы бар өзге гаджеттердің, мысалы, Айфондардың, скутерлердің, автокөліктердің де жарылғаны бейнеленген видеолар, фотосуреттер әлеуметтік желілерді кезіп кетті. Сондықтан Израиль ұйымдастырды деп саналатын бұл операцияның ауқымы әлдеқайда кең болып шықты және пейджерлермен ғана шектелмеді.

Зардап шеккендердің арасында балалардың, "Хезболла" қарулы ұйымына мүше емес бейбіт тұрғындардың болуы – ішіне 3-тен 10 грамға дейін жарылғыш жасырылған гаджеттердің нарықта қайта сатылғанын, ел арасына таралып кеткенін көрсетеді. Сол себепті, бұл операция нысаналы түрде тек "Хезболламен" шектелмеді.

Сорақысы сол, сарапшылар анықтағандай, операцияның бірінші күніне арналған пейджерлер сигнал алғаннан кейін бірден емес, бірер секунд кідіріп барып, жарылатындай етіп бағдарланған екен.

Бұл хабарлама түскенін естіген адам пейджерді қолына алып, не жазылғанын оқу үшін оны көзіне тақап әкелуін күту үшін жасалған. Тек содан кейін ғана жарылыс болды. Ол құрылғылардың ішінде жарылғышпен бірге жарқыншақ элементтері жасырылған, олар да құрбанның көзіне, басына атыла қадалып, кірш етіп кіріп, адам шошырлық жара салды.

Соның кесірінен, ақпарат құралдарының мәліметінше, мыңдаған жараланған адамдардың үлкен бөлігінің көзі ағып кеткен, басына зақым келген, қолдарынан не саусақтарынан айрылған. Осы арқылы Израиль қас жауының – "Хезболланың" содырлары тірі қалғанның өзінде мүгедекке айналып, саптан шығып қалуын көздесе керек. Өкінішке қарай, мұндай қастықтың құрбаны арасында бейбіт тұрғындар жетерлік.

Deutsche Welle операцияны ұйымдастырғандардың осынша көп көлемдегі түрлі гаджетті қалай және қанша уақыт бойы шекарадан білдірмей, Ливан мен Сирияға енгізіп, нысанаға іліккендердің арасына қандай айла-шарғымен таратып үлгергені жұмбақ екеніне назар аудартады. Тергеушілердің, былайғы зерттеушілердің міндетінің бірі де осы сұрақтардың жауабын табу болмақ.

Сарапшылар Ливанның ұялы байланыс операторлары, мобильді құрылғыларды сату желілері арасында да шабуылды жүзеге асыруға көмектескен Израильдің агенттері болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды немесе бір болжам бойынша олар израильдік тарапқа жұмыс істеп жатқанынан, олардың қауіпті құрылғыларын таратып жүргенінен хабарсыз болған. Бұл жағдайда Израиль жүк кемелерімен тасымалданатын "Хезболлаға" арналған бірнеше контейнерді тауып алып, бес ай бұрын оларды ауыстырып қоюы мүмкін.

Қалай болғанда, агентураның кең желісі, барлау қызметтері, жергілікті ұяшықтар, коррупция және басқасы жұмылдырылған күрделі жұмыс, әлем тарихында теңдесі жоқ операция мұқтият ұйымдастырылып, іске асырылғаны байқалады.

Reuters мәлімдеуінше, пейджерлерді және басқа гаджеттерді израильдік "Моссад" барлау қызметі өндіріс кезеңінде модификациялаған. Sky News Arabia дереккөздерінің сендіруінше, құрылғыларға пентаэритриттетранитрат салынған. Бұл – детонатор-капсюльдерді толтыру үшін қолданылатын, құрамында азот қышқылының эфирі бар жарылғыш зат.

Жарылған құрылғы түрлерінің әдетте, өзінде өндірілетінін және оларда өздерінің аккумуляторлары орнатылатынын білетін Тайвань, Қытай және басқа елдер Ливандағы жарылыстарға қатысы жоғын мәлімдеуге асықты.

"Хезболла" амал жоқтықтан, өз мүшелеріне тек пейджерлерден ғана емес, кез келген электронды гаджеттерден бас тартуға, үйде және көлікте радио тыңдамауға кеңес берді.

Ұқсас рекомендация Сирия басшысы Башар Асадтың армиялық басшылығына да таратылған. Оларға сондай-ақ компьютерлерден, мопед-скутерлерден, ұялы телефондардан және аккумуляторы бар өзге құрылғылардан бас тартуға тура келмек. Өйткені олардың қайсысында жарылғыш жасырылғанын білмейді.

Осылайша, Израильдің қарсыластары байланыс-коммуникация, ақпараттандыру, көлік құралдарынан, тұрмысты қолайлы ететін заманауи заттардан қатар айрылып отыр.

Сарапшылардың айтуынша, оңтүстік шекараларындағы қоныстардан өз тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіріп жатқанына қарағанда, Израиль Ливанмен соғысқа дайындалуда. Дәл қазір "Хезболла" сияқты жауының жауынгерлері бір-бірімен байланыс ұстау, іс-қимылдарын үйлестіру мүмкіндігінен айрылып қалған жайы бар. Ендеше шайқас кезінде лайықты қарсылық көрсете алмауы ықтимал.

Бұған қоса, "пейджер-апокалипсис", "гаджет-апокалипсис" кезінде мыңдаған өкілі ауыр жара алып, хезболлалықтардың қатары сиреді. Оның орнын толтыру үшін Иранның қолдауымен қимылдайтын бұл топқа біраз уақыт қажет болады.

Әскери сарапшылар бұл жарылыстарды кең ауқымды шабуыл қарсаңында жасалатын "артиллериялық дайындыққа" теңеді. Тактика "жауды жұмсарту" деп аталады. Қарсыластың бекіністеріне үстемелете соққы беріліп, жауынгерлерінің бір бөлігі саптан шығарылғанда, қалған бөлігі не істерін білмей, рухы түсін, дүрбелеңге салынғанда негізгі шабуыл басталатыны белгілі.

Олай болса, Би-Би-Си сарапшыларының тұспалдауынша, 41 мың адамды өлтіріп, 95 мыңнан астам халықты жаралап, Газа секторында "Хамасты" жайратқан Израиль енді Ливанға шапқыншылық жасап, өзіне қастық көзқарастағы "Хезболланы" құртуға дайындалып жатуы мүмкін.

Inbusiness.kz бүгін "Хезболланың" Израиль армиясының шекара маңындағы төрт позициясына соққы жасап, жауап қайтарғанын жазды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу