Израиль тағы бір елге "Темір күмбез" жүйесін жіберді

Оған қызмет көрсететін әскери мамандар да бірге барған.  

Израиль тағы бір елге "Темір күмбез" жүйесін жіберді Фото: armeniatoday.am

Осылайша, Израиль Біріккен Араб Әмірліктеріне зымыранға қарсы қорғаныс жүйесінің батареясын жолдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Аталған шешім Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мен БАӘ президенті Мұхаммед бен Заид әл-Нахаян арасындағы телефонмен сөйлесуден соң қабылданып отыр. Axios басылымы жүйемен бірге Израиль қорғаныс армиясының (ЦАХАЛ) бірнеше ондаған әскери қызметкері де барғанын нақтылай түсті. 

БАӘ Қорғаныс министрлігі Иран ел аумағына шамамен 550 баллистикалық және қанатты зымыран, 2200-ден астам дрон ұшырғанын мәлім етті. Олардың басым бөлігі әуе қорғаныс жүйелері арқылы жойылса да, кейбірі әскери және азаматтық нысандарға соққы жасады. 

Жаза кеткен жөн, Израиль осымен "Темір күмбез" жүйесін үшінші елге алғаш рет орналастырды. Осыған дейін мұндай жүйе тек Израиль мен АҚШ аумағында қолданылған еді. 

Израиль және БАӘ өкілдерінің сөзінше, қақтығыс басталғалы қос ел әскери және саяси бағытта тығыз үйлесімді жұмыс істеп келеді. Олар 2020 жылы бейбіт келісімге қол қойды. Соңғы жылдары кейбір мәселелер бойынша келіспеушіліктер тіркелсе де, қазіргі уақытта екі ел арасындағы әріптестік бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті деуге негіз бар. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу