Израиль соғыс жариялап, хамастықтардың ізіне түсіп, Газаны бомбалап жатыр

1705

Құрбандар саны 1100-ден асып кетті. Осындай шақта АҚШ Жерорта теңізінің шығысына мыңдаған теңізші мінген және әскери ұшақтар тиелген соғыс кемесін аттандыратынын жариялады.

Израиль соғыс жариялап, хамастықтардың ізіне түсіп, Газаны бомбалап жатыр Фото: reuters.com

Израиль үкіметі жексенбі күні ресми түрде соғыс жариялап, Хамастан кек қайтару үшін "маңызды әскери қадамдарды" бастады. ЦАХАЛ (Израиль армиясы) жауынгерлері елдің оңтүстік қалаларына енген содырларды жоюға әрекеттеніп, Газа секторын бомбалауды күшейтті. Екі жақтан 1100 адам қаза тауып, тағы мыңдағаны жараланған.

Израильде кем дегенде 700 адам мерт болды. Олардың 250-і хамастықтар музыкалық фестивальге жиналғандарға оқ жаудырғанда қырылған. Бұл ел ондаған жылдар бойы соғыста мұнша адам шығынын көрмеген. Ал Газада Израильдің авиациялық соққыларынан 400-ден астам тұрғын өлді.

Соғыстың жариялануы алда үлкен шайқастар тұрғанын білдіреді. Енді Израиль Газада құрлықтық операциялар бастауы мүмкін деген болжам айтылып отыр.

Соңғы мәліметке қарағанда, Хамас пен кішігірім Исламдық жиһад тобы Израильдің ішінде 130-дан астам адамды тұтқынға алып, Газаға жеткізген. Олар бұл адамдарды Израиль түрмелерінде отырған мыңдаған палестиналыққа айырбастағысы келеді.

Тұтқындар арасында сарбаздар мен бейбіт тұрғындар, соның ішінде әйелдер, балалар және қарт адамдар бар.  

АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен ABC арнасының "Осы аптада" бағдарламасында берген сұқбатында сенбі күні таңғы шабуылға Хамастың 1000-ға жуық содыры қатысқанын айтты.

Бұған жауап ретінде Израиль осы уақытқа дейін Газадағы 800-ден астам нысанаға соққы берді. және де Израиль осы сектордың айналасына ондаған мың жауынгерін шоғырландырып, Газамен арадағы шекара маңынан тұрғындарын эвакуациялап жатыр.

Хамас 16 жыл бұрын бақылауға алған Газа секторында 2,3 миллион палестиналық тұрады. Шағын анклав исламшылдардың қолына өткеннен кейін Израиль оны блокадаға алды. Сол қоршаудан жергілікті халықтың экономикалық жағдайы жыл сайын ауырлап барады.

Израиль әуе күштерінің соққысынан мұнда сенбіден бері талай үй жермен-жексен болды. Бомбалау операциялары басталардан бұрын үйлерін тастап кеткен 74 мыңға жуық босқын өзге жерлерге орналасқан.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Палестиналық босқындар жөніндегі агенттігі -UNRWA хабарлағандай, 225-тен астам адам паналаған мектеп тікелей соққыға ұшырап, отқа оранған.

Газа Денсаулық сақтау министрлігі анклавта 413 адамның, соның ішінде 78 бала мен 41 әйелдің қаза тапқанын хабарлады. Солардың ішінде бір отбасының 19 мүшесі бар.

Сонымен қатар, екі жақтан шамамен 2000-ға жуық адам жараланған. Бұған қоса, Израиль қауіпсіздік күштері 400 содырды өлтіріп, тағы ондаған адамды тұтқынға алғанын жариялап отыр.

Израильдің солтүстігіндегі жағдай да шиеленісіп тұр. Өткен тәулікте мұнда еврей мемлекетінің сарбаздары Ливандағы Хезболла содырларымен қақтығысты. Бұл әскери жанжал кеңірек аймақтық соғысқа ұласып кетуі мүмкін.

Иранмен одақтас Хезболла жексенбі күні шекара бойындағы израильдік позицияларға зымыран мен снарядтар жаудырды, ал Израиль әскері оларға қарулы дрондармен жауап қайтарған.

Сенбіде ұлттық телеарнада сөйлеген сөзінде Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Хамастың "бұрын-соңды болмаған құн төлейтініне" уәде берді.

"Бұл соғыс уақытты қажет етеді. Қиын болады", - дейді ол.

Израильдіктер хамастықтардың осы жолғы шабуылдарының кеңдігіне, қатыгездігіне аң-таң. Исламшыл топ жауынгерлері сенбі күні таңертең Газа секторының айналасындағы қоршауларды бұзып өтті. Содан кейін олар жағалаудағы мотоциклдер мен пикаптарды, тіпті парапландар мен жылдам қайықтарды пайдаланып, жақын маңдағы израильдік 22 елді мекенге басып кірген.

Бұл шабуылдардан көп адамның өлуі және оған баяу жауап берілуі Израильдің барлау қызметінің сәтсіздігін әшкерелеп,  халық тығыз қоныстанған Газа секторы жіті бақылауда деген түсінікті тас-талқан етіп отыр.

Израиль кепілге алынған азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Каирден көмек сұраған. Мысыр екі тараппен де атысты тоқтату туралы сөйлесті деген мәлімет бар. Бірақ Израиль "қазіргі кезеңде" бітімге келуге дайын еместігін білдірген.

Хамастың әскери қанатының жетекшісі Мұхаммед Дейфтің сөзінше, "әл-Ақса дауылы" деп аталатын бұл шабуыл Газада 16 жылға созылған блокада мен израильдік оккупацияға қарсылық ретінде ұйымдастырылды.

Сонымен қатар. өткен жылы Израильдің әсіре оңшыл үкіметі оккупациядағы Батыс жағалауда еврейлер үшін елді мекендер құрылысын күшейтті. Ал оларға қоныстанып жатқан израильдіктердің зорлық-зомбылық әрекеттерінен жүздеген палестиналық үйлерін тастап кеткен.

"Ассоушиэйтед пресс" агенттігінің хабарлауынша, АҚШ қорғаныс министрі Ллойд Остин Израильге көмектесу үшін Жерорта теңізінің шығысына "Форд" әскери кемесін аттандыруға бұйрық берді. Оның бортында 5 мыңдай жауынгер мен әскери ұшақтар бар. Кеме Таяу Шығысқа жалғыз бармайды. Жанында крейсерлер мен эсминецтер болады. Олар бәріне дайын болуы керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу