Екі жыл ішінде Израиль әуе соққылары салдарынан Газада 282 мыңнан астам үй қираған немесе бүлінген. Бұл туралы БҰҰ-ның Таяу Шығыстағы Палестина босқындарына көмек көрсету және жұмыстарды ұйымдастыру жөніндегі агенттігі хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.
Мәлімдеме компанияның X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жарияланған. Құжатта палестиналық отбасылардың шағын әрі тар кеңістікте өмір сүріп жатқаны, бастапқы қызметтерге қол жеткізуде қиындық көріп отырғаны айтылған. БАПОР және басқа да серіктес ұйымдар қоныс аударуға мәжбүр болған тұрғындарға көмекті жалғастыруда.
АҚШ президенті Дональд Трамп 9 қазан күні Мысырда өткен келіссөздер барысында Израиль мен палестиналық ХАМАС қозғалысы Газадағы атысты тоқтату жоспарының бірінші кезеңіне келіскенін айтты.
Тиісті келісім Израиль үкіметінің мақұлдауынан кейін 10 қазанда күшіне енді. Газа Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, екі жылда Израиль шабуылы салдарынан 69 185 палестиналық көз жұмған. Тағы 170 698 адам жарақат алған.
Айта кету керек, бұған дейін Израиль Газа секторында атысты тоқтату режимін тағы да бұзғанын жазғанбыз.