Израиль мен Хамас соғысқа үзіліс жариялап, тұтқын алмасуға уағдаласты

1016

Ымыраға сәйкес, ертең 50 израильдік кепілдіктен, 150 палестиналық түрмеден босатыла бастайды.

Израиль мен Хамас соғысқа үзіліс жариялап, тұтқын алмасуға уағдаласты Фото: reuters

Израиль мен Хамас қарулы қақтығыстарға төрт күн үзіліс жариялауға келісті. Сондағы мақсат – кепілдікке алынып, Газаға әкетілген 240 израильдіктің 50-ін Израиль түрмелерінде отырған 150 палестиналыққа айырбастау және қоршаудағы палестиналық анклавқа гуманитарлық көмек пен отын енгізуге жол ашу. 

Бұл туралы құпия келіссөздерге Катар мемлекеті делдал болды. 

Израильдің есебі бойынша, Хамас қазанның 7-де Израильге басып кіріп, 200-ден астам адамды ұрлап әкетіп, 1200-дей адамды мерт қылды. 

Егер хамастықтар тағы 10 адамды қосып босататын болса, ымыра бір күнге ұзартылып отырады. Мұндай жағдайда палестиналықтар абақтыдан көбірек шығарыла ма деген сауал әзірге жауапсыз. 

"Израиль үкіметі кепілге алынғандардың барлығын үйлеріне қайтаруға міндетті. Бүгін түнде осы мақсатқа жетудің бірінші кезеңі ретінде келісім мақұлданды", - деп жазылған Израиль министрлер кабинеті таратқан мәлімдемеде. 

Екі жақты пәтуаға сай босатылатындардың дені – әйелдер мен балалар және әскери емес азаматтық тұлғалар. Тағы бір айта кететін жайт, 4-күндік ымыра кезінде Израиль Газа секторында шаубылдар мен тұтқындау операцияларын тоқтатуға тиіс. 

Қазанның 7-де басталған соғыс кезінде Израиль Хамастың бақылауындағы Газа секторын бомбалап, мыңдаған үйді жермен-жексен етіп, 13300-дей бейбіт тұрғынды мерт қылды. Сонымен қатар, ЦАХАЛ-дың шабуылдарынан шағын ғана анклавтың 2,3 миллион тұрғынының үштен екі бөлігі үйлерін тастап кетті. 

Бітім жарияланар қарсаңда Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мәлдімдеме жасап, АҚШ президенті Джо Байденнің араласуы арқасында алдын-ала келісімнің шарттары жақсарып, көбірек тұтқын босатуға мүмкіндік туғанын атап өтті. Дегенмен, оның айтуынша, Израильдің бұдан да біршама кеңірек миссиясы өзгерген жоқ. 

"Біз соғыс жағдайындамыз және барлық мақсаттарымызға жеткенше күресті жалғастырамыз. Миссиямыз - Хамасты жою, барлық кепілге алынғандарды қайтару және Газадағы бірде-бір құрылымның Израильге қауіп төндірмеуін қамтамасыз ету", - деді ол үкіметке жолдаған мәлімдемесінде.

Хамастың бұған берген жауабы мынадай: "Біз бітімге қол жеткізгенімізді жариялай отырып, саусақтарымыз шүріппеде екенін және жеңімпазжауынгерлеріміздің халқымызды қорғау үшін қырағы отырғанын ескертеміз". 

Босату бейсенбіде басталады

Босатылатын үш америкалықтың ішінде Хамастың 7 қазандағы шабуылы кезінде ата-анасынан айрылып қалған 3-жасар қыз болуы мүмкін. МұныАҚШ-тың жоғары лауазымды шенеунігі "Рейтерге" берген сұқбатында мәлім етті.

Израиль ақпарат құралдарының хабарлауынша, кепілге алынғандарды босату бейсенбіде басталады. 

Хамас бүгінге дейін тек төрт тұтқынды босатты: АҚШ азаматтары - 59 жастағы Джудит Раанан мен оның 17-жасар қызы Натали Раанан 20 қазанда "гуманитарлық факторлармен" үйлеріне жіберілсе, израильдік әйелдер – 79 жастағы Нурит Купер мен 85 жастағы Йохевед Лифшиц 23 қазандажақындарымен қайта қауышты.

Қазір барлық назар кепілдіктегілерді босату туралы келісімге ауып отырғанда, шайқастар жалғасып жатыр. Газа денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Мунир әл-Барш Al Jazeera телеарнасына берген сұқбатында айтқандай, Израиль әскерилері Газа қаласындағы индонезиялық аурухананы эвакуациялауға бұйрық берген. Сонымен қатар, Израиль "әш-Шифа" госпиталінде Хамас жасақтары мен командалық пункті бар деп есептейді. Алайда, дәрігерлер мен хамастықтар мұны жоққа шығарып отыр. 

Сейсенбі күні Израиль күштері Газадағы Джабалия босқындар лагерін қоршап алды. Мұнда Хамас жауынгерлері Израильдің шабуылдарын тоқтатуға әрекеттеніп жатыр. Палестинаның WAFA ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Израиль авиациясының соққысынан Джабалияда 33 адам мерт болды. 

Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегінше, Газадағы палестиналықтардың көбі босқындар ретінде тіркелген. Себебі олардың өздері немесе ата-бабалары 1948 жылы соғыс кезінде және одан кейін Израиль құрылғанда үйлерін тастап кеткен. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу