Италияда өтіп жатқан Қысқы Олимпиада ойындарында ерлер арасындағы 50 шақырымдық классикалық стильдегі масс-старт бәсекесінде жүлдегерлер анықталды.
Жарыста норвегиялық шаңғышы Йоханнес Клебо топ жарып, алтын медаль жеңіп алды. Ол қашықтықты 2 сағат 7 минут 07,1 секундта еңсерді. Осылайша Клебо бір Қысқы Олимпиада аясында алты бірдей алтын медаль иеленген тарихтағы алғашқы спортшы атанды. Сонымен қатар, ол жалпы есепте он бір дүркін Олимпиада чемпионы болды.
Күміс жүлдені Мартин Нюэнгет (Норвегия) еншілесе, қола медаль Эмиль Иверсенге (Норвегия) бұйырды. Жалпы, шаңғы жарысында ұзақ жылдар бойы Солтүстік Еуропа, әсіресе Скандинавия түбегінің спортшылары фаворит саналып келеді.
Аталған жарыста Қазақстан ұлттық құрамасының өкілдері де бақ сынады. Әмірғали Мұратбеков пен Наиль Башмаков 50 шақырымдық масс-стартта ел намысын қорғады. Олимпиадаға алғаш рет қатысып отырған Әмірғали Мұратбеков мәреге 46-орынмен жетті. Ал Наиль Башмаков жарысты толық аяқтай алмады.
Айта кетейік, Италиядағы Қысқы Олимпиада ойындары 22 ақпанда өз мәресіне жетеді.