Израильде жасалған құрылғы Қазақстан азаматының жүрегіне орнатылды

3182

Юрий Пя жүрегіне ота жасалған жігітті ғарышкерге теңеді.

Израильде жасалған құрылғы Қазақстан азаматының жүрегіне орнатылды

ҚР денсаулық сақтау министрлігінің бас кардиохирургы Юрий Пяның жетекшілігімен ұлттық ғылыми кардиоxирургия орталығы мен Чехия, Израиль, Италия және АҚШ елдерінің дәрігерлері бірлесіп, Қазақстан азаматының жүрегіне Израильде жасалған сымсыз қанайналым құрылғысын орнатты.

Кардиохирург Юрий Пяның айтуынша, жүректің сол жақ қарыншасының көмекші құрылғысы адамға еркін қозғалуға мүмкіндік береді. Қан айналымын реттеп отыратын құрылғының қуаты 8 сағатқа жетеді. Онда сыртқа шығып тұратын жабдық (сым) жоқ. Құрылғы науқастың асқынуларын төмендетеді және оның өмір сүру сапасын жақсартады.
Бұл туралы шетелдік дәрігер Мандип Меxра: "Бұрын сым шығып тұратын жерге үнемі бактерия жиналатын, оны үнемі тазалап, емдеп отыру қажет еді. Жаңа құрылғыда ешқандай сым жоқ. Науқастар бұрынғыдай өздерімен бірге сөмке тасып жүрмейді. Тіпті душқа да түсе алады", – деді.

Жаңа аппараттың батареясы кеуденің ішінде сол жақта орнатылған. Оны арнайы белбеу арқылы магниттік толқынмен зарядтайды. Ал арнайы қолсағат жүректің соғуын, қанның қысымын және тағы басқа мәліметтерді көрсетіп тұрады.

Бізге берілген ақпарат бойынша, бұған дейін әлемде ешкімге мұндай операция жасалмаған.  Ал "өмірге қайта келген" науқастың есімі – Исмаил Тұрсынов.

"Дүние есігін екінші рет ашқан сияқтымын. Жүрегім мазалағанын қойды. Қан айналымын реттеп отыратын құрылғыға бой үйретіп қалдым. 8 сағат сайын қуатын жаңартып отырудан басқа ешқандай қолайсыздығы жоқ. Маған екінші өмір сыйлаған барлық дәрігерлерге Алланың нұры жаусын деймін", – деді 24 жасар жігіт.

Өз кезегінде Юрий Пя жүрегіне операция жасатқан жігітті ғарышкерге теңеді.

"Оған әлем бойынша алғаш рет инновациялық құрылғы орнатылды. Науқас емделгенге дейін бөлмесінен шыға алмайтын, демігіп, жаны қиналатын. Ол үнемі дәрігерлердің бақылауында жүрді. Қазір жағдайы жақсы, далада қыдырады, спорт залында жаттығады, тіпті бассейнге түсе алады. Денсаулығының жақсы болуына байланысты мен оны ғарышкерге теңеймін. Ғарышкерлердің денсаулығында ешқандай кінәрат болмайды, мұны барлығыңыз жақсы білесіздер" – деді Юрий Пя.

Кардиохирургтың  сөзінше, халықаралық статистика әлемде 26 млн адам жүрек функциясының созылмалы жетіспеушілігінен зардап шегетінін және олардың саны жыл сайын 900 мың адамға көбейіп отырғанын көрсетті. Жыл сайын 800 мыңға жуық науқас жүрек трансплантациясын қажет етеді, оның ішінде алғашқы 5 жыл ішінде адам дардың 50% - ға жуығы донорлық жүрекке жете алмай көз жұмады. 

Юрий Пяның айтуынша, болашақта Қазақстан жаңа теxнологияның куәлігіне қол жеткізуді көздеп отыр. Жоспар орындалса, сымсыз қанайналым құрылғысын орнату отасын тегін медициналық көмек санатына қосуға болады.

"Мақсатымызға жетсек, инновациялық құрылғыны қазақстандықтарға тегін орнатамыз", – деді Юрий Пя.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу