Израильде мың адамды қырған радикалдардың лидері актер болып шықты

4413

Ол бес қастандықтан аман қалған. ЦАХАЛ оны 20 жылдан бері жоюға тырысты. Еврейлер еліне шабуылдың басты ұйымдастырушы туралы не анықталды?

Израильде мың адамды қырған радикалдардың лидері актер болып шықты Фото: grodno24.com

Financial Times 1 мыңнан астам адамның өмірін жалмаған ХАМАС-тың Израильге шапқыншылығын ұйымдастырған адам ретінде Мохаммед "Дейфті" атады (соңғысы – оның лақап аты). Ол ХАМАС қозғалысының палестиналық қанатының жетекшісі болып табылады. Америкалық басылымның хабарлауынша, ол аңызға айналған израилдік барлау қызметіне 20 жылдан бері ұстатпай келеді. 

Израилге қарсы алапат басқыншылық басталғанына бірер сағат өткенде,  7 қазанда әлеуметтік желіде "Дейф жасады" деп тұспалданған видеоүндеу тарады. Әлденені айыру қиын қаракөлеңкеде түскен содыр "Әл-Ақса тасқыны" аталған операцияны бастағандарын мәлімдеді.

Лаңкес "палестиналықтарға қарсы қылмыстарға және оккупанттардың жын-ойнағына" нүкте қоюға ХАМАС-тың шешім қабылдағанын жариялады. Бұл даладағы фестивалға жиналған, қарусыз бейбіт халықты қырып салуды қарастырса керек. Себебі, израилдік армия қаһарына мінгенде, оғы таусылған содырлардың қол көтеріп, мүләйімси беріліп жатқаны бейнеленген видеолар да жария болды.

Сарапшылардың мәліметінше, Дейф ХАМАС-тың әскери қанатын 1990-шы жылдардан басқарып келеді. Содан бері көршіге ондаған шабуыл ұйымдастырды.

Мохаммед Дейфтің өмірбаяны туралы ақпарат аз. Анықталғандай, ол 1965 жылы Газа секторындағы босқындарға арналған Хан-Юнис лагерінде дүниеге келген. Яғни, Asharq Al-Awsat хабарлауынша, жерді тартып алып, отбасын осындай халге түсірген дұшпанға кек сақтап өссе керек. Оның отбасының тақыр кедей болғаны сонша, баласына оқудан бас тартып, ерте жастан табыс табуға үйренуіне тура келген.

Алдымен ол әкесімен бірге түрлі жиһазды қаптаумен айналысады. Кейін шағын құс фермасын ашып, тауық өсірген. Жүргізуші болып, қосымша кіріс көруге тырысқан. 

1988 жылы Дейф Газадағы Ислам университетінің биологиялық факультетін бітіріп шығады. Яғни, ғалым болуы мүмкін еді. Өкінішке қарай, оны актерлік қабілеті жолдан тайдырған көрінеді. Студент болып жүріп, Дейф актер ретінде түрлі рөлдерде ойнауға тырысады. Бірнеше студенттік қойылымға қатысып, тарихи ірі тұлғаларды сомдайды. Сөйтіп жүріп, өзінің өзгелерге ықпал ете алатынын түсінгенге ұқсайды.

Актерлікке қоса, шешендік қабілетін ұштаған ол радикалды идеяларға еліктейді. Топ бастап, жақтастарын біріктіріп, "Мұсылман бауырлар" (Қазақстанда тыйым салынған) радикалды қозғалысына жақын университеттік исламистік бірлестік құрады.

Соның негізінде 1987 жылы ХАМАС қалыптасты.

Сол жылы Дейф алғашқы интифадаға белсене қатысты (Интифада дегеніміз "аумақты жаудан босатуды" мақсат ететін араб азат ету қозғалысы). Сол үшін ұсталып, израилдік түрмеде 16 ай отырды. Бірақ бұл оған сабақ болмаған, қайта қанын қарайта түскен сыңайлы.

1990-шы жылдары ол іс-қимыл өрісін кеңейтті: ХАМАС-тың әскери қанатын – "Изз әд-Дин әл-Кассам" бригадасын құрып, соны жасырын нығайтуға, мұздай қаруландыруға білек сыбана кірісті.  

2000 жылы радикал Дейфті Израилдің сұрауымен енді Палестина әкімшілігі тұтқындайды. Алайда, екінші интифада кезінде бостандыққа шығады: кейбір деректер оның босатылғанын, тағы бір деректер қашып кеткенін айтады.

2002 жылы Дейф "әл-Кассамның" басшысы болып тағайындалды.

М.Дейф ондаған терактілердің ұйымдастырушысы саналады. Барлау деректері бойынша израилдік солдаттарды ұрлауға, зымырандармен атқылауға, жерасты тоннелдерінің тұтас желісін түзіп, солар арқылы Израилдің орталығына содырларды жеткізуге де сол жауапты көрінеді.

Сонымен бірге ол "Кассем" атты басқарылмайтын зымырандарды әзірлеушілердің бірі ретінде аталады. Бұл зымырандар өткен сенбідегі шабуыл кезінде де қолданылды.

"Israel’s Targeted Killing Policy: Moral, Ethical & Operational Dilemmas" атты кітапта жазылғандай, ЦАХАЛ (Израилдің қорғаныс армиясы) 2001 жылдан бері Дейфті жоюға күш салды. Бірақ ол бес қастандықтан да құтылып кеткен. Сау шықпаған, бүгінде мүгедек күйде екені айтылады, соған қарамастан ХАМАС-тың әскери қанатын басқаруға қауқарлы.

Мысалы, 2001 жылы ЦАХАЛ Дейфті оның орынбасары Аднан әл-Гулмен бірге өлтіруге талаптанды, онысынан ештеңе шығара алмады.

2002 жылы израилдік әскерилер атақты Hellfire зымыранымен автокөлікке соққы берді. Машинаның артқы орындығында отырған Дейф тірі қалған: көзінен айрылды, қолы кесіліп қалған.

2003 жылы Израилдің әскери әуе күштері Дейф болған ғимаратқа аспаннан бомба тастады. Дегенмен, бомбаның соққы күші ғимаратты жапырып, жайратып салуға жетпеген.

2006 жылы ЦАХАЛ Дейфтің үйін үстемелете соққылады: ол қолынан және табанынан айрылды. Салдарынан мүгедектерге арналған арбамен қозғалатын көрінеді.

Бұдан кейін де израилдік әскерилер 2014 және 2021 жылдары радикалдарды басты бір көшбасшысынан айыруға талаптанды. Дегеніне жете алмады. 

Қараңғы адамдарда қайран бар ма, олардың лаңкесті "пір" тұтуына осының өзі жетті.

South China Morning Post (SCMP) басылымының хабарлауынша, Дейф асқан сақтық танытып, төтенше жабық өмір салтын ұстанады. Жаһан жұртшылығына әлемдегі ең көп ізделетін терроршының бірінің тек бірнеше сапасыз фотосы ғана мәлім. Оның үстіне ол фотосуреттердің ең жаңасының түсірілгеніне 20 жыл өтті.

Халықаралық эксперттер Дейфтің бүркемеленудің қас шебері екенін мойындайды. Ізіне бірнеше алпауыт елдің барлау қызметтері шам алып түскеніне қарамастан, ізін оңай жасырып жүр. Оның өз геолокациясын білдіріп қоюы мүмкін электрониканың ешқайсысын пайдаланбайтыны белгілі.

Жасырыну, конспирация мақсатында орнын жиі ауыстырады, бір жерде екі рет түнемейді, қайда баратынын ешкімге айтпайды. Қонақ болып түсу үшін ХАМАС-ты жақтаушылардың бірінің үйін өзі таңдайды. Осы тактикаға жиі жүгінетіндіктен де ол "Қонақ" (арабша, Дейф) деген бүркеншік атқа ие болды.

2011 жылы оның анасы өмірден өткен. Оны жерлеуге ХАМАС-тың барлық басшылары жиналады, Дейф болса, көзге түспеген. Бір болжам бойынша ол қара басының қауіпсіздігін ойлап, бас тартқан. Тағы бір нұсқаға сәйкес, қария болып киініп келген.

Израиль енді оны еселенген күш-жігермен іздейтін болады. Израилдік армия Газа секторында және басқа шекаралас аудандарда кең ауқымды операция жүргізіп жатқанда, лаңкестер басшысының үйден үйге қонақтап, еркін қозғала алуы неғайбыл. Сондықтан израилдік аналитиктердің пікірінше, Дейф ХАМАС-тың басқа басшыларымен бірге бункерде немесе жерасты тоннелінде тығылып отыруы мүмкін.

Алайда содырлар ондаған жылдар бойы ондай бункерлер мен жерасты жолдарын қаптатып салды. Сарапшылар "лаңшылдар Әл-Шифа ауруханасы және БҰҰ кеңсесі сияқты стратегиялық маңызды объектілердің астын паналауы мүмкін" деп қауіптенеді. Салдарынан олар соққы беруге күрделі нысанаға айналды.

Financial Times израилдік және палестиналық сарапшыларға сілтеме жасап, бір үрейлі жайтқа назар аудартты: екі жақтан да бір мыңдай адамның қазасына соқтырған қырғынға қарамастан, Дейфтің әсіресе, жастар арасында беделі күшейіп шыға келіпті. Ендеше оны ұстап беру түгіл оның қонақтаған орнын көрсетуден, оған қатысты кез келген ақпарат ұсынудан жергілікті жұртшылық қорқуы мүмкін.

Файнэншл Таймстың байламынша, ХАМАС-тың әскери бөлігінің басшысы тәуелсіз Палестина мемлекетін құруды емес, Израильді түбегейлі жойып, оны Палестинамен алмастыруды өзінің басты мақсаты санайтын көрінеді.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу