Израильдің қаһарын туғызған қанды оқиғаның егжей-тегжейі белгілі болды

3919

Израильдің армиясы Палестинаның ең ірі қаласы саналатын Газаны әуеден тоқтаусыз соққылап, тып-типыл етіп, бейбіт тұрғындарымен бірге көмуде.

Израильдің қаһарын туғызған қанды оқиғаның егжей-тегжейі белгілі болды Фото: rtvi.com

Хамастың шапқыншылығы Реимдегі алапат қан-қасап қырғыннан басталғаны мәлім. Оқиға орнында жұмыс істеген BBC сарапшылары оқиғаның картинасын қалпына келтірді.

edition.cnn.com

6-7 қазан күндері Газа секторымен арадағы шекарадан 3 шақырым жерде Supernova электронды музыка фестивалі өтіп жатты. Ашық аспан астындағы думанға елдің әр түкпірінен және әлемнен 4 мыңға дейін жастар өкілі жиналған. Ұйымдастырушылар оларға "махаббат пен бірлікке саяхатты" уәде етті. Оның орнына қатысушылар қанға бөкті. Себебі, лаңкестер мұны "жынойнақ" деп таныған.

Дәл қырғын қарсаңында әлеуметтік желілерде таратылған фестивальдің соңғы бейбіт видеоларында бақыт қанатында қалықтаған, шаттық айдынында шалқыған, өмірден ләззат алған жастардың құлақтан кіріп бойды алар музыканың ырғағына қосылып, билегені бейнеленген.  

7 қазан күні, таңғы сағат 7:22-ден бастап жүктелген видеоларға аспандағы шағын, бірақ жыланша созылған қап-қара бұлттар түсіріледі. Бұл Газадан атқыланған алғашқы зымырандарды қағып түсіріп жатқан израилдік әуе шабуылынан қорғаныс жүйелерінің зымырандары қалдырған іздер болатын.

Содан соң сұмдық басталды. Көліктерге мінген лаңкестер қарусыз, бейбіт адамдарға бірден бес жақтан қоршай тап беріп, қынадай қыра бастады. Фестивальде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге тартылған құқық қорғау органдарының қызметкерлері, күзетшілер оларға тойтарыс беріп, тоқтата алмаған.

Сасқан, үрейі ұшқан жастар жапатармағай жол бойында тізбектеле қалдырған жеке көліктеріне жүгіреді. Бірақ терроршылдар мұны да ескеріпті. Содан асығыста кейбір автомобильдер басқасына соғылып, аударылып қалған. Тез кептеліс пайда болған. Көліктілер алысқа ұзай алмады.

Көрермендердің бір тобы өздерін жеткізген автобустарға жандәрмен тоғытылып, қашпақ болады. Оларды да лаңкестер аяусыз атқылап, жусатып салған.

Құтқарылғандардың басымы айдалаға тентірей қашқандар көрінеді.

BBC Verify қызметінің зерттеуші журналистері өз баянжазбасында ауыр, аза бойды қаза қылатын, жан түршігерлік жайттардың жай-жапсарын суреттеді. Елгезек, аяушылығы зор, жүйкесі нашар адамдар ол материалды оқымағаны жөн.

Қашқандардың бір бөлігі шекарада зымырандық шабуылдан қорғану үшін жасақталған бункерлерге тығылады. Террористер ол туралы білсе керек, тауып алып, ішіне гранаталар лақтырған. Кейіндері оқиға орнына жеткен бірқатар телеарна бункерлер, паналар ішіндегі парша-паршасы шыққан мәйіттерді түсіруге дауаламай, қалпымен қанға боялған қабырғаларды көрсетумен тынды. 

ВВС хабарлауынша, сол күні таңғы алтыда фестивальдің қатысушыларының телефондарына зымырандық дабыл туралы хабарламалар түсе бастады. Алайда әдетте палестиналық содырлар елдің ірі қалаларын бомбалауға тырысатын. Далаға зымырандарын шығындамайтын көрінеді.

Содан болса керек, таңғы видеолардың бірінде дәл үстінде, туу биікте зымырандық атыстың нышандарын байқаса да, жастардың музыкаға елтіп, билеуін жалғастырғаны бейнеленген.

Тағы бір видеода ұйымдастырушылар асықпай, жабдықтарын ажыратып, музыканы доғарып жатқаны көрсетілген. Көрермендер ақырындап думан орнын тастап кете бастайды. Жас ұрпақтың кейбір өкілі дабылды шын қабылдап, үрейлене бастаса, басқалары бейғам кейіппен шығуға бет алған.

Арада бірнеше минут өткенде фестиваль қатысушыларын Хамас лаңкестері шабуылдады.

yahoo.com

Аман қалған көрерменнің бірі Адам Барель жиналғандардың бәрі зымырандық атыс қаупі болғанын білгенін айтады. Дегенмен, әлгіндей шабуылды ешкім күтпеген, содан естен тана жаздап, сасқалақтап, дүрбелеңге бой алдырған. Тіпті күш біріктіргеннің өзінде жанкешті содырларға құр қол қарсы тұра алмайтын еді.

Белгілі болғанындай, алғашқы террористер Израиль-Палестина арасындағы биік шекаралық дуалдан парапландармен ұшып өткен. Негізгі топтары дуалдарды қиратып, джиптармен, фургондармен жеткен.    

Фестивальдің тағы бір көрермені Гили Йоскович содырлардың бәрі автоматпен қаруланғанын және жан-жақтан анталай тап бергенін әңгімеледі. Соның кесірінен, думан алаңы қоршауда қалған, одан шығаратын жолдардың бәрі бұғатталған. Жұртшылық әр бағытқа тым-тырақай қашады. Қарша бораған оқтың арасынан сытылып шыға алғандары ентігіп құлап, таяу жердегі тоғайларда, бақшаларда тығылған.

Израильдің әскерінде борышын өтеп оралған, оқиға орнынан жолдастарымен қашып шыға алған Гилад есімді жігіттің айтуынша, автожолдарда көптеген адам өлген. Бұлар далада бой тасалайды. Өздерін әр жақтан снайперлер дәлдеп атқанын, гранатометтермен атқылағанын еске түсірді.

Reuters агенттігіне сұхбат берген Эстер Борохова қозғала берген оның машинасын тұрақтан шығуға ұмтылған басқа көлік соққанын жеткізді. Оны басқа автокөліктің жүргізушісі өз қасына отырғызып алыпты. Бірақ тұрақтан алысқа ұзай алмаған. Содырлар алдын бөгеп, атып тастады.

scmp.com

Фестивальдің көптеген көрермені құтылған соң бұталар арасында, жеміс бақтарында сағаттап тығылғанын, әскерилер келіп, құтқарады деп үміттенгенін айтады. ЦАХАЛ тез жете алмады. Салдарынан, лаңкестер аумақты асықпай аралап, тапқандарын тап сол жерде өлтіріп отырған.

Машиналардың бірінің қосылып қалған видеорегистраторы түсірген кадрларда таңғы 09:23-да адамдарды азаптап өлтіріп жатқан үш содыр бейнеленген. Олардың жанында ер адамның қимылсыз денесі жатыр. Автомат тағынған лаңкестердің бірі үсті-басын қан жуған ер адамға тізерлеп отыруды бұйырады. Содан соң оны жағасынан сүйреп, әлдебір жаққа алып кетті.

Осы кезде қозғалыссыз жатқан ер адамның өтірік өлген сияқты болып жата қалғаны анықталды. Ол әлгі лаңкестің қаншалықты алыс кеткенін білмек болып, басын көтеріп, айналаға қарайды. Мұны байқап қалған екінші содыр жетіп барып, оның басына қаруын қадап, шүріппені басады.

Дәл сол видеорегистратор мәйіттердің қалтасын қағып, қарсы машинаның багажын ашып, чемодандарды ақтарған палестиналық мародерларды да түсірген. Бұл видеоны қараған эксперттер жүрегін шайлықтырған тағы бір оқиғаға куә болды. Тонаушы лаңкестер қопару кезінде көліктің ішінде жасырынған екі тірі адамды – ерді және әйелді тауып алды. Олардың тағдыры белгісіз: шыңғыртқан бойы белгісіз бағытқа сүйреп әкеткен.

Оқиға орнынан табылған видеоларды қараған сарапшылар оған қатысқан содырлардың бет-жүздерін бөліп алуға тырысты. Оның бірінің кім екенін арнайы бағдарламалар арқылы анықтапты: ВВС жазуынша, оның бет-жүзі Газа секторындағы Нусейрат муниципалететіндегі полицейдің түріне ұқсайтын көрінеді.

Сарапшылардың байламынша, Израильге шапқыншылыққа 2 мыңға да жетпейтін содыр қатысқан. Соған бола, енді Израильдің армиясы 2 миллиондай адам тұратын Газа секторын жермен-жексен етіп қиратып, оны жер бетінен сүріп тастауға кірісті. Израильдік әскери сарапшылар Газаны 100 әскери ұшақ бомбалап жатқанын мәлім етті. Дрондар түсірген видеоларда қаладағы тұрғын үйлердің шөгіп барып, жапырыла құлап жатқаны, Газаның үйіндіге айналғаны байқалады.

Бұл халықаралық қауымдастықты шын шошынтты. Тіпті кейбір сарапшылар бұдан "этноцид" нышандарын байқапты. Себебі, Израильдің жасап жатқаны терроризммен күреске емес, кек алуға ұқсайды.

Израильдің бейбіт қаланы соққылауына қарсы шерулер бұған тыйым салған Франциядан басқа, Еуропаның көптеген елінде, Американың Нью-Йорк және басқа қалаларында, Түркияда, араб елдерінде өтіп жатыр.

Кеше, жұманың кешінде халқына үндеу жасаған Израильдің Премьер-министрі Биньямин Нетаньяху бұл соғыстың ұзайтынын ашық ескертті.

"Біздің Газада жасап жатқанымыз – тек басы ғана. Біз Хамастың жойғанша және жеңіске жеткенше, ары қарай да солай қимылдайтын боламыз. Бұл біраз уақыт алады. Бірақ біз осылай соғысқа нүкте қоямыз деп сеніммен айта аламыз", – деді Биньямин Нетаньяху.

invoicemedia.ru

Израиль Газа секторын адам тұрмас елес мекенге, бос кеңістікке айналдырса да, лаңкестерге тоқтау қоя алмауы мүмкін. Себебі, террористер тіпті Израильдің территориясының астына дейін терең тоннелдер салып алған. Оның үстіне Израильдің территориясын енді Хезболла атқылауға кірісті. Ол Хамасқа қарағанда әлдеқайда қуатты зымырандармен қаруланған. Сондықтан Израиль Тель-Авивтегі метро да бомбапанаға айналдырылғанын жариялады.

Мұның арты не болатыны белгісіз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу